18.02.2026
16:37
945
Apple өзінің алғашқы ақылды көзілдірігін шығарады

Apple өзінің алғашқы ақылды көзілдірігін шығарады

Apple алғашқы ақылды көзілдірігін әзірлеу барысында дауыс арқылы басқару, компьютерлік көру және жасанды интеллект функцияларына ерекше мән беріп отыр.

Бұл өнім туралы қауесет бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алайда соңғы ақпаратқа сүйенсек, жоба жуық арада көпшілік назарына ұсынылады.

Vision Pro-дан өзгеше формат

Дереккөздер мәліметінше, жаңа құрылғы N50 код атауымен әзірленуде. Ол Apple-дің Vision Pro гарнитурасына қарағанда күнделікті қолдануға әлдеқайда ыңғайлы әрі қолжетімді балама болмақ.

Компания бұл жолы экраннан бас тартып, көзілдірікті жасанды интеллект пен дауыс арқылы басқаруға бейімдеуді көздеп отыр. Құрылғының қаңқасына камералар, микрофондар мен динамиктер орнатылады. Пайдаланушылар қоңырау шала алады, Siri арқылы сөйлеседі және суретке түсіру мүмкіндігіне ие болады.

Нақтырақ айтқанда, көзілдірік екі камера жүйесімен жабдықталады. Оның бірі жоғары ажыратымдылықтағы фотосуреттерге арналған болса, екіншісі қоршаған ортаны «түсінуге» қызмет етеді. Бұл жүйе құрылғыға кеңістікті дәл қабылдап, нысандар арасындағы қашықтықты анықтауға көмектеседі. Алғашқы прототиптер iPhone мен сыртқы аккумуляторға кабель арқылы қосылғанымен, кейінгі нұсқаларда негізгі компоненттер тікелей көзілдірік қаңқасына біріктірілген.

Тәулік бойы жұмыс істейтін ЖИ-көмекші

Apple жаңа гаджетті басына экран тағылатын құрылғы емес, толыққанды ЖИ-компаньон ретінде таныстырмақ. Мақсат – пайдаланушы не көріп, не істеп жатқанын нақты уақыт режимінде түсінетін ақылды көмекші жасау.

Мәселен, қолданушы қандай да бір затқа қарап, «Бұл не?» деп сұрай алады немесе көз алдындағы тағамның атауын біліп, оның дайындалу тәсілін сұрауы мүмкін. Сонымен қатар көзілдірік мәтінді танып, оны цифрлық форматқа айналдыруға, контекстке сай ескертпелер жасауға және нақты бағдарлар арқылы жол сілтеуге қабілетті болады.

Bloomberg дерегінше, Apple жасанды интеллект саласында жіберіп алған олқылықтардың орнын толтырып, пайдаланушыларды өз экожүйесінде ұстап қалуға тырысып отыр. Болашақта ЖИ тұтынушылардың смартфонды пайдалану тәсілін түбегейлі өзгертіп, көптеген функциялар перифериялық құрылғыларға ауысады деп күтілуде.

Осы жаңалықтар аясында Apple акциялары бір сәтке 2,7 пайызға өсіп, күн ішіндегі ең жоғары көрсеткіш 262,74 долларға дейін жетті.

Шығу мерзімі және Google-мен серіктестік

Жоспарға сай болса, Apple-дің алғашқы ақылды көзілдірігінің сериялық өндірісі 2026 жылдың желтоқсанында басталып, сатылымы 2027 жылы жолға қойылады.

Бұған дейін Apple Google компаниясымен көпжылдық серіктестік туралы келісімге келгенін жариялаған болатын. Оның аясында Gemini жасанды интеллект моделі Siri-дің жаңартылған нұсқасын әзірлеу үшін қолданылады. Бұл жоба ішкі атаумен Campos деп аталып, жыл соңына қарай іске қосылмақ. Bloomberg мәліметінше, Apple Gemini-ді пайдаланғаны үшін Google-ге жыл сайын шамамен 1 млрд доллар төлеп отыруға міндеттелген.

Ал Financial Times бұл келісімді «сақ әрі абай қадам» деп бағалады. Басылым Apple-дің жасанды интеллект модельдерін жасау жолындағы қымбат бәсекеден әзірге бойын аулақ салып отырғанын жазады. Мәселен, компанияның 2025 қаржы жылындағы негізгі құралдар мен жабдықтарға жұмсаған шығыны 12,7 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш Google-мен салыстырғанда шамамен жеті есе аз.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай үнемдеу саясаты Apple-дің бәсекелестерден қалып қою қаупін арттырады. Сарапшылардың сөзінше, компания ЖИ-жобаларды енгізу жағынан кешігіп жатыр.