Apple компаниясы кең аудиторияға арналған қолжетімді ноутбук шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Ішкі коды J700 деп аталған жаңа құрылғы күнделікті қолданушыларға арналған: интернетті шолу, кеңсе құжаттарымен жұмыс істеу, жеңіл бейне және сурет өңдеу сияқты негізгі міндеттерге лайықталып жасалуда.
Инсайдерлердің мәліметінше, құрылғы қазіргі таңда белсенді сынақтан өтіп, шетелдік жеткізушілердің өндіріс желісіне енгізілген. Apple компаниясы қолжетімді MacBook үлгісін 2026 жылдың бірінші жартысында шығаруды көздеп отыр.
Өндіріс шығынын азайтып, бағаны барынша төмен ұстау үшін компания бұрын MacBook модельдерінде қолданылмаған бірнеше инженерлік шешім енгізбек. Bloomberg талдаушысы Марк Гурманның айтуынша, құрылғы арзанырақ компоненттермен жабдықталады, соның ішінде сапасы төмендеу LCD-дисплей орнатылады. Экран көлемі қазіргі 13,6 дюймдік MacBook Air-ден сәл кіші болмақ.
Ең басты ерекшелігі, бұл ноутбукта Mac компьютерлеріне арналған М сериялы процессордың орнына бастапқыда iPhone үшін жасалған A18 Pro тәрізді мобильді чип қолданылмақ. Бұл MacBook тарихындағы алғашқы жағдай, яғни ноутбук мобильді процессормен жұмыс істейтін болады.
Компания ішкі сынақтар барысында смартфондарға арналған процессордың өнімділігі бірнеше жыл бұрынғы MacBook M1-ге қарағанда жоғары нәтиже көрсеткенін мәлімдеді. Бұған дейін Apple iPad құрылғыларында да iPhone чиптерін пайдаланған, бірақ кейін жоғары деңгейлі құрылғыларға арналған M сериясына көшкен болатын.
Жаңа MacBook-тың бағасы мың доллардан төмен, шамамен 600 доллар шамасында болмақ. Бұл баға оны iPad Magic Keyboard Folio-мен және арзан Chromebook ноутбуктарымен тікелей бәсекеге түсіреді.
Apple бұған дейін тек премиум сегментке басымдық беріп келген. Сондықтан J700 моделі компанияның қолжетімді нарыққа алғаш рет енуін білдіреді.