08.05.2025
11:20
1634
АӨСШК Хатшылығы қызметкерлерінің мәртебесі халықаралық деңгейге көтеріледі

АӨСШК Хатшылығы қызметкерлерінің мәртебесі халықаралық деңгейге көтеріледі

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған заң Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау туралы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және 2022 жылғы қазанда Астанада өткен Азия кеңесінің 6-саммитінің шешімі негізінде әзірленген.

Сенатор Дархан Қыдырәлінің сөзінше, Хаттамаға енгізілген өзгерістер Біріккен Ұлттар Ұйымының және өзге де халықаралық ұйымдардың ережелері мен тәжірибесіне сәйкес, мүше мемлекеттерден Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін немесе келісімшарт негізінде қызмет атқаратын персонал мүшелерінің мәртебесін нығайтуды көздейді.

Азия кеңесі сияқты үкіметаралық немесе мемлекетаралық ұйымға мүше әрбір мемлекет, әсіресе қабылдаушы тарап, қызметкерлердің функциялары мен тәуелсіздігінің халықаралық сипатын тануды, құрметтеуді және сақтауды іргелі қағида ретінде қабылдауы тиіс екені белгілі. Бұл қағида қызметкердің азаматтығына қарамастан өз қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылдаушы елдің юрисдикциясынан иммунитетке ие болуын, мемлекеттің жеке табыс салығынан босатылуын және басқа да бірқатар артықшылықпен қамтамасыз етілуін көздейді, - дейді Дархан Қыдырәлі.

Комитет төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, Хатшылыққа өз қызметін жүзеге асыру үшін қорлар мен басқа да қаржы тетіктерін құру, Хатшылық персоналының мүшелері үшін зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандырудың жеке жүйелерін құру құқығы беріледі. 

Заң Хатшылық қызметкерлерінің еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді, АӨСШК-нің толыққанды халықаралық ұйымға айналуына оң әсер етеді және Хатшылық қызметінің әлеуетін күшейтеді, - деді Андрей Лукин.

Жалпы, Хатшылықтың Қазақстан аумағында болуы шарттары туралы Келісімге 32 өзгеріс енгізу қарастырылған. Олардың 13-і – Хатшылық персоналына «халықаралық азаматтық қызметші» функцияларын беру,  қалған 19-ы – редакциялық түзетулер.