Антына адал ару. Аға сержант Жанар Ұзақбаева көптің алғысына бөленіп жүр

6 Наурыз, 19:00 885

Өмірін ел қорғауға арнап, ерлермен бірдей қызмет атқаратын нәзік жандылар Қарулы күштер сапында аз емес. Солардың бірі – Ақтаудағы 25744 әскери бөлімі артиллериялық дивизионының фельдшері аға сержант Жанар Ұзақбаева.

Ол 1984 жылы 15 сәуірде Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келген. 2001 жылы сондағы № 26 орта мектепті бітіріп, қаладағы медициналық колледжге оқуға түседі. Оқуды бітірген соң № 1 көпбейінді балалар ауруханасына медбике болып жұмысқа орналасады.

Жанар 2010 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Ақтауға қаласына табан тіреді.

Бала күнінен әскери адам болуды армандаған Жанар Құрманғалиқызы 2015 жылы 25744 әскери бөліміне келісімшарт бойынша қызметке орналасады. Алғашқы екі жыл танк батальонында санитарлық нұсқаушы болып қызмет етті. Тәжірибе мен тәлімді тең дамытқан талдырмаш қыздың ертеңіне алғашында күдікпен қарағандар да болды. Алайда ізденісі мол жас көп ұзамай әріптестерінің назарына ілігеді. Жанар өзіне біраз ауыртпалық әкелетініне қарамай, таңдаған мамандығына адалдық танытып, қажырлы қызмет атқара білді.

«Жас келсе – іске» деген емес пе, еңбекқорлығының арқасында Жанар екі жылдан соң әскери бөлімнің артиллериялық дивизионына фельдшер болып тағайындалады. Жаңалыққа жаны құмар жас бұл лауазымда қызмет ете жүріп, бойындағы нақтылық, дәлдік, жеделдікті жетілдіре түседі. Соның арқасында жыл сайын үздік санитарлық нұсқаушы, үздік фельдшер атанған жайы бар.

Жанар оқушы кезінен спорт үйірмелеріне қатысып, әлі күнге дейін түрлі жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Бүгінде атыс және дене дайындықтарында Жанардың есімі үздіктер қатарында аталуы дәстүрге айналған десе де болады. Ол – «Батыс» өңірлік қолбасшылығынң үздік спортшысы. «Шебер» сыныптық біліктілігі де Жанар Құрманғалиқызына бекерден бекер беріле салмағаны белгілі. Осы жерде кейіпкеріміздің «Әлем жауынгері – 2017» халықаралық оқу-жаттығуына қатысып, екінші орынды иеленгенін атап өту керек. Онда Жанар түрлі кедергілерді еңсеру, жараланған әскери қызметшілерге алғашқы медицианалық жәрдем көрсету және оларды эвакуациялау секілді маңызды тапсырмаларды сауатты орындай білді.

Бұдан өзге 2021 жылы өткен «Отпантау» жедел стратегиялық командалық штабтық оқу-жаттығуында да үздіктер қатарынан көрініп, естелік белгімен марапатталғанын бөліп айтуға болады.

Елімізде коронавирус індеті басталғанда дәрігерлер мен медбикелер аянбай еңбек еткені белгілі. Қауіпті дертпен күрестегі күрделі қызметтің ауыртпалығы төл әскеріміздің медицина мамандарына да оңайға түскен жоқ.

Осынау қиын-қыстау сәтте Жанар да өз қаруластары мен әскердің негізгі құрамы – жауынгерлерді аталған вирустан қорғауға жанталаса қызмет ете білді. Мың жерден бұл оның берген сертіне сәйкес міндеті десек те, ақ халаттылардың вируты жұқтыру қаупі жоғары еді. Әрі бұл нағыз жанкештілік болатын. Жанардың бұл еңбегі жоғары тұрған басшылық тарапынан ескерілмей қалған жоқ. 2021 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

Жанар әскери бөлімдегі қоғамдық-мәдени жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Ол – әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметінің белсенді мүшесі. Балалармен жұмыс секторын басқарады. Әскери қызметшілердің балаларын спорт, шахмат үйірмелеріне тартып, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына септігін тигізіп жүр. Балалар да демалыс уақытында көбіне әскери бөлімнің кітапханасынан табылып, қаладағы музей, театрларға барып тұруды әдетке айналдырған. Әскери қызметшілердің балаларымен ата-анадан тысқары жұмыс жүргізіп, керек кезінде психологтың да рөлін атқаратыны бар. Жанардың бұл жұмысын Отбасымен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Ақмарал Нұржанова үнемі жоғары бағалап, қолдау көрсетіп отырады.

Инженер құрылысшы отбасында тәрбие алған Жанар бес ағайынды. Анасы Тұрсын Жұмағазықызы – бала оқытқан ұстаз. Математика пәнінің мұғалімі. Бірнеше жыл мектеп директоры болып қызмет істеген. Бауырларының үшеуі ағылшын тілінің маманы. Інісі – архитектор.

Бүгінде Жанардың өзі де бала тәрбиелеп отырған ана. Қызы Айым 13 жаста. Ақтау қаласындағы № 1 мектептің 8 сыныбында оқиды. «Қарақат» өнер мектебінде дәстүрлі әннен дәріс алып жүр. Спорт үйірмесінде үстел теннисіне қатысады.

Антқа адалдық – ардың ісі деп білетін аяулы ана, көптің алғысына бөленген білікті фельдшер Жанарға қызметінде сәттілік тілейміз.

Зарина Арман
Бөлісу: