Ғалымдар Антарктиканың мұзды суларынан алғаш рет акуланы тапты. Бұған дейін мұнда акулалар жоқ деп есептеліп келген. Алайда су түбіне орнатылған камералар шамамен 500 метр тереңдікте баяу қимылдайтын ірі жыртқышты түсіріп алған.
Күтпеген кадр
Оңтүстік Шетланд аралдары маңында жүргізілген тереңсулы экспедиция барысында зерттеушілер Оңтүстік мұхиттың биоалуандығын зерттеу үшін теңіз түбіне камералар мен арнайы жем орнатқан. Құрал-жабдықтар жүздеген сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, тереңдегі тіршілікті бақылаған.
Жазбаларды талдау барысында ғалымдар мұздай, қараңғы суда ұзындығы шамамен 3-4 метр болатын ірі акуланың баяу жүзіп өткенін байқаған.
Құпия жыртқыш
Сыртқы келбеті мен қозғалысына қарап, зерттеушілер бұл акуланың сомниоздар тұқымдасына (Somniosidae), яғни полярлық акулаларға жататынын анықтаған. Бұл балықтар баяу тіршілік ету салтымен, ұзақ өмір сүруімен және салқын, терең суларда мекендейтінімен ерекшеленеді
Камераға түскен жыртқыштың антарктикалық полярлық акула (Somniosus antarcticus) болуы ықтимал. Дегенмен бұл топтың жіктелуі әлі де толық нақтыланбаған. Себебі мұндай акулалар жайлы соңғы ауқымды зерттеулер бір ғасырдан астам уақыт бұрын жүргізілген, сондықтан генетикалық деректер өте аз.
Неліктен бұл маңызды?
Бұған дейін Оңтүстік мұхитта акулалар тек балық аулау торларынан табылған. Ал сомниоздар тұқымдасының өкілдері Антарктика аймағында табиғи ортада алғаш рет бейнекамераға түсіп отыр.
Тағы бір ескеретін жайт, антарктикалық балықтардың басым бөлігінде суыққа бейімделген ерекше қасиет бар, соның ішінде қан құрамында «антифриз» механизмі кездеседі. Ал анықталған акула шамамен 490 метр тереңдікте, су температурасы 1-2 °C болатын қабатта жүрген.
Зерттеушілер пікірінше, бұл жыртқыш кездейсоқ келген қонақ емесМұндай акулалар Антарктика суларында бұрыннан мекендейтін болуы мүмкін, тек бұған дейін назардан тыс қалып келген. Себебі Оңтүстік мұхит өте аз зерттелген: мұнда тереңсулы экспедициялар жүргізу қолайсыз. Оның үстіне қажетті тереңдіктегі камералар санаулы нүктелерде ғана орнатылған.
Сонымен қатар сомниоздар популяциясы өте төмен, ал олардың таралу аймағы кең болуы мүмкін. Өйткені 400 сағатқа созылған суасты түсірілімінде ғалымдар бар болғаны біреуін ғана көрген.
Климат өзгерісі әсер ете ме?
Ал кейбір мамандар климаттың жылынуы мен мұхит температурасының біртіндеп көтерілуі теңіз жануарларының таралу аймағына ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Дегенмен Антарктика маңындағы ірі жыртқыштардың қозғалысына қатысты нақты деректер әзірге жеткіліксіз.
Қалай болғанда да, бұл жаңалық Оңтүстік мұхиттың әлі талай құпиясы бар екенін көрсетеді. Антарктиканың мұз астындағы әлемі ғылым үшін әлі толық ашылған жоқ.