Air Astana компаниясы екі күн бойы Анталия әуежайының транзиттік аймағында қалып қойған балаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
21 желтоқсанда жеткіншек Алматы – Анталья бағытындағы КС 915 рейсімен футболдан оқу-жаттығу жиындарына барған. Түркияға келгенде оның шетелдік паспорты жоқтығы анықталған. Сондықтан ол Түркияның шекара бақылауынан өте алмай, депортацияға арналған арнайы бөлмеге орналастырылған.
Анталия әуежайындағы төлқұжат бақылауында бір топ балалармен жүрген баланың төлқұжатының жоқ болғаны анықталған. Рейске ресімдеу кезінде құжат жолаушыда болды, бұл бейнежазбамен расталады. Әуекомпания қызметкерлері төлқұжатты өз бетімен іздеді, өкінішке қарай, құжат табылмады. Әуе компаниясы ҚР консулдығын болған оқиға туралы жедел хабардар етті, - делінген компания мәліметінде.
Сонымен қатар олар баланы ұстау шарттарын Түркияның көші-қон қызметі белгілейтінін алға тартты.
Өз тарапынан әуекомпания баланы үш реттік тамақпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етті және жағдайды тез арада шешу үшін ҚР консулдығымен және Түркияның көші-қон қызметімен тұрақты байланыста болды.
Бұл жағдайда әуе компаниясы көші-қон қызметінің ұйғарымын орындауға міндетті және ол орындалды: бала Қазақстанға жақын арада тікелей рейспен қайтарылды. Бұл үшін ережеге сәйкес оның кері билеті пайдаланылды. 25 желтоқсанда, екі күннен кейін, бала жаңа билет бойынша алып жүрушісі жоқ жолаушы ретінде Түркияға қайтадан ұшып кетті, - деп қосты Air Astana.