Әнші Наркенже Серікбаева үйлі болуына Тұрсынбаева мен Дикий Арман көмектескенін айтты

4 Қыркүйек 2023, 16:00 23832

Танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева өмірінің жақсаруына Айнұр Тұрсынбаева мен күйеуіне және Дикий Арман себеп болғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Наркенже Серікбаеваға облыс әкімі бір бөлмелі пәтер берген, алайда ол тарлық еткен.

Түркияға бірінші кезде Айнұр әпкемнің шақыртуымен бардым ғой. Қазір тығыз араласқаныма қуаныштымын. Әпке мен сіңілі болып араласамыз. Әлі де шақырса бара беремін. Ол кісіні де (Арман Жұмагелдиев) жаман дей алмаймын. Біреулер "ол қашқын" дейді. Өзіме жаманшылығы тимеген. Филармонияда қанша жыл жұмыс істеп, Түркістан облысы облыс болып жатқанда, Түймебаев мырза әкім еді. Сол кісі еңбегімді бағалап, бір бөлмелі үй берді. Қызыммен, жолдасыммен бірге тұрдық, - дейді ол.

Әншінің айтуынша, кейін Айнұр Тұрсынбаева Түркияға шақырған.

Айекеңнің туған күні ме еді, жолдасының туған күні ме еді, бардық. YouTube-та көрініп тұрған нәрсе ғой, ән айтасың, болғаннан кейін ақша қыстырады. Долларлар қыстырады. Біз олардан сұрамаймыз, еңбекті бағалап беріп жатыр. 3000 доллардай түсіпті сол кезде. Роза әпкеміз бар, сол кісіге бердік, бөлістік қой. Сол ақша құралды. Жер тамға көшуіме Айнұр әпкемнің шақыртуы себеп болды. Қандай адам жақсылық жасаса да титімдей жақсылығын дәу қылып айту - адами қасиетім. Сол жақтан алып келген ақша үлкен ақша болып, берекелі болды. Менің үй алуыма Айнұр әпкем мен Арман, Айнұр әпкенің жолдасы себеп болған. Көзім көріп тұр ғой, ол кісілердің жақсылығын ұмытпаймын. Елдің біразы "Арманның алдында өлең айтатын әнші емес пе?" дейді. Айта берсін, өздері бара алмайды ғой. Өздерін неге шақырмайды? Менің сондай өмірім жақсаруына себеп болған адамдарды қалай жек көруім керек? - дейді әнші. 

Айта кетейік, қазір Арман Жұмагелдиев қамауда отыр. Сондай-ақ «Дикий Арман», яғни Арман Жұмагелдиевтің қасында жүретін Нұржан «Нойс» Иманалиевтің қылмыстық тобы ұсталғанын бұған дейін хабарлағанбыз.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: