Әнші Досымжан Таңатаров Жастар театрының директоры қызметінен кетті

14 Қараша 2023, 12:37 918

Әнші Досымжан Таңатаров театрдағы жұмыстарға байланысты шығармашылығына көңіл бөлінбей қалғанын айтып, қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әнші 2021 жылдан бастап Жастар театры директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарды. 2023 жылы театр директоры болған еді.

Жақын күндері шешілген дүние. Жастар театрында, театр саласында 2 жарым жыл жүріппін. Әділ Ахметовтің кезінде екі жыл орынбасар болдым. Содан кейін Әдекеңнің көптеген дүниеден қолы қағылып жатты. Өзім көріп жаттым, қиналып жүрді. Нұрғанат ағайымыз өзі театрды құрды. Екі жыл бойы мені сынап, театрдың ішінде қараған да шығар. "Әділ сұранып жатыр, соның орнына директорлыққа тапсырайық" деген ұсыныс білдірді. Сөйтіп, сенім артып отырғанда, "жақсы" деп қуана кеттік. Азды-көпті жұмыс істедік, - деді әнші

Басшылық қызметінен кету себебін де айтып берді.

Қарасам, өзімнің шығармашылығым ақсап бара жатыр. Көріп тұрмын. Көп жерге тура солай бүкіл жауапкершілік өзіңде болғаннан кейін бара алмай қалады екенсің. Сондықтан шығармашылықпен қызметтік дүниені бірдей алып жүре алмағаннан кейін келіскен түрде алдарынан өттім. Оның үстіне менің орнымда директор орнын атқарып отырған Азамат Есқұлов бауырымыз келді. Орынбасар болып келіп, біраз жұмыс істеп көргеннен кейін алып кететін секілді болды. Шығармашылыққа қарай бет бұрайын дедік, - дейді ол. 

Айта кетейік, Досымжан Таңатаров 1975 жылы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген.

«Мәдениет қайраткері», «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері».

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: