Аңызға толы Айша бибі

2 Мамыр 2017, 09:00 23558

Қарахан салған кесене

Айша бибі туралы ауыздан ауызға жеткен аңыздар болмаса, ешқандай тарихи деректер жоқ. Аңыздардың өзі де бір-біріне ұқсамайды.

Есте жоқ ескі ғасырда елі мен жерін жаудан қорғаған Қарахан есімді хас батыр өмір сүріпті. Ол өзінің дұшпанының Айша есімді сұлу қызына қатты ғашық болып, әкесінің алдынан өтеді. Бұл сезімге көрікті арудың әкесі үзілді-кесілді қарсы шыққан екен. Бірақ, бұл қарсылық көңіл қосқан қос ғашыққа кедергі болмайды. Олар бақытты ғұмыр іздеп, елден қашып шығады. Мұны білген Айшаның әкесі өлтіруге бұйырып, артынан бір топ әскер жібереді.



Ұзақ жол жүріп, шаршап шалдыққан ару Асу өзенінің бойында аяңдай тұруды өтінеді. Ал осы сәтте таяп қалған сарбаздар суға шомылуға кеткен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген қос ғашық бұл қитұрқы әрекетті байқамай қалады. Осылай сәукелесін кимек болған Айшаны жылан шағып, ажалдың аузында жатады. Сүйгенінің өлім мен өмір арасында жатқанына қатты қайғырған Қарахан жақын жердегі молдаға барып, некесін қидырып үлгереді. Санаулы минут қана некелі болған Айша осылай өмірмен қош айтысады. Ал Қарахан жары дүние салған жерге кесене салдыруды жөн санайды.

***

Тағы бір аңызда Айша бибіні Зеңгі бабаның қызы дейді. Жаугершілік заманда Айша Түркістанда батырлығымен аты тараған Қараханға қатты ғашық болады. Екі жас некелесуге уәделеседі. Бірақ, жан-жақтан ентелеген жаумен арпалысқан батыр келісілген күні сүйіктісіне келе алмай қалады екен. Күте-күте шаршаған ару жігітінің мекені Тараз қаласына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Қалаға таяй бере, суға шомылып, дем баспақ болған сұлуды жылан шағып алады.

Денесіне у тарап, хал үстінде жатқан Айша бибі Қараханға хабар бергізеді. Ал Қарахан жеткенде, қыздың жағдайы тым ауыр еді. Молда әкелдіріп, некелерін қидырғанда Қарахан сүйіктісінің құлағына, « Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Осыдан соң жас ару бақилық болып кете барады. Десек те, тарихта Қарахан мен Айша бибінің некелескені туралы бірде бір дерек жоқ. Қайғыдан құса болған Қарахан Айшаның басына күмбез орнатады.

***

Айша бибі шамамен ХІ-ХІІ ғасырда өмір сүрген. Әкесінің есімі – Айқожа болды делінеді. Айшаның еліне келген Қараханмен жолығып, бұлардың арасында махаббат оты тұтанады. Жау жан-жақтан анталаған заманда елін қорғауға кеткен Қарахан келемін деген уақытта келе алмай қалады. Күтуден талып, құрбыларын ертіп, Қарахан еліне аттанбаққа шыққан Айшаға әкесі батасын бермей қояды. Онда да алған бетінен қайтпаған бибі сапарға аттанып кетеді. Ел шетіне таянғанда суға түсіп, шаршауын баспақ болған қыздың сәукелесіне жылан кріп, ақыры сұлуды ажал құштырады. Қарахан сүйіктісімен «бұл дүниеде бірге болмасақ та, о дүниеде бір болайық» деген оймен некелерін қидырады. Ол өл-өлгенше сүйгеніне адал болып өтеді. Айша бибі моласының басына үлкен күмбез салдырған екен делінеді.
 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: