Аңыз адам

25 Сәуір 2017, 16:20 6805

Армия генералы – Сағадат Нұрмағамбетов

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері 25 жылдығын атап өтеді. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері 25 жылда талай белестерді бағындырды. El.kz интернет жобасы 7 мамыр – Отан қорғашылар күні мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің 25 жылдығына арнап, «Қарулы Күштер генералдары» атты жаңа жобасын бастады. Қарулы Күштеріміз бен айбынды әскерлеріміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына үлес қосқан генералдар туралы естелік мақалалар ұсынамыз. Мақалалардың авторы белгілі әскери журналист Сәндібай Күмісбеков.

1924-ші жылы 25-ші мамырда Ақмола облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кеңес Одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. Еліміздің тұңғыш Халық Қаһарманы. І-ші Түркістан пулеметшілер әскери училищесін, 1949-шы жылы Фрунзе атындағы әскери академияны, 1971, 1981 жж. КСРО ҚК Бас штабы әскери академиясының жанындағы Жоғары академиялық курстарды бітірген. Соғыстан кейінгі жылдары Түркістан әскери округінде жауапты қызметтер атқарған. Полк командирі, құрама штаб бастығы болған. Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штаб бастығы болған. Орта Азия әскери округі, Оңтүстік әскерлер тобы қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған. ҚР Қорғаныс бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы, Елбасының кеңесшісі болған. КСРО, ҚР, шет елдердің көптеген мемлекеттік наградаларымен марапатталған. 2 баланың әкесі.

Тәуелсіздік таңы атқан тұста жас мемлекетімізді қалыптастыруға армия генералы (сол тұста генерал-лейтеннт) С.Нұрмағамбетовтың қосқан үлесі өлшеусіз. Қорғаныс саласының тізгінін ұстады. Әлбетте, Сағадат Қожақметұлы жайында бәрі айтылып болғандай. Кітаптар жазылды, деректі фильмдер түсірілді, жазылған мақалалар мен естеліктер қаншама. Десе де, Қарулы Күштеріміздің бүгінгі таңда жеткен биігі Сағадат ағаның есімімен тікелей байланысты. Себебі, бәрін де тақыр жерден бастады.

Кеңес Одағы ыдыраған тұста қай салаға болсын оңай тигені белгілі. Бұл ретте әскердің жағдайы тіпті ауыр болды. Біріншіден, басқа билік органдары тәрізді ешқайда қозғалмай, мұрагерлікті бір жерден қабылдап, істі ары қарай жалғастырып әкету мүмкін болмады. Қорғаныс министрлігі Мәскеуде, Түркістан округінің штабы Ташкентте қала берді. Екіншіден, Ауғанстан жерінен, Шығыс Еуропа елдерінен шығарылған әскерлердің қару-жарағы мен әскери техникасы қазақ топырағына топтастырылған еді. Оған ие болып, «бағып-қағу» да оңай шаруа емес еді. Үшіншіден, бұл ең күрделісі деуге де болады – кадр мәселесі. Нақтырақ айтқанда – оның тапшылығы. Жасыратыны жоқ, айбынды Совет армиясын өз бетімен тастап кеткен сарбаздардың саны мыңдап саналды. Қазақстан жерінде шоғырланған бөлімдердегі көрініс те солай болған. Сол сарбаздарға бас-көз болатын офицерлік құрамның жай-күйі тіпті аянышты болды. Басым көпшілігі тарихи отандарына ағылып жатты, арнайы білімі бар қандастарымыз жетіспеді. Міне, Сағадат аға қорғаныс саласының тізгінін осындай асқынып кеткен дерттері бар күйінде ұстады. Әлбетте, бұдан басқа ұйымдастыру-жұмылдыру тұрғысында қаншама өзекті мәселелердің болғаны өзінше.

Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтің тікелей қолдауымен Сағадат аға білекті сыбана іске кірісті. Әскердің жүйелі қалыптасуына, кейінгі жарде дамуына алғышартта жасаған Заңдардың жобалары, қажетті құжаттар дайындалды. Кадр мәселесі бойынша да нақты кешенді әрекеттер жасалды. Запастағы офицерлерді сапқа тұрғызу, кешегі сарбаздар қатарынан қабілетті жастарды іріктеп алып, қысқа мерзімді курстарға жіберіп оқытты. Әскери білім беру жүйесі қайта жанданды. Бұл салада кейінгі жылдары жемісін берген тың қадамдардың бастауы сол жылдары жасалған еді.

Сағадат Қожақметұлының офицерлер арасында «ақсақал» атануы да заңдылық болар. Халқымыз «ақсақал» дегенді құрметке лайық, сыйлы, үлкен кісіге қатысты айтқан ғой.

Бөлісу: