Еңбек күші тапшы өңірлерге көшу жөнінде шаралар қабылданады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастарды қабылдау және орналастыру тәртібі қалай өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының соңғы жолдауы аясында көші-қон саясатының бес жылдық тұжырымдамасы әзірленеді. Осыған орай, тарихи Отанына оралған қандастарды қабылдау және жайғастыру саясаты да қайта қаралады.
"Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін жерін айқындау тетігін енгізу және осы өңірде тұрақты тұрудың белгілі бір мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау көзделеді", - делінген ресми хабарламада.
Ондай тәжірибе Германия, Израиль мен Ресейде кеңінен қолданылады. Соның арқасында отандастарды жергілікті қоғамға интеграциялап қана қоймай, олардың әлеуетін ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне пайдалануға да болады.
"Бұдан басқа, тарихи Отанымен байланысты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі мамандар немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтарға (басқа елдердің азаматтарына) арналған Қазақ картасын енгізу және оны беру ұсынылады", - дейді министрлік мамандары.
Осы Картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда тұру құқығымен бірдей болатын елге жеңілдетілген кіру құқығына (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу) да ие болады.