23 Қыркүйек 2018, 10:34
Қанат Ислам 1984 жылы 13 қыркүйекте Қытай, Алтай аймағында дүниеге келген.
Кәсіпқой боксшы. WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы.
Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері.
2007 жылы Чикагода өткен Әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері.
2010 жылы жылдан бері Қазақстанның азаматы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Адам баласы — шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер — әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деген еді.
Сондай туған жерге туын тігіп, ұлт намысын қорғап жүрген батыр тұлғаның бірі — кәсіпқой боксшы Қанат Ислам. Бұл сұхбатта ол бала кездегі арманы мен өзіне үлгі болған адамдар жайында ой толғап, Қазақстанда тұрып жатқан ұлт этностарының татулығы жайындағы ойымен бөлісті.
— Қанат, ата-бабаңыздың туған жері – Қазақстанға оралуыңыздың басты себебі неде? Атамекенге оралуға жалпы не түрткі болды?
Мен ата-бабамның туған жері деп бөліп-жармаймын. Неге десеңіз?! Ежелден Атырау мен Алтайдың арасы қазақ халқының қонысы болған. Сол жерде ата-бабамыз бірлігі бекіген, ынтымағы мен сән-салтанаты жарасқан мемлекет құрған. Сол себепті өзімді басқа елдің жерінде туып, өзге елдің жерінде өстім деп ойламаймын. Менің өскен жерім кезінде Ер Жәнібек ханның билік құрған қазақтың жері болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында және ашаршылық болған кездердегі адамдарға пана болған жер. Сол кезде тағдырдың талқысына ұшырап, күн көрісі қиындаған әр қазақ өзінің ағайындарын, туған-туысын іздеп келіп, пана тапқан. Солай қоныстанып, тұрақтап қалған. Неге басқа жерге кетпеді десеңіз, жауабы әлгіндей.
Сондықтан да мен өзімді бөтен жерден келдім деп санамаймын, мен қаймағы бұзылмаған қазақтардың ортасынан келдім деп есептеймін. Өзімді сондай қазақи шырқы бұзылмаған ауылда өскеніме бақытты сезінемін.
Алтай қазақтың көрнекті тұлғалалары жайлаған жер. Қазақтың хандары мен батырлары өмір сүрген жер.
— Бала Қанаттың арманы қандай еді?
Бала кезімде үлкендерден естіген жырларындағы қазақтың нағыз батырларына еліктеп өстім. Тарихта есімдері қашалып жазылған батырларға ұқсас болғым келетін.
Қаймағы бұзылмаған қазақи орта дедім ғой, бала кезімде сондай ортада өскеннен болар, қазақ ең мықты, ең батыр ұлт, одан асқан жаужүрек халық жоқ сияқты болып сезілетін. Өйткені маған қазақ халқының ертегілері мен батырлар жыры сондай сезім берді. Жүрегімде тәрбие солай ұялады. Қазіргі күнге дейін мен өзімнің балаларыма қазақтың батырлары туралы ертегі, жыр-дастандарды әңгімелеп айтып отырамын. Балаларым білсін деймін. Қанша адам сол батырлар жыры желісімен ұрпақ тәрбиелеп отырғанын да білемін. Өскен ортада біздің ата-бабаларымыз батырлыққа, елдікке, ел үшін өз жанын қиюға дайын қаһарман батырларды өнеге қылды. Біздің заманымыз сондай болған еді.
Шынымен де қазақ әуелден жер дауы үшін аттан түспей, соңына дейін күресіп, майданның өртіне оранған. Өз жері мен елін қорғау үшін батырлар жанын берді. Сол біздің ата-бабаларымыздың кезіндегі өмірлік ұстанымы болды. Сондықтан да біз қасиетті мекенде өмір сүріп жатырмыз деген ой менің есімнен еш уақытта шыққан емес. Ес білгенше өзімді Қазақстанда өстім деп сезініп жүрдім.
Осының бәрі жадымда жаңғыра жүріп, мен де алып тұлға болуды армандадым. Батыр, қаһарман болғым келді.
— Бокспен айналысуға құштарлығыңыз қайдан пайда болды? Егер боксшы болмасаңыз, қай кәсіпті таңдар едіңіз?
Балалық шағымда сол батырлардың ерлік істерінен қанаттанғаным сонша, өзімді спортта сынауға бел шештім. Спорттың әр түріне барып байқастай бастадым.
Футболға бардым, доп теуіп бір көрдім. Оны жаным қаламады.
Қысы ұзақ болған соң, қысқы спорт түрлеріне қатыстым. Коньки, шаңғы спорт түрлерінде өзімді сынадым. Сонымен өзімді ешбір спорттан таппадым. Қанағаттанбадым өзіме.
Ақырында ағам бокспен айналысатын, соған келдім.
Дегенмен ата-ана өз балаларының жарақат алатын спортпен айналысқанын қаламайды ғой, менің де апам мен атам қарсы болды. Өзім сол кісілердің қолында тәрбиелендім, менің басымнан құс ұшырмай өсірген еді.
Бірақ өзім қызыққан соң, амалсыз келісті. Ағама қарап бокстың қызығына кірдім. Жалпы ағам боксшы болуыма қамқор болды. Өмірлік ұстанымымның қалыптасуына да ағамның ықпалы зор.
Ағам маған қайыспас қарағайдай, таудай болып көрінетін. Оның айтқандарына иланатынмын, өйткені менің ақылшым болды.
Күнде ерте тұру, жүгіру дағдыларын бойыма сіңіре білді. Оқуда да алдыңғы қатардан көріну талабын қоятын.
Бірінші болып қол жұмсамау, біреу қол жұмсаса, оған қарсы тұра білу әдебін үйретті. Жақсы спортшы, дамыған тұлға болуыма үлкен септігін тигізді.
Кейінде интернатқа түстім, онда да ұстаздарым жақсы болды. Ол кісілердің тәрбиесі де ерекше-тін. Адам өмірінде ұстаздың алатын орны айрықша ғой қашанда.
Үлкен спортқа келгенде, ұстазымыз «бұл спортқа неге келдіңдер?» деп сұрағанда, бәріміз «чемпион болу үшін» деп бірауыздан жауап берген едік. Сонда ұстазым «маған чемпион емес, маған адам керек» деген еді. Ол кезде түсінбеген едік. Қарап отырсам, қаншама чемпион бар, адами болмысын сақтап қалғаны, халқына пайдасы тигені шамалы екен. Оны кейінде ұғындық.
Ұстазым «Маған чемпион дайындау қиын емес, бірақ чемпион болып, ол атақты көтеріп жүру өте қиын нәрсе. Сендерге чемпион деп халық қарайды, ал сендер өз атақтарыңды көтере алмай, мақтаншақтық танытсаңдар, маған ұят. Менің ондай шәкіртім болғанын қаламаймын. Чемпион деген тек медаль тағу емес, чемпион деген үлкен жауапкершілік. Өздеріңнің арттарыңнан ергендерге өнеге бере алуларың керек. Халыққа сендердің тек медаль таққандарың емес, жақсы істеріңнің болғаны, үлгілі болғандарың қажет. Қай салада болмасын, сол кәсіптің озық маманы болуға талпыныңдар. Өмірде, отбасында да солай болуға тырысыңдар» дегенін әлі күнге ұмытпаймын.
Сонымен ұстазым бізге ауыр талап қойды. Көп білім алып, кітап оқуға тәрбиеледі. Сондай ұстаздардың арқасында ұлтжанды болдық.
«Өз ұлтының тілінде сөйлемеу деген, өз туған баласын жақсы көрмегенмен тең» дейтін ұстазымыз.
Өз тіліңде сөйлемеу, өз ұлтыңды құрметтемеу деген, онда сенің санаңның таяздығы. Өзіңді қор санау, өзгені зор санау деген болмау керек.
Ал енді боксшы болмай, басқа салада жүрсем де, биікте жүруге тырысар едім. Дегенмен де спорттан басқа жерде өзімді елестете алмайды екенмін.
– Олимпиада ойындарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдіңіз. Кәсіби боксқа келу шешімін қабылдау сіз үшін қаншалықты оңай немесе қиын болды? Өкінген кезіңіз болды ма?
Әр спорттың биігі бар. Өзгелерге қарайсың. Арманның шынар шыңына шығуды аңсайсың. Марқұм Бекзат Саттарханов жарқ еткен спорт саңлағы еді. Артынан сөз қалдырмаса да, бір әрекетімен өнеге болып кетті. Қазіргі қоғамда ісіңмен де, сөзіңмен де үлгі болу керек. Қай кәсіпте жүрсең де, биігін бағындыру керек. Бұл таза менің қағидам.
Мұхаммед Әли, Майк Тайсон сынды чемпиондарға қарап, күш алатынмын. Олар маған өзім оқыған аңыздардағы дию сияқты көрінетін. Соларға қарап, менің де қолымнан келеді ғой, соны өзіме дәлелдеп көрейін дейтінмін.
Олимпидадан соң кәсіпқой боксқа ауысқаным да сол. Нәтижесінде 25 кездесу өткіздім. Қаншама белдік иегерімін.
Адамның бағындырар биігі болмайды, тек адамның өз арманы асқақ болуы керек. Өзіңе қойылған талап ауыр болса, барлығына қол жеткізуге болады. Адамдар бір-бірінен артық емес, артық жері — сенен артық талап қойып, артық жұмыс істеуі. Мен де солай істей аламын, мен де тырысамын деген талпыныс болу керек.
Олимпиадаға қатыспай, кәсіпқой боксшы болып ауысқаныма еш өкінген емеспін. Өмірде қуаныш та, өкініш те қатар жүреді. Бокс — ауыр спорт. Жеңіске жеткен кезде, қатты қуанасың, жеңіліп қалсаң, мұңайасың. Кейде ешбір жанға көрінбей, бұйығып жүргің келетін кездер болады.
Рингтегі екі адамның әрекеті сияқты, бірде артқа шегінесің, бірде алға ұмтыласың. Құлаған жерде қайтадан бас көтеріп, жүгіретін кез болады. Осындай кезде Мұқағали Мақатаевтың «Шыда, шыда» өлеңі еске түседі.
«Шыда, шыда
Шыдай түс, шыда тағы
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
...Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге,
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге...» деген жолдары маған қатты әсер етеді.
Осындай сәттерде Махамбеттің өлеңдері де керемет рух береді. Өмірде қиындыққа мойынсынып, сүрінген жерден тұрмай қалсаң, әлсіздігіңді байқатасың деген қағиданы санама бекітіп алдым.
— Атамекенге қоныс аударған жылдарыңыздың алғашқы кезеңі қалай өтті? Сіздің «Жұмыс табылмай қалса, ең мықты аула сыпырушысы боламын. Өйткені мен өз елімнің ауласын, яғни, жерін тазалаймын» деген сөздеріңіз талай жүректерді елжіреткені рас. Дегенмен бала шағыңыз, жастық кезіңіз басқа елде өтті ғой.
Бөтенсіну болған жоқ. Қаншама достарым болған елге келген кезімде. Солардың арқасында мен тез сіңісіп кеттім. Қайта туған жердің топырағы маған қуат берді.
Тынымсыз жаттығулар артық дүние ойлатуға мұрша бермейтін. Бәрі дайын, тек жұмыс істеу ғана.
Ағаларымыз салып кеткен спорт кешендерінде дайынға келіп, біз ұқсатуымыз керек еді. Сол игіліктерді пайдаланып, сол жақсылықтарды ұлғайту керек деген ұстаныммен жүрдім.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғалы Қазақстанда тұрып жатқан ұлттар этносы арасында татулық, ауызбіршілік, бауырластық күшейді деп ойлайсыз ба? Осы туралы өзіңіздің ойыңызбен бөлісе отырсаңыз.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың салиқалы саясаты ұлттарды тең ұстап отыр. Еліміз татулықта өмір сүруде.
Сонау саяси қуғын-сүргін заманында қазақ қанша ұлттарды бауырына басты. Сол ұлттар да туған елін жетіскеннен тастап келмеді. Саясат солақай болды.
Бар халық бір халықтай еңбекке араласып, адал өмір сүрді. Ешкім ешкімді алалаған емес. Қазақтың дархан жүрегіне бар ұлт сыйып кетті десем де болады.
Міне, қаншама этнос өкілдерінің басын біріктіріп отырған Қазақстан — киелі жер. Осындай бейбіт елде өмір сүріп отырғанымыз да сол ұлттардың қазаққа деген ақ тілегі шығар.
— Сіз үшін ел татулығының тірегі неде?
Ырыс-берекенің тұратын жері бірлікте. Бірлік бауырмал елде, әркім жауапкершілік сезінгенде болады.
Сондықтан да ел татулығы жауапкершілікте деп ойлаймын.
— Қазақ ұлтының мақтанышына айналған тұлғасыз. Ал Сіз кімді мақтан етесіз?
Мен кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларды, Абылай, Керей, Жәнібек хандарды мақтан тұтамын.
Бауыржан Момышұлының есімі мен үшін ардақты. Бауыржан атамыздың қайсар мінезі мен жаужүректігі мен үшін баға жетпес мақтан.
Жалпы рухты батырлардың ұрпағы екенімді мақтан етемін. Сондай батырлардың ұрпағы болған соң, әлсіз болмауымыз керек, жалқау болмауымыз керек деймін өзіме.
Тәуелсіз елдің игілігіне еңбек етпеуім — азаматтығыма сын. Онда батырлардың атын айтып, мақтану да керек емес сияқты.
Рухы мықты бабалардың жолын жаңғыртып, олардың есімін асқақтатып, соларды кейінгі ұрпаққа жеткізу керек.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Жоспар көп. Кәсіпқой боксты елде дамыту керек. «Қазақ промоушеннің» ісін жетілдіру басты міндет болып тұр. Ел жастарының талпынысын қолдап, спорттың саңлағына айналдыруды мақсат етемін.
Елімізде кәсіпқой бокстың деңгейін көтеруге барынша тырысамын.
— Оқырмандарыңызға тілеріңіз.
Ел жастарына осындай тәуелсіз елдің қадірін жоғалтып алмай, білімді, рухты болсын деген тілек айтамын.
Жалпы оқырмандарыма мені қолдап жүргендеріне алғыс білдіремін. Бейбіт заманымыздың тыныштығы бұзылмасын!
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет, Сізге жеңісті күндер тілеймін!
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.