Анарбековтің көлеңкесінде қалған Александр Заруцкийдің «Ақтөбеге» ауысқаны рас па?

Анарбековтің көлеңкесінде қалған Александр Заруцкийдің «Ақтөбеге» ауысқаны рас па?

Алматының «Қайрат» клубының негізгі қақпашыларының бірі болған Александр Заруцкий мансабын «Ақтөбеде» жалғастырады. 32 жастағы тәжірибелі қақпашы «ақ-қызылдармен» 2027 жылдың желтоқсанына дейін келісімшартқа қол қойды. Бұл трансфер тек бір ойыншының ауысуы емес, Қазақстан Премьер-лигасындағы қақпашылар арасындағы бәсекеге де тікелей әсер ететін маңызды қадам болғалы тұр.

Заруцкийдің «Қайратқа» дейінгі жолы

Александр Заруцкий – Қазақстан Премьер-лигасында ұзақ жылдар бойы тұрақты ойнап келе жатқан қақпашылардың бірі. Ол бірнеше ортаңқол және жоғары деңгейдегі ұжымдарда өнер көрсетіп, өз тәжірибесін біртіндеп жинады. Дебюттік ойынын 2013 жылы қарағандылық «Шахтердан» бастаған қақпашының, елордалық ұжым сапындағы кезеңі оның мансабындағы маңызды баспалдақ болды. Қазақстан Премьер-лигасында «Астана» үшін 4 маусым ойнап, 48 рет қақпаны күзетті. Ал, 2025 жылдың басында Заруцкий «Астанадан» еркін агент ретінде «Қайратқа» ауысты. Алматылық клубпен келісімшарты бір жыл ғана болғанымен, оған үлкен сенім артылды. Себебі «Қайраттың» басты мақсаты - Чемпиондар лигасына өту еді.

«Қайрат» жанкүйерлерінің сенімін ақтай алды ма?

Александр Заруцкий «Қайрат» сапында барлық турнирді қосқанда 24 матчқа қатысты. Осы аралықта 18 гол жіберіп, 9 кездесуде қақпасын голдан аман сақтады.

Қазақстан Премьер-лигасында Заруцкий тұрақты түрде негізгі құрамда ойнады. Ол «Қайраттың» чемпион болуына тікелей үлес қосты, сондай-ақ Суперкубокта да жеңіске жетті. Әсіресе алматылық ұжымның еурокубок жолындағы «Селтикке» қарсы матчта нағыз қаһарманға айналды.

Алайда сол Шотландиядағы кездесуде қақапашы жарақат алып қалды. Сол ойыннан кейін оның орнына Темірлан Анарбеков шықты. Бұл тек бір матчтың ғана емес, бүкіл турнирлік жолдың бағытын өзгерткен сәттердің бірі болды.

Неге «Ақтөбе» Заруцкийді таңдады?

«Ақтөбе» соңғы жылдары тұрақтылыққа ұмтылып келеді. Командаға тәжірибелі, қысымға төтеп бере алатын қақпашы қажет болды. Бұл биыл мәресіне жеткен маусымда анық көрінді. Ал Заруцкий болса, «ақ-қызылдар» үшін барлық талапқа сай келетін ойыншы еді. Ең бастысы – ол Қазақстан Премьер-лигасын бес саусағындай жақсы біледі, еурокубокта ойнаған, бір емес, бірнеше чемпиондық маусым көрген тәжірибелі қақпашы.

Андрей Влад қосалқы құрамда қалды ма?

Қазіргі таңда «Ақтөбенің» негізгі қақпашысы Андрей Влад. 27 жастағы румыниялық биылғы маусымда 23 рет негізгі құрамда шықты. Орташа есеппен, 3-5 сейв жасап отырған. Дегенмен, клер маусымда Заруцскийдың келуімен қосалқы құрамда қалатын түрі бар. Себебі, тәжірибелі қақпашының келсімшартында кемінде 20 ойынға қатысу керек деген бөлім бар.

Қос қақпашының айырмашылығы:

  • Андрей  Влад - Премьер лигада ең көп жұмыс істейтін қақпашы, оған жиі соққы жасалады. Реакция керемет және жиі сейв жасайды
  • Александр Заруцкий - тәжірибесі мол, ойын оқи білетін, еурокубоктық деңгей көрген қақпашы. Сондай-ақ, Заруцкий қорғаушыларды позицияға өте керемет орналастыра алады.

Оның үстіне жиі қателесуден де румыниялық қапашыда біраз қиындықтар болып тұр. Мәселен биылғы Қазақстан Премьер-лигасында «Ақтөбе» қақпашысы алдыңғы шепке допты жеткізу барысында 17 рет қателік жіберген екен. Ал сол қателіктің салдары 8 голдың соғылуына алып келді. Тейісінше Заруцкийде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Өзі қатысқан 24 ойында 4 қателік жіберген, қарсыластар соның біреуін ғана пайдалана алды.

Еурокубоксыз маусым

Қос қақпашыны да қынжылтып тұрған мәселе - келер жылы еурокубокта өнер көрсете алмайды. Батыс қазақстандық ұжым, биылғы маусымда 43 ұпай жинап, 5-ші орында қалды. Ал еурокубоктың іріктеу кезеңінде өнер көрсету үшін кемінде 4-ші орынға қол жеткізу қажет.

Айта кетейік, 2026 жылы «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасында, «Астана», «Тобыл» және «Елімай» УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде ел намысын қорғайды.