"Анамды бір құшақтасам.." Бельгиялық отбасы асырап алған қазақ баласы ата-анасын іздейді

7 Желтоқсан 2023, 17:58 16011

Журналист Олжас Беркінбаев Еуропада өскен қазақ баласы Жәнібектің ата-анасына іздеу салды. Ол Facebook парақшасында оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздермен көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған. Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтар күні Арқалық қаласында дүниеге келген, - деп жазды ол.

2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғыз басты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті. 

Кеше осы жігіт туралы пост жазып, артынан біздің заңнамаға сәйкес, баланың өзі айтуы керек деген соң оны алуға мәжбүр болғам. Бүгін өзінің рұқсатымен видеосын жариялап отырмын. Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді. 20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді. Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді екен...Барынша таратып, қандасымызға қол ұшын созып жіберейік, ағайын!, - деп жазды журналист Олжас Беркінбаев.

Айта кетейік, Жәнібек қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: