Аналар кеңесінің белсенді мүшелері марапатталды

8 Қараша, 16:45 425

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдағы жұмысының қорытындысын шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басқосу барысында «Салауатты сана» жобасы аясында үздік әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізген белсенділер атап өтіліп, өңірлік Аналар кеңестерінің қызметі талқыланды.

Сурет: Ажар Лаубаева 

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың айтуынша, елімізде Аналар кеңесінің 11 мыңнан астам мүшесі бар.

Сурет: Ажар Лаубаева 

Аналар кеңесі алғаш күннен бастап-ақ отбасылық құндылықтарды сақтауға, жастарды адамгершілік, отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше үлес қосып келеді. Он жылдық еңбектері арқылы қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетуде. Келешек ұрпақтың болашағына үміт пен сенім ұялатады, - деді ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай 10 жылдың ішінде кеңестің құрамы кеңейіп, шалғай ауылдардан бастап, үлкен мегаполистерге дейін жеткенін айтады.

Сурет: Ажар Лаубаева 

Бүгінде құрамда 19 мыңнан астам мүшелік ететін аналар бар. Олар әртүрлі сала мамандары. Қазақстан Республикасының Парламент мүшелері, денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, бәрі-бәрі бар. Бұл әлеуетті пайдалана отырып, кеңес «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында үлкен жобаларды атқарып келеді, - деді Баян Ахатай.

Төраға орынбасарының сөзінше, бүгінде еліміз бойынша барлық өңірлерде атқарушы органдар кеңеске қолдау білдіріп отыр.

Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова тәрбие жұмысына көбірек көңіл бөлетіндерін атап өтті.

Сурет: Ажар Лаубаева 

Павлодар облысында бір қалада 45 мектеп болатын болса, сол мектептермен меморандумға отырып, ата-аналармен, оқушылармен жұмыс істейміз. Облысымыздағы 12 аудан, 24 этно-мәдени орталықтардың барлығында Аналар кеңесінің төрағалары бар. Солармен тығыз байланыстамыз, - деді Бақытжамал Шаханқызы.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова жас ұрпаққа отаншылдық қасиет пен ұлттық рухты сіңіруде халқымыздың бойындағы отбасылық құндылықтарды, әдет-ғұрыптар, дәстүрді дәріптеу, сақтауда аналардың еңбегі орасан деп есептейді.

Сурет: Ажар Лаубаева 

Аналарымыз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда. Он жыл ішінде ҚХА Аналар кеңесі төрағасы Назипа Ыдырысқызы бастаған ақ жаулықты аналарымыз сан түрлі жобаларды, мыңдаған іс-шараларды жүзеге асырып, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруда, - деді вице-министр.

Іс-шараға Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов пен Кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Суреттер: Ажар Лаубаева 

Салтанатты шарада республикалық Аналар кеңесінің белсенді мүшелері ведомстволық және қоғамдық наградалармен марапатталды.

Айта кетейік, аталған шараға Қуандық Бишімбаевтың ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова да қатысып, қазақстандықтарға жаңа ұсынысын жеткізген еді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: