Аналар кеңесі: Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін дәстүр сабақтастығын жандандыру қажет

11 Қыркүйек 2019, 15:51 3430

Елордадағы Достық үйінде «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығы, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті, елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының және көпбалалы аналардың қатысуымен елордалық Ассамблеяның Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.


Мұнда Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы аясында әлеуметтік жоба таныстырылып, жетім балаларға арналған интернат үйімен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері баяндалды.

Мемлекет басшысының Жодауында отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру туралы мәселенің маңыздылығына мән артылды. «Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз керек» деген болатын бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мұны кеңестің кезекті отырысының тақырыбына арқау еткен қоғам белсенділері бала мен ана өмірін қамқорлық пен қорғаншылыққа алуға өз тарапымыздан қандай үлес қосамыз деген мәселе төңірегінде әңгіме өрбітті.


Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынованың айтуынша, бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары көптеп тіркелуде. Ересектерден жәбір көрген немесе тіпті қатарластарының келемеждеуіне ұшыраған жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына байланысты күллі қоғам мүшелері қол қусырып отырмай, дабыл қағуы керек дейді әйелдер.

Сондай-ақ, әйелдер қауымы қоғамның әлеуеті артқанымен, әлеуметтік мәселелерден арылмауымыздың себебін ұлттық құндылықтарды дәріптейтін дәстүр сабақтастығының үзіліп қалуынан іздеді.

«Біз қазір атаны, енені, әке мен шешені құрметтеудің жолын жоғалтқан сыңайлымыз» деді бұл туралы қынжылысын жасыра алмаған Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова.


«Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 23 этномәдени орталық жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысының бала тәрбиесінде өзіндік салты мен тәртібі бар. Жас ұрпақты халықтар дәстүрінің негізінде бірлесіп тәрбиелеуміз керек», - деген Ляззат Құсайынова аналар кеңесі мүшелерінің жүйелі түрде дағдарыс орталықтарында болып, ондағы әйелдерге, балаларға қолұшын беріп келе жатқанын тілге тиек етті.


Сондай-ақ, Ляззат Сейтқазықызы кеңеске қатысушылардың назарын қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мәселесіне аударды. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ел аумағы бойынша сексен мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепке алынған. Осыған байланысты Президент үкіметке БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауды, шағын және орташа оңалту орталықарының желісін кеңейтуді тапсырған болатын.

Аналар кеңесінің мүшесі Ханифа Мациева – Қарағанды облысы Оскаровка ауылындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне арналған әлеуметтік жобаның авторы. Ханифа Мұратқызы жобаны жүзеге асыру аясында интернат тәрбиеленушілерінің біз біле бермейтін мәселелерінің көптігіне көз жеткізгенін айтады.


«Интернаттың тәрбиеленушілері шектеулі әлемде өмір сүріп жатқанын мойындауымыз керек. Сондықтан болар, олардың бізбен емір-еркін қарым-қатынасқа түсуінде де қиыншылықтар бар. Біз орталықтағы мектеп-интернаттар мен балалар үйіне көбірек көңіл бөлеміз, мұнда қолұшын берушілер де, олардың жағдайымен барып танысушылар да өте көп. Ал шалғайдағы ауылда орналасқан интернаттың іші тып-тыныш, балаларға базарлық алып келушілер де өте сирек. Есесіне, интернатта күрмеуі күрделі мәселе өте көп. Мұнда әке-шешесі бас тартқан балалар ғана емес, әке-шешесінен, жақындарынан зорлық-зомбылық көріп, саналы түрде өз еркімен интернатқа келген балалар да бар. Олар өмірден өгейлік көрген, сондықтан барлығына сенімсіздікпен қарайды. Біз мұндай балалармен оңалту жұмыстарын жүргізу үшін меценаттарды тартып, интернат ішіндегі 3 әлеуметтік кабинетке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жасақтадық», - дейді кеңес мүшелеріне жобаның әлеуметтік маңыздылығын түсіндірген Ханифа Мұратқызы.


Қоғам белсендісінің айтуынша, осы жылы интернатты 31 бала тәмамдап шығыпты. Түлектердің төртеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы оқу орындарына түскен. «Алайда, олар оқуға келгендеріне бір апта болмай жатып, бізге хабарласты. Өмірге ғана емес, қоғамға бейімділігі жоқ балалар өздерін қорғансыз сезініп, не істерге білмей жылап тұрды», - деген Х.Мациеваның айтуынша, мемлекет интернат тәрбиеленушілерінің білім алуы үшін жылына үш миллион теңгеге жуық қаражат төлейді.

Баланың ер жетіп, оқуға түскен сәтін аңдыған туыстары мен ата-ана құқығынан айрылған «көкек әке-шешелері» осы кезде оның соңына түсіп, қалтасына қол сұғады екен. «Бұл өте қорқынышты, баланың қорғансыздығын пайдаланған алаяқ туыстары оны алдайды, қорқытады, қандай жолмен болса да, ақшасын тартып алудың қамын жасайды.

Ең сорақысы, интернаттан шыққан бала ақшаны дұрыс жұмсаудың да ретін білмейді. Олардың алдау мен арбаудың тұсауына тез түсетіндігі де сондықтан. Біз мұндай балаларға бағыт көрсету мақсатында тағы бір әлеуметтік жобаны қолға алдық. Сондай-ақ, осы сапарымыздың кезінде ағалы-қарындасты екі баланың жаңа отбасымен қауышуына көмектестік. Балаларды асырап алуға ниет білдірушілер де табылуда»,- дейді интернат тәрбиеленушілерінің мәселесіне қоғам назарын аудартуға тырысқан Х. Мациева.

Ана да, бала да далада қалмайды. Бүгінде оларды мемлекет қамқорлығына алып, көмек қолын созудың түрлі жолдары қарастырылуда. Мәселен, «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығының кураторы Әйгерім Тәңірбергенованың айтуынша, мұнда әйелдерге әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша ақыл-кеңестер беріледі.


«Бір терезе» қағиадаты бойынша жұмыс істейтін орталықта 70-тен астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Мамандар көмек сұрап келушілерге бағыт-бағдар беріп қана қоймайды, сонымен қатар орталықта тұрмыстық қиыншылыққа ұшыраған әйелдің кәсіби мамандық алып, жұмыс іздеуіне көмек көрсетіледі. Ол үшін арнайы қысқамерзімді курстар ашылған. Орталықта заңгерлермен қатар, психологтар, медиаторлар бар. Әйелдердің кәсіппен айналысуын қолдау мақсатында «Кәсіпкер ана» бизнесті қолдау орталығы жұмыс жасауда. Мекеменің әкімшілік ғимаратында балаларға арналған ойын алаңдары да жасақталған. Әйелдердің табалдырық тоздырып жүрмеуі үшін тұрақты түрде мемлекеттік мекеме басшыларының азаматтарды қабылдаулары ұйымдастырылады.


Отырыста сөз алған тағы бір спикер – «Үміт» дағдарыс орталығының заңгер-кеңесшісі Зарина Әбіқаеваның айтуынша, орталыққа маңдай тіреп келушелрдің ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер саны көп. Алты жыл ішінде Орталыққа 1608 адам көмек сұрап келген. Оның әкімшілік ғимараты 50 адамға дейін қабылдауға арналған. Алайда, кей жағдайда орталықтан пана іздеп келушілердің саны одан да артып түседі. Өзінің от басы, ошақ қасынан қашуға мәжбүр болған аналар мұнда балаларымен алты айға дейін тегін тұра алады. Осы уақыт ішінде орталық қызметкерлері оның аяғынан тұрып, өмірін реттеуіне көмек көрсетеді. Бастысы, мұндағылар да әйелдердің мамандық алып, қызметке орналасуына мүдделі. Сондықтан, әлеуметтік қызметкерлер орталыққа түскен әйелдердің балаларын өздері қарап, әйелдің кәсіптік курстарда оқып, жұмысқа орналасуына жағдай туғызады. Зарина Дәулетқызының айтуынша, орталық алғаш жұмысын бастаған 2013 жылы мұнда 9 ғана келуші болса, осы жылы көмек сұраушылардың саны 164 адамға дейін артқан.


Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішінің артқанын ғана емес, бұрын үй-ішіндегі ұрыс-керісті сыртқа шығаруға батылы жетпей, үнсіз ғана таяққа арқа тосуға мәжбүр болып келген әйелдердің қазір қоғамға өз жанайқайын жеткізуге тырысатындықтарын, балалары үшін, өзі үшін лайықты өмір сұрауға ғана емес, талап етуге ұмтылатындықтарын аңғартса керек.

Аналар кеңесі жиын соңында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін Азаматтық хал актілерін жазу мекемесі жанынан болашақ ерлі-зайыптыны некеге дейін психологиялық сынақтан өткізетін орталық ашу туралы ұсыныс білдірді. Бұл олардың отбасын құруға психологиялық-моральды түрде дайындықтарын тексеруге мүмкіндік беретіндігіне сенімді аналар.

Сондай-ақ, бүгінде қоғамда өзекті мәселе болып отырған атаулы әлеуметтік көмекке байланысты да өз ойларын білдірді. Мемлекет әйелдердің жұмыс жасап, бизнеспен айналысуына жағдай туғызып қана қоймай, ер адамдарды екі қолға бір күрек алуға мәжбүрлеп, ал жұмыс жасаудан бас тартқан жағдайда «масылдық» үшін тиісті шара қолдануы керек дейді.

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынаха барласыңыз. 

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: