Анадолыда асқақтаған Абылайхан маршы

1 Қыркүйек 2022, 04:38 939

Абылайхан маршынан ерекше әсер алған жұрт, сарбаздарымызды қошеметке бөледі.

Абылайхан шеруі Анадолыда асқақтады. Биыл екінші рет Түркияда өтіп жатқан халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының әскери оркестрлер фестивалінде он ұжым өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды EL.KZ «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. 

Еліміздің мемлекеттік күзет қызметі, айрықша мақсаттағы күштердің Президенттік оркестрі шараның алғашқы күнінде түркі жұртшылығын тәнті етті. Халықаралық әскери оркестрлер фестивалінің алғашқы күні Османлы мемлекетінің көне астанасы Бурсаның «Хандар» алаңында басталды. 

Түркі жұртының маңдайалды әскери оркестрлері орталық көшемен жүріп өтіп, 700 жылдық тарихи базарды аралады. Әрбір елдің оркестрі әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық жауынгерлік шеруі мен танымдық көрсетілімдері туыстас халық пен қала қонақтарының таңдайын қақтырды. Әсіресе қазақтың ұландары Анадолыны өз өнерімен тәнті етті. 

Абылайхан маршынан ерекше әсер алған жұрт, сарбаздарымызды қошеметке бөледі. Осылайша айырықша мақсаттағы Президенттік оркестрдің заманауи үлгідегі орындау шеберлігі бауырлас елге ерекше көңіл күй сылайды. 

ІІ халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне Қазақстан атынан Мемлекеттік күзет қызметі,  айрықша мақсаттағы күштердің Президенттік оркестрі қатысып отыр. Жергілікті халық бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бізбен өзге елдердің кәсіби өнерпаздары да қойылымын көрсетті. Президенттік оркестріміз бұған дейін «Спаская башня», «Бремен тату», «Берлин татум» атты әлемдік деңгейдегі шараларға қатысқан болатын. Дегенмен, Түркияға алғаш рет келіп тұрмыз - дейді мемлекеттік күзет қызметі президенттік оркестрінің дирижері Құрмет Бейсембаев.  

Тарихи мекендерге шеруден кейін оркестрлер қаланың орталық саябағында бас қосып, ұлттық және патриоттық әуендер орындады. Дирижер Құрмет Бейсембаев бастаған топ «Азия дауысы», «Қазақ елі», «Ұлы дала» және Анадолыда әйгілі «Домбыра» әнін шырқады.

EL.KZ
Бөлісу: