Ана үйінде «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы өтті

15 Тамыз 2018, 10:56 1761

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы сәндік-қолданбалы шеберлер одағының мүшелерінің және Аналар кеңесі бастаған топ Көкшетау қаласындағы Ана үйінде «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясын өткізді.

Ақмола ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова сөз бастап, жас аналарға жігерлі болуға, тек алға қарап, жарқын болашаққа ұмтылуға кеңес берді. Сонымен қатар арнайы алып келген сыйлықтарын тарту етіп, шынайы ықыласын білдірді. Оның ішінде ерекше көзге түскен қазақ халқының қолөнер бұйымы, төрге төселетін құрақ көрпе. Қолөнер бұйымы әйел затына тән шыдамдылық пен үнемшілдіктің, әсемдікке деген сүйіспеншіліктің символы ретінде Ана үйінің төріне төселді.

Ақмола ҚХА жанындағы сәндік-қолданбалы шеберлер одағының мүшелері жүректен шыққан тілектерін жаудырып,уақытша қиыншылыққа түскен аналарды қолөнермен айналысуға, өз-өзін дамытуда, қызығушылықтарын арттыруда бар күш-жігерін салуға шақырды.

Шара барысында Ақмола ҚХА жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері атынан жас аналардың қолөнермен айналысуға алғашқы қадам ретінде Patchwork жасауға арналған тоқитын ілгек,тоқыма біз,иірілген жіп сыйға тартылды.Болашақта үйренем деуші аналарға әрқашан есіктері ашық екендігін және қолөнер түрін игеруде көмектерін аямайтынын жеткізіп, кішігірім сыйлықтарын тарту етті.

 

Бөлісу: