08.04.2026
16:20
131
Жаңалықтар

Аң-құсқа зәбір көрсету фактісі бойынша жаза күшейеді

Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді. Енді аң-құсты жаралағандарға да, өлтіргендерге де қатаң шара қолданылады. 

Мәжіліс депутатының сөзінше, Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарлар құқығы туралы жазылған.

фото:Baq.kz

– Қолданыстағы заңнамаға сай, аң-құстарға залал келтіргендерге ең үлкен жаза – 30 күнге дейін бас бостандығынан айыру. Біз қазір бұл норманы күшейтіп жатырмыз. Үкіметке жолдадық. Енді жануарларға зиян келтіргендер алты айға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, – деді ол Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Жаңбыршиннің айтуынша, аң-құстарды жаралағандарға қатысты нормадан бөлек, ы өлтіргендерге қарастырылған жаза да күшейеді.

–  Қылмыстық кодекстің қазіргі қолданыстағы 316-бабына сәйкес, жануарларды өлтіргендер екі жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Біз бұл жазаны күшейтіп, бес жылға дейін ұзартып жатырмыз. Сондай-ақ айыпталушының мүлкі тәркіленуі де ықтимал. Ол жағдайға байланысты, – деді Е. Жаңбыршин.

Одан бөлек,  әкімшілік жазаны да қатаңдатып, айыппұлды көтеру қарастырылып жатыр.

Естеріңізде болса, наурыздың басвнда Атырауда 39 жастағы әйел итті күрекпен ұрып, артынша жануарға ветеринариялық көмек көрсетілді. Жергілікті полиция департаменті бұл істі құқықбұзушылық ретінде қарастырып, заңға сай шара қолданатынын мәлімдеген еді.