Ән мен бидің сабақтастығы арқылы ұлттық құндылық көрініс таппақ – би театры

24 Қазан 2022, 15:23 4460

«Наз» би театры «Республикам Қазақстан» атты концерттік бағдарламасын ұсынады

Ұлттық фольклорды және қазақтың ұлттық билерін насихаттап жүрген «Наз» мемлекеттік би театры республика күніне орай «Республикам Қазақстан» атты концерттік бағдарламасын ұсынады, деп хабарлайды El.kz

Концертте «Наз» би театрының балет әртістері және әншілері ұлттық патриоттық әндер мен билерді көрерменге паш етпек.

«Концерттің бір ерекшелігі, бишілер тек қана биді көрсетіп қоймай, қазақтың ұлттық дәстүрі мен салт-санасын көрсетеді. Ән мен бидің сабақтастығы арқылы дәстүріміз көрініс табады», – дейді «Наз» мемлекеттік би театрының бас әкімгері және әншісі Айсұлтан Басықара.

Мың бұралған бишілер қазақ даласын мекендеген халықтардың бірлігін нығайту, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеяларды туындыларына қосқан.

Аталған би театры осыдан 23 жыл бұрын құрылды. Елордамен бірге өсіп келе жатқан хореографиялық ұжым. 2007 жылдың 1 наурызында қала әкімінің шешімі бойынша, Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры болып өз алдына шаңырақ көтерді. Театрдың іргетасын қалаған кәсіби хореографтар – Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтар.

Жас ұжым барлық мәдени-көпшілік мерекелік іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Театрда 130 қызметкер бар. Және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері қызмет етеді. Гастрольдік сапарлармен Нидерланды, Түркия, Ресей, Франция, Бельгия, Қытай, БАӘ, Чехия, Болгария, Катар, Норвегия, Израиль, Украина сияқты Еуропа елдерінде болды. Қазақтың құнды өнерін әлем халықтарына насихаттап жүр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: