24.07.2025
21:30
491
Ан-24 ұшақ апаты болған жерде тергеушілер жұмыс істеуде

Ан-24 ұшақ апаты болған жерде тергеушілер жұмыс істеуде

Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің тергеушілері ұшақ апаты болған Амур облысындағы жерде жұмыс істеп жатыр. Олар сондай-ақ әуе көлігімен байланысты ұйымдарда тінту жүргізіп, құжаттарды тәркілеуде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.   

Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренконың айтуынша, көлік бойынша Шығыс аймақаралық тергеу басқармасы Тында қаласы маңында жолаушылармен бірге құлаған АН-24 ұшағының апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 263-бабы 3-бөлігі бойынша (әуе көлігі қозғалысы мен пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан) қылмыстық іс қозғады. 

Апаттың мән-жайын жан-жақты зерттеу және оқиға орнындағы айғақтарды мұқият бекіту мақсатында ведомстводан тәжірибелі криминалистер мен сарапшылар жіберілді. Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Шығыс көлік тергеу басқармасының басшысы Александр Александровқа тергеу барысы туралы жедел есеп беруді тапсырды. Аталған тапсырманың орындалуын Тергеу комитетінің орталық аппараты жеке бақылауына алды,-деді Светлана Петренко.

Еске салсақ, біз бұған дейін Ан-24 жолаушылар ұшағы байланысқа шықпай жатқанын, кейінірек ұшақтың  өртеніп жатқан қирандылары табылғаны туралы жаздық. Бүгін Амур облысы Тында қаласының маңында апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының барлық жолаушысы қаза тапқаны белгілі болды. Осыған байланысты өңірде үш күндік Аза тұту күні жарияланды.