Амнистияға ілігетіндер жан-жақты зерттелуі тиіс – саясаттанушы

2 Қараша 2022, 18:07 1515

Рақымшылық ету мәселесі күрделі болғандықтан, зерттеу жұмысы істеліп қана қоймай, ондағы құрылатын тізімді реттестірілуі керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қоятын болады. Бұл туралы саясаттанушы Аман Мәмбеталиев өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Амнистия туралы мәселенің талқыға түскеніне біршама уақыт өтті. Тергеу жұмыстары толығымен аяқталған жоқ. Аман Мәмбеталиев кінәсіз, еркінен тыс бүлікшілерге ілескен азаматтарға рақымшылық берілуі қажет деп есептейді.

«Біріншіден, зерттеу жұмысы әлі біткен жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінен материалдың барлығы толық қаралмады. Екіншіден, айыпталушылардың ішінде бүлікшілерден бөлек, қиын жағдайда қалып қойған бейбіт тұрғындар, құқық бұзуға мәжбүр болғандар да бар. Алдымен оларға рақымшылық берілуі тиіс деп ойлаймын», – деді ол.

Саясаттанушы көтеріліс кезінде теріс мақсатта құқық бұзған азаматтар жазалануы қажет екенін атады.

«Елді қорғап, халықтың қамын ойлаудың орнына адамның жеке құқығын бұзған, заңға қайшы іс-әрекет істеген полиция мен әскери қызметкерлер амнистияға ілікпеуі тиіс. Шеруге шықпаса да ғимаратты тонап, кінәсіз азаматтарды ұрып-соққандарға да кешірім берілмеуі керек», – деді Аман Мәмбеталиев.

Ол рақымшылыққа ілігетін айыпталушылар тізімін реттестірудің маңыздылығына тоқталды.

«Рақымшылық ету мәселесі күрделі болғандықтан, зерттеу жұмыстары істеліп қана қоймай, ондағы құрылатын тізімді реттестіру қажет. Яғни кім амнистияға ілігеді, кім ілікпейді, бұл мәселені тиісті мамандар қолға алып, әділ шешім қабылдауы керек», – деді саясаттанушы.

Аман Мәмбеталиев Қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық берілетіндер тізімін адвокат Абзал Құспан сынды бұрыннан зерттеу жұмысымен айналысып келе жатқан мамандар құрса екен дейді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: