30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты1398 жылдың қысында Дели қаласының маңында өздерін жеңілмейтін әскер санайтын екі қол кездесті. Бір жағында сауыт кигізілген соғыс пілдеріне сүйенген Делий сұлтандығының әскері болса, екінші жағында Азияның жартысын басып өткен тәжірибелі атты әскер тұрды. Бұл шайқастың нәтижесі Үндістанның тағдырына ондаған жыл бойы әсер етті.
Әмір Темірдің Үндістанға жорығының ресми себебі діни сипатта болды. Ол жорықты «дін жолындағы қасиетті соғыс» ретінде жариялады. Алайда бұл уәждің өзі сол кезеңдегі жағдайға байланысты даулы еді. Өйткені Делий сұлтандығы әлдеқашан мұсылман мемлекеті болатын. Темір жергілікті билеушілерді дінді жеткілікті дәрежеде ұстанбайды деп айыптады.
Ал жорықтың негізгі себебі саяси әрі экономикалық мүддемен байланысты еді. XIV ғасырдың соңына қарай Делий сұлтандығы әлсіреп, оның аумағындағы билік жергілікті әмірлер арасында бөлшектене бастады. Тақта Тұғлақ әулетінің әлсіз билеушісі Насир әд-Дин Махмұд Шах отырды.
Байлығы мол, бірақ ішкі саяси жағдайы тұрақсыз мемлекет Темір үшін оңай олжа әрі өз ықпалын кеңейтуге мүмкіндік беретін нысана болды.
Жорық 1398 жылдың көктемінде басталды. Әскердің бір бөлігі Темірдің немересі Пір-Мұхаммедтің қолбасшылығымен Мұлтанға қарай бет алса, негізгі қолды Әмір Темірдің өзі бастап, таулар арқылы Үнді өзеніне қарай жылжыды.
Ұзақ жорық бірнеше айға созылып, әскерге оңайға түскен жоқ. Темір әскері Үнді өзенінен байланған қайықтар мен қамыстан жасалған өткел арқылы өтті. Одан кейін Таламба, Мұлтан секілді қалаларды басып алды.
Жорыққа қатысқан Гиясаддин Әли әскери жорық барысын егжей-тегжейлі жазып отырған. Кейін оның жазбалары «Темірдің Үндістанға жорығының күнделігі» деген атаумен белгілі болды. Бұл еңбек тарихшылар үшін жорықтың барысын зерттеудегі маңызды дереккөздердің біріне айналды.
Күзге қарай Темір әскері Делиге жақындады. Алайда ұзақ жол мен үздіксіз шайқастардың салдарынан әскер тұтқындар мен олжаға толып, атты әскердің қимылына кедергі келтіре бастады.
Тарихи деректерде Темірдің тұтқындағы адамдардың көтерілісінен қауіптеніп, шешуші шайқас алдында оларды жаппай қырғынға ұшыратқаны айтылады. Кейбір жылнамаларда олардың саны шамамен 100 мың адам болғаны көрсетіледі.
Насир әд-Дин Махмұд Шах астанасын қорғауға дайындалды. Оның әскерінде ондаған мың жаяу әскер мен атты әскерден бөлек, сол кезеңдегі үнді әскерінің басты күштерінің бірі саналатын соғыс пілдері болды.
Пілдер темір сауытпен қорғалып, үстіне садақшылар орналастырылған. Кейбірінің азуына арнайы жүзді қарулар бекітілген. Мұндай алып жануарлар жаудың атты әскерін қорқытып, сапын бұзуға қабілетті еді.
Сұлтан дәл осы пілдер шайқастың тағдырын шешеді деп үміттенді.
Темір соғыс пілдеріне қарсы тікелей шабуыл жасаудың қауіпті екенін түсінді. Сондықтан ол ерекше тактика қолданды.
Әскерінің алдына ор қаздырып, атты әскерді пілдердің алғашқы шабуылынан қорғады. Бұдан кейін пілдерді үркіту үшін күтпеген әдіске жүгінді.
Жылнамаларда Темірдің түйелерге құрғақ шөп пен бұта-шөп тиеп, оларды өртеп, пілдерге қарай айдатқаны жазылады.
Өртке оранған түйелердің даусы мен түтінінен үрейленген пілдер кері шегіне бастаған. Алайда олар шегінген кезде өз әскерінің қатарын таптап, Делий сұлтанының сапын бұзды.
Осы сәтті пайдаланған Темір әскері садақшылардың шабуылын күшейтіп, қарсыластың бытыраған қатарларына атты әскерін жіберді. Нәтижесінде сұлтанның әскері жеңіліске ұшырады.
Шайқас 1398 жылдың 17 желтоқсанында болғаны тарихи деректерде көрсетіледі. Насир әд-Дин Махмұд Шах ұрыс алаңынан қашып, Делиді қорғаныссыз қалдырды.
Сұлтан әскері жеңілгеннен кейін Дели қарсылықсыз берілді. Алайда қала тұрғындарының тыныштығы ұзаққа созылған жоқ.
Бірнеше күннен кейін Темір әскері қаланы тонауға кірісті. Сарайлардан бағалы бұйымдар, маталар, асыл тастар мен кітаптар әкетілді. Қолөнершілер мен ғалымдардың арасынан арнайы іріктеу жүргізіліп, олардың бір бөлігі Самарқанға жіберілді.
Қаланың қирауы соншалық, Дели ұзақ уақыт бойы бұрынғы қалпына келе алмады. Үндістанға жасалған жорық Темірдің жорықтарының ішіндегі ең қанды оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалды.
Әмір Темір Делиде ұзақ тұрақтамады. 1399 жылы оның әскері Ганг өзенінің жағалауына дейін жетіп, жолындағы бірнеше бекіністі басып алды. Кейін әскер Самарқанға қарай кері бұрылды.
Жорық барысында Темір орасан зор олжа жинап, оны үлкен керуенмен бірге Орта Азияға алып қайтты. Үндістандағы жорық жалпы алғанда шамамен бір жылға созылды.
Әмір Темірдің бұл жорығы оның әскери тактикасы мен қолбасшылық қабілетін көрсеткенімен, Үндістан тарихында аса ауыр зардаптарымен есте қалды. Дели үшін 1398 жылдың желтоқсаны - соғыс пен қираудың символына айналған кезең.
Ал Темір әулетінің Үндістандағы тарихы мұнымен аяқталған жоқ. Бірнеше ғасыр өткен соң оның ұрпағы, Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаған Бабыр Үндістанда жаңа империяның негізін қалады.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды