Америкадағы жоғары білім ерекшеліктері

26 Қазан 2022, 11:18 4840

«Болашақ» бағдарламасының ең бір дұрыс шешімі – қазақ тілінен тест тапсыртып, сертификат талап етуі

2022 жылдың басынан бері «Болашақ» халықаралық білім беру Президенттік бағдарламасы арқасында бір топ қазақстандық педагог-ғалымдармен бірге Америка Құрама Штатындағы New York Film Academy-да (NYFA) бір жылдық тағылымдамадан өтіп қайтқанымызға да көп болған жоқ. «Елге келіп, ес жиып» дегендей, енді ғана Американың білім беру тәжірибесіне шолу жасап шығуды жөн санадық.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 500 ғалымға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өтулері үшін грант бөлуді тапсырды. Осыған орай ғылыми және ғылыми-педагогикалық бағытта қызмет ететін БАҚ өкілінің бірі ретінде біз де өз бағымызды сынап көрейік деп «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, сынағынан өтіп, стипендиат атандық.

Айта кету керек, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының ең бір дұрыс шешімі және басты талабы – ол талапкерден мемлекеттік тіл – қазақ тілінен тест тапсыртып, сертификат талап етуі. Шетелде білім алуды жоспарлағандардың арасында Қазақстанның мемлекеттік қаржысымен тегін білім алғысы келетін азаматтар тым көп. Ал мемлекет қаржы бөлетін болғандықтан талапкердің отаншылдық сезімінің өлшемі - туған елінің мемлекеттік тілін қаншалықты білетінін тексеру дұрыс талап деп білемін.

Қазақ тілінен тест тапсырып тиісті балл жинап, сертификат алған соң, «Болашақтың» бірнеше кезеңнен тұратын сынақтары басталды. Жалпы алғанда оған жарты жылдай уақыт кетті. Сынақ оңай болды деп айта алмаймын. Себебі білікті сарапшылардан таңдап алынған комиссия мүшелері әрқайсысы өзіне тиісті салаға қатысты бірнеше тілде сұрақ қойып, оған нақты жауап алуға тырысты. Неліктен «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқуға бел будың деп басталып, не үшін Американы таңдадың деп аяқталады. Мен сынақ тапсыру үшін 40 минуттан астам уақыт жұмсадым. Барлық сұрақтарға дәйекті түрде асықпай-саспай, қобалжымай жауап беруге тырыстым. Ең соңында шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешіміне сәйкес 196 адамның бірі ретінде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанғанда ғана көңіл орнына түскендей болды. Қуанышымызда шек болмады. Себебі жоғарыда айтқанымдай бір сағат емес жарты жылдай уақыт үміт пен күдік арасында жүру оңай емес екен.

Әлемдегі көп адамның басты арманы шетел аралап, ел көрсем, жер көрсем - «Американы бір көрсем» деген сыңайда болып келеді. Бізге де «Болашақтың» арқасында дәм тартып Американы көру бақыты бұйырды.

Американың штаттарындағы тұмса табиғат пен әсем қалалары және ондағы ерекшеліктер жайлы жазуды алдағы күннің еншісіне қалдыра тұрып, біз қайда және қалай білім алып қайттық, соған кеңірек тоқталайын. 

Біз білім алған Нью-Йорк киноакадемиясының бас ғимараты әлемнің бейресми астанасы саналып кеткен Нью-Йорк шаһарының ең әдемі де байқуатты, яғни қаржы-қаражаты мол ауданында орналасқан.

Академия 1992 жылы «Оскар» сыйлығының иегері, танымал кино, театр және телевизия продюсері Джерри Шерлоктың ұйытқы болуымен актерлік шеберлік және кино мектебі ретінде жеке коммерциялық жоғары оқу орны болып ашылған. Қазіргі кезде «өнерден таласы бар» барлық жастардың оқығысы келетін беделді жоғары оқу орнына айналып үлгерді.

Нью-Йорк киноакадемиясы Өнер және Дизайн мектептерінің Ұлттық қауымдастығымен (NASAD) және WASC жоғары колледждер мен университеттер комиссиясымен (WSCUC) аккредиттелген.

NYFA-ның негізгі білім беретін оқу кампустары мен ондағы білім беру бағдарламалары Американың төмендегідей ірі үш қаласына шоғырланған. Нью-Йорк кампусы: актерлік шеберлік, 3D анимация және визуалды әсерлер, телерадио журналистикасы, кинематография, сандық монтаждау, режиссура, деректі фильмдер өндірісі, өнерге қатысты ағылшын тілі (ESL), ойын дизайны, графикалық дизайн, фильм түсіру шеберлігі, музыкалық театр, орындаушылық өнер, фотография, продюсерлік, сценарий жазу шеберлігі, виртуалды шындық, бейнелеу өнері.

Лос-Анджелес (Калифорния) кампусы: актерлік шеберлік, 3D анимация және визуалды әсерлер, кинематография, сандық монтаждау, режиссура, деректі фильмдер өндірісі, өнерге қатысты ағылшын тілі (ESL), ойын дизайны, графикалық дизайн, фильм түсіру шеберлігі, орындаушылық өнер, фотография, продюсерлік, сценарий жазу шеберлігі, бейнелеу өнері.

Флорида (Майами) кампусы: актерлік шеберлік, фильм түсіру шеберлігі.

Бұл киноакадемия беделі жыл өткен сайын асқақтап қанатын кеңге жаюда десек болады. Оған дәлел соңғы уақытта Америка құрлығынан бөлек, Еуропадағы Италияның Флоренция қаласында, Австралияның Голд Коаст қаласында кампус-филиалдары ашылған болса, Гарвард университетінде (АҚШ), Париж (Франция), Мәскеу (Ресей), Мумбай (Үндістан), Киото (Жапония) және Қытайдың екі ірі қаласында (Бейжің, Шанхай) ресми өкілдіктері жұмыс істеп жатыр.

Нью-Йорк киноакадемиясының атағын аспандатқандар қатарында әр жылдары оқып бітіріп, өз шеберліктері арқасында атақты актер атанған Стивен Спилберг, Джеймс Брукс, Аль Пачино, режиссер, продюсер, жазушы Антонио Чавес Трехо, режиссер, продюсер Рохит Гупта, актриса Масали Бадуза және т.б. бар.

NYFA-ны бітірген танымал қазақ қыз-жігіттері де бүгінде бір төбе: кинорежиссер, мобилограф Қыран Талапбек, режиссер, продюсер, сценарист Асқар Бейсембин, кинорежиссер, сценарист Фархат Шәріпов, режиссер, клипмейкер Айсұлтан Сейітов, актрисалар Әсел Сағатова мен Әлия Әнуарбек (Телебарисова) және т.б.

Американы бір көруге асыққан біздер өткен жылдың желтоқсан айының соңында Нью-Йорк қаласының Куйнс ауданына келіп орналастық. Нью-Йорк киноакадемиясына бармас бұрын бір апта уақыттық-климаттық және онлайн түрде академиялық бейімделуді бастан өткердік. Осы аралықта Академия бізге АҚШ-та жүріп-тұру ережелерінен (нәсілге, жынысқа, түрге, тілге бөлінбеу, біреуді сыртынан жүріс-тұрысын, тіпті киген киімін сөз қылмау сынды тыйымдар) бастап, оқу орны жайлы, оның тарихы, бірегей оқыту жүйесі, ішкі талап-ережелері жайлы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бір апта бойы күнде өнерге қатысты ағылшын тілін (ESL) белсенді түрде үйретті. Кейін ағылшын тілі әр сенбі сайын жарты күн оқу бағдарламасы аяқталғанша оқытылды. Ағылшын тілінің оқытушысы, доктор Марк Вудс (Dr. Mark Woods) өзінің негізгі мамандығы кинотанушы, голливудтық бірнеше топ фильмдердің сценариін жазған драматург, заңгер болса да тілді үйрету әдісі жеңіл әрі қызықты болды. Сырттан келіп, тілдік адаптациядан өту басында шынымен де қиын болды. Кітаппен оқып үйренген сөздерді жергілікті жерде мүлде басқаша, яғни қолданыста көп сөздер қысқартылып қолданылатындықтан, түсіну қиынға соқты.

Алғашқы сабақтар онлайн болғанымен кейіннен барлық негізгі сабақтар оффлайн оқытылды. Оқу орнының басшылығы біздерге бірден ескертті, сіздердің алдыларыңызда екі таңдау құқығы бар: егер оқу оқып білім аламын десеңіздер, сабаққа күнде таңнан кешке дейін қатысуға тиісті боласыздар. Ал егер сабаққа қатыспай мұнда (Америкаға) жұмыс істеуге келген болсаңыздар, оны бірден айтыңыздар (өкінішке орай, бұрынғы КСРО елдерінен келгендер осындай әрекетке барады екен). Біз тез арада шешім шығарамыз да, оқығысы келмейтін студенттерді Қазақстандағы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына хат жазып хабарлап, келісім-шартты бұзамыз деді.

Оқу бағдарламасы бір жылдық, яғни екі семестрге жоспарланған болса да сабақ кестесі өте тығыз, тіпті демалыссыз болды десек те болады. Енді ондағы дәріс беру ерекшеліктеріне біздікімен салыстырмалы түрде бір шолу жасап өтейік.

Күнде таңертең сабақтың 10 минуты NBC, CNN сынды танымал телеарналардағы таңғы жаңалықтарға шолу жасап шығуға арналады. Содан кейін бір аптада қандай тапсырмалар берілетіні айтылады. Негізгі екі сағаттық сабақтың тек 20 минуты ғана теорияға, қалған уақыттың барлығы практикаға жұмсалады.

Бұл Академияның тағы бір артықшылығы студенттер үшін техникалық базаның толықтығы. Яғни телерадио журналистика студенттеріне қажетті камера, микрофондар (ілмекті, пушка, бум), диктофон, жарықтар (камера үсті, студиялық, локациялық), қуаттағыш құрылғылар (аккумулятор, батарея) және т.б. қосалқы құрал-жабдықтар. Жоғары оқу орны мен Сақтандыру компаниясы арасында келісім-шарт жасалған, сол арқылы барлық техника сақтандырылған. Сынса, бүлінсе акт жасалып, сақтандыру компаниясына жіберіледі. Сондықтан да олардың барлығы студенттер үшін қолжетімді.

Оқу аудиториясы керекті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әрбір класта диагоналі үлкен соңғы үлгідегі теледидарлар ілінген.

Ал біздегі оқыту жүйесі керісінше, әлі күнге теорияға басымдық беріліп, практикаға қажетті деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Техника және құрал-жабдық саны аз болғандықтан шығар, студенттерге толық қолжетімді деп айта алмаймыз. Осы ретте NYFA-ның тәсілін біздің оқу орындарына да енгізіп, сақтандыру компанияларымен келісім-шарт негізінде жұмыс істесе деген ұсыныс бар.

Нью-Йорк киноакадемиясына біз телерадио журналистикасы (Broadcast journalism) бойынша білімімізді жетілдірдік. Мұндағы бірегей білім беру жүйесіндегі артықшылық – әр пәннен салада кәсіби түрде еңбек етіп жүрген, бірнеше жылдық тәжірибесі бар практик-оқытушылар дәріс береді.

Телевизия жаңалықтарына сюжет түсіру, оны монтаждау, дайын материалды эфирден беру; деректі фильмге тақырып немесе кейіпкер табу, сценарий жазу, бейнекамерамен немесе фотоаппаратпен түсіру, түсірілген жұмысты монтаж үстелінде өңдеу, бояу сынды әрбір процесті сол салада қызмет етіп жүрген маман үйретеді.

Нью-Йорк киноакадемиясында PBC, ABC, CBS, Discovery, HBO телеарналарында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан, телерадио журналистика факультетінің құрметті төрағасы, АҚШ-та телевизия саласының мықтыларына берілетін «Эмми» халықаралық сыйлығының иегері, деректі фильмдер режиссері, продюсер, сценарист Билл Енрейнхофер (Bill Einreinhofer), факультет деканы, телерадиолардың (A&E, Fox, Discovery, CBS, History, Travel, WSVN, WTVJ, NBC) продюсері, сценарист Фред Сильверман (Fred Silverman), «Эмми» сыйлығының иегері, жаңалықтар редакторы, телевизия (NBC, ABC) және деректі фильмдер продюсері, сценарист Роберт Ферарро (Robert Ferraro), «Эмми» сыйлығының 7 мәрте және Альфред беделді сыйлығының иегері, ABC телеарнасының техникалық директоры, телевизия режиссері Джон Фидер (John Fider), Radio Europa Plus жаңалықтар дикторы, жеке журналистика ұстазы, монтаж шебері Евгения Власова (Evgenia Vlasova), түрлі жарық шамдарын қоюшы, Canon, Sony, Red, Black Magic, Arriflex, Panasonic, Panavision сынды камераларды меңгерген кәсіби оператор, бірнеше деректі фильмдердің қоюшы-операторы Даниэль Энрандес-Алонзо (Daniel Hernandez-Alonso), сахна тілінің маманы, дикторларға дауыс қоюшы Рико Мартини (Ricco Martini) сынды мықты ұстаздар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісе отырып, аз уақыттың ішінде көп нәрсені үйретті.

Байқасаңыз мұнда оқытушы құрамның ғылыми дәрежесі аса маңызды емес. Бастысы коммерциялық жеке оқу орны болғандықтан «сұранысқа - ұсыныс» принципімен жұмыс істей білуі қажет. Біздегідей сен қандай кәсіби мықты маман болсаң да ғылыми дәрежең (кандидат, доктор, профессор, академик) болмаса оқытушы бола алмайсың деген түсінік жоқ. Ең бастысы оқытушы білгенін үйретіп, алдына келген студенттің талғамы мен талабынан шыға білсе болды. Мұнда қандай оқытушы болса да барлығын бірдей «профессор» деп атау қалыптасқан.

Бір жыл ішінде біздерге телевизиялық жаңалықтар жасаудың тәсілдерін бастапқы процесінен бастап, соңғы сатысына дейін үйретті. «Заманына қарай маманы» дегендей, қазіргі заманда телевизия маманы әмбебап болуы қажеттігін әрбір дәріс сайын құлағымызға құйып, мысалдармен көрсетіп отырды. Сондай болуды ұл-қызыңа, жас-кәріңе қарамай қатаң түрде талап етті.

Мысалы бейне камераны корпустан алып шығып, түсірілім жасайтын жерге барып, құрастырып, оны бабына келтіріп алып түсіру және түсірілім аяқталған соң қайтадан кейсіне ұқыптылықпен жинап салуды үйретті. Жарық шамдарын да дәл солай құрастырып-жинау процестерін әрқайсымызға жеке-жеке үйретті.

Жаңалықтарға тақырып табу, оған сценарий жазып, сюжетке оператор болып камераға түсіру, тілші болып интервью алу, түсірілген видеоларды кесіп, қиып, бояп монтаждау, эфирге дайындау. Дайын болған сюжеттерді NYFA News жаңалықтар шоуында көрсету үшін телевизия продюсері, редактор, дыбыс режиссері, монтажер сынды процестердің барлық сатысынан өттік.

Бұдан бөлек жеке журналистика (personal journalism) бойынша 5 түрлі тақырыпта деректі фильмдер түсіріп, барлығын академияның интернеттегі арнайы парақшасына жүктеп отырдық. Осы сәтті пайдаланып, сол кезде үйрену үшін түсіріп, дайындаған фильмдерімнің ютубтағы сілтемесімен де бөлісе кетейін.

Personal journalism| cause: Cyzon Griffin – musician, drummer https://www.youtube.com/watch?v=PUkL39ZHYBQ;

Personal journalism| place: meeting point – the restaurant «Shashlichnaya» in New York https://www.youtube.com/watch?v=KLSXiJJTFwg;

Personal journalism| experience: bright voice on the road https://www.youtube.com/watch?v=ueFHbymrW6I;

Personal journalism| profile: Ansar Madengali, multi-instrumentalist https://www.youtube.com/watch?v=0xpDEIKgbqM&t=2s;

Personal journalism| truth: Rafis Abazov – professor, doctor of philosophy https://www.youtube.com/watch?v=YZBg3HzOcFc&t=60s.

 Мұндағы тағы бір ерекшелік – оқытылатын дәрістер бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сабақты өту процесінде тәртіпке бағынасың, жобаны берілген уақыттан (deadline) кешіктірмей өткізу өте маңызды. Себебі бір жоба біте салысымен келесі жобаның тапсырмасын жүктеп жібереді. Сондықтан әр тапсырманы өз уақытынан кешіктірмеуге тырысасың.

Әрбір жобаның уақыты аяқталған соң, оқытушылар құрамы қарап өз бағаларын береді, артық-кемін көрсетіп, түзету жолдарын айтады. Бұл процеске барлық оқытушылар мен қоса факультет деканы да арнайы уақыт тауып, оффлайн-онлайн форматта қатысатыны бізді сүйсінтті. Қатемен жұмыс күні деп бір күн арнайы уақыт бөлетіні де жақсы үрдіс.

Америкалықтардың менталитеті біздікінен мүлде бөлек. Оқытушылар сабақ уақытынан бір минут артық отырмайды, уақыты біте салысымен сол жерден тоқтата қояды. Бірде сценарий жазу шеберлігі сабағында ұстазымыз профессор Роберт жазған жұмысымды тексеріп отырып сағатына қараса, сабақ уақыты аяқталыпты. Ол кісі бірден тоқтата қойды. Менің «профессор, бір ғана абзац қалды ғой, тексеруді аяқтай салыңызшы» дегеніме, «алаңдама, ертең де күн бар» деп шықты да кетіп қалды. «Уақыт - ақша» түсінігін мұндағылар берік ұстанатындығын сонда сезіндік.

Ал бірақ ол ұстазды жасы 87-ден асса да сабақ кезінде жас балаша жанын беріп түсіндіріп, шабытыңды оятып жіберетіні үшін құрметтеп кеттік.

Жалғасы бар...

Дәурен Мақсұтханұлы

Суреттер автордың жеке мұрағатынан

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: