Әмеңгерлік жолмен отбасын құрған жұп махаббат хикаясын бөлісті

8 Қараша 2023, 14:10 20175

TikTok желісінде хит болған Түркістан облысының тұрғындары Жеңіс Сейдеханов пен Сандуғаш Садық Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында өздерінің  әмеңгерлік жолмен қалай отбасы құрғанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жеңіс Сейдехановтың айтуынша, туған інісі 2012 жылы үйленген. Келіні бауырымен бақытты, тату-тәтті өмір сүрген.

Сандуғаш Садық Жеңіс Сейдехановтың інісімен әлеуметтік желіде танысып, отбасын құрған.

4 жыл бірге тұрдық. Бір ұл, бір қызымыз болды, - дейді Сандуғаш Садық.

Өкінішке қарай, бақытты жұптың қуанышы ұзаққа созылмай Сандуғаштың күйеуі жол апатынан қайтыс болады. Осылайша Жеңіс Сейдеханов 2016 жылы марқұм інісінің 100 күндік асын бергеннен кейін, яғни 3 айдан соң қазақтың әмеңгерлік дәстүрімен келіні Сандуғашқа сол әулетте неке жаңғырту туралы ұсыныс жасайды.

Бұл ұсынысты алдымен анама айттым. «Әмеңгерлікпен келінге қосылсам, екі бала алдыңызда жүреді» дедім. «Сен әлі бойдақсың, үйленбегенсің. Өзің ойлан, балам. Қалауың осы болып жатса, қарсы емеспін» деп жауап берді анам, - деді Жеңіс Сейдеханов.

Сандуғаш Садық мұндай ұсынысқа бірден келіспеген.

Бұл туралы ұсынысты маған анам жеткізді. Басында мен де, әкем де келіспей жүрдік. Кейін қазіргі жолдасым өлең шығарып, әлеуметтік желі арқылы ойын жеткізді, - деді Түркістан облысының тұрғыны.

Осыдан кейін Сандуғаш Жеңістің бұл ұсынысын қабыл алып, туған қайын ағасына тұрмысқа шығады. Алайда басында оларға отбасы ретінде бір-біріне үйренісу екеуіне де қиын болған. Бүгінде қос жұп бақытты өмір кешуде. Олардың басынан өткізген оқиғасы туралы TikTok желісіне салған фотолары айтарлықтай көп қаралым жинаған.

Әлеуметтік желідегі трендті қайталап, 2016 жылы әмеңгерлікпен үйлендім, ал 2023 жылы 5 бала-шағалы болдым деп салдым. Бұл фотолар миллионнан астам қаралым жинайды деп ойламадым, - деді Жеңіс Сейдеханов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: