10.02.2026
14:06
991
Амангелді Сейітханды эфирден кім шеттетті? Телжан Күдеров себебін айтты

Амангелді Сейітханды эфирден кім шеттетті? Телжан Күдеров себебін айтты

Спорт журналисі Телжан Күдеров марқұм әріптесі, қазақ спорт журналистикасының көрнекті өкілі Амангелді Сейітхан туралы естелігін бөлісті. Ол El.sport YouTube арнасына берген сұхбатында Амангелді Сейітханның кәсіби жолында көрген қысым мен шектеулерді ашық айтты.

Телжан Күдеровтің айтуынша, Амангелді Сейітханды біртіндеп эфирден шеттету 2000-жылдардың басында басталған. Ол эфирге шығып, ірі жарыстарды жүргізуден қағылып, ең соңғы Олимпиадасына да баруға мүмкіндік ала алмаған.

Амангелдіні эфирден алып тастады, жарыстарға бармай қалды. 2018 жылы Пхёнчхан соңғы Олимпиадасы болды. Оның өзінде сол кездегі вице-министр Сәкен Мұсайбеков маған “Амангелдіні алып келіңізші” деп тізімге қостырды. Ол кезде “Хабар” тарапынан Амангелдіні жібермейміз деді. Ол тіпті “еңбек демалысын алып барамын, жарысты көрейінші” деген еді. “Хабар” арнасының сол уақыттағы басшылығы “жарысқа шықпа, барма деп, эфир бермеді” деді. 2004-тен бастап, Амангелдіні эфирден алып тастады. Ашық айтты, қатты айтты деген шектеулер болғандықтан, ол кісі қиыншылық көрді. Жүріп қалған адам барғысы келеді, көргісі келеді. Сол кезде Амангелді ішқұса болды, ашылмай қалды. Бірақ енді тікелей келген ажал ғой. Бірақ соның бәрі жүйкесіне әсер етті деп айтады. Қиянат жасалды ғой. Өйткені ол бүкіл жандүниесін эфирге салатын. Жарты сағат трансляция жасаса, жеңілдеп қалатын. 1998-2002 жылдардағы әлем чемпионаттарын қалай жүргізді?! Сол кезден бастап қысым көре бастады. Әрине, ол адамның жүйкесіне әсер етеді. Белден басуға, біреуді нақақтан-нақақ жазалағанға шыдамайтын. Бірден ашуы көтеріліп шыға келетін. Ал ондай адамды кім жақсы көрсін?! – дейді ол.

Оқи отырыңыз: 

Телжан Күдеров Амангелді Сейітханның тек кәсіби шеберлігімен ғана емес, азаматтық және патриоттық ұстанымымен де ерекшеленгенін атап өтті. Оның айтуынша, эфир уақыты шектеулі болса да, марқұм ұлттық спорт пен қазақ спортшыларының жетістігін бірінші орынға қойған.

Бізге 1,5-ақ минут беретін. Сонда бізге “дайын материалды бере берсеңдерші” десе, Амангелді “жоқ, біз ұлттық спортты береміз” деп бәйгені, сапасыз видео болса да, қазақ балалары жүлде алған жаңалықты беретін. 2000-2004 жылдар аралығында солай жұмыс істедік, – дейді Телжан Күдеров.

Еске сала кетейік, қазақ телевизиясының ардагері, спорт комментаторы Амангелді Сейітхан 2021 жылы 52 жасында дүниеден өтті. Ол қазақ спорт журналистикасында өз қолтаңбасын қалдырған, эфирге бар болмысын салып, көрерменмен шынайы байланыс орната білген санаулы мамандардың бірі еді.