Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау үшін партия активімен жиын өткізді, деп хабарлайды El.kz.
Оған Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Орталық аппараттың қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференция байланысы арқылы партияның барлық аймақтық филиалдары қосылды.
Ерлан Қошанов жиынға қатысушылардың назарын Жолдау – Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы тағы бір үлкен қадам екеніне аударды.
«Жолдауда Президент әдеттегідей, қазақстандықтардың ең өзекті сауалдарына нақты жауабын берді. Бұл бастау алған саяси өзгерістердің жалғасы. Президенттің сөзі мен ісі бір жерден шығатынының тағы бір дәлелі – осы. Алдағы сайлау науқандарының кестесі жарияланды. Мемлекет басшысы Президент мандатын қысқарту және ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді. Мұның бәрі реформалар бағытының дәйектілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді», – деді ол.
Сонымен қатар, партия Төрағасы қазіргі сын-қатерлерге қарамастан, Президент мемлекеттік әлеуметтік саясатты күшейтіп жатқанын атап өтті: білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға, жастар мен ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен қаражат бөлінуде, барлық әлеуметтік төлемдер индекстелуде, зейнетақы қайта қаралуда, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылуда.
«AMANAT» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамаларын толық қолдайды. Президенттің Жолдауда ұсынған барлық реформалары – бұл елдің жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін прогрессивті әрі уақтылы шаралар», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ іс-шара барысында партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің Бас директоры Дархан Қыдырәлі сөз сөйледі. Оның айтуынша, Жолдау ел дамуының алдағы бағытын айқындайды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты толғандыратын барлық өзекті мәселені қамтыды. Бұл су ресурстарының жетіспеушілігі, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, игерілмеген жерлерді қайтару және тағы басқалар. Сондықтан біз Президенттің бағытын толық қолдаймыз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев Алматының жастар мен студенттер қаласы екенін атап өтті.
«Бұл ретте, 100 мың жас азаматты жұмысқа орналастыру, жас кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беру, студенттер жатақханасының мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қамтылған Жолдау – болашақ ұрпақтың мәселелері Президенттің назарында екенін айқындап отыр», – деді Мейіржан Отыншиев.
Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова барлық міндет қоғамның, мемлекеттік аппараттың және «AMANAT» партиясының ортақ күш-жігерімен іске асады деген пікір білдірді.
«Бүгінгі жұмысымызда қоғамдық диалог, ашықтық, тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел ден қою мәселесі басым бағыт болуы тиіс. Сол арқылы ойға алған дүниенің барлығын іске асыра аламыз», – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына Жолдауды халық арасында ілгерілету және онда айтылған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру үшін барлық партиялық ресурстарды жұмылдыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.