«Amanat» фракциясының депутаттары Екібастұз қаласындағы ірі апатқа қатысты мәселені көтерді

5 Сәуір 2023, 12:31 932
«Amanat» фракциясының депутаттары Жарқынбек Амантай мен Дүйсенбей Тұрғанов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға Павлодар облысының Екібастұз қаласында былтырғы жылыту маусымында болған ірі апатқа қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
«Қаһарлы қыстың қақ ортасында сұп суық баспанада қалған мыңдаған тұрғынның жай күйін Сіз жақсы біліп отырсыз. Ел басына күн туған шақта билік тарапынан берілген уәде, айтылған жоспар көп еді. Шешуді қажет ететін өткір мәселелер әлі де аз емес. Біріншіден, үйлерді жылытуға жұмсалған электр энергиясы үшін өтемақы төлеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Екінші мәселе, жылу жүйесін жаңғырту бойынша жобалар бар, алайда қаржыландыру көзі белгісіз. Үшіншіден, Екібастұз Жылу Электр Орталығының су жылыту қазандықтарын жөндеуге қаражат анықталмады», - деп жазылған сауалнамада.
 
Сондай-ақ депутаттар аталған мәселені шешу шеңберінде Павлодар облысы әкімдігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің сол кездегі және қазіргі бірінші орынбасары Роман Склярдың атына хаттар жолданғанын айтты. Алайда, бұл саланы дамытуға жауапты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі облыс әкімдігінің жіберген ұсынысын қабылдамады. Осы уақытқа дейін мәселе шешілмеген күйінде қалды деп отыр.
 
«Міне, көктемнің екінші айына қадам бастық. Келесі жылу маусымына дейін жөндеу жұмыстарын жасап үлгермей қалу қаупі бар. Сондықтан Екібастұз қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу мүмкіндігін қарауды жеделдету қажет деп есептейміз. Тағы бір маңызды жай, аталған стратегиялық нысандар кімнің иелігінде және қалай болатындығын әлі нақтыланбады. Аталған мәселелерді шешуге байланысты қандай шешім бар және қандай жұмыстар жасалуда? Жоғарыда аталған негізінде және заң талабына сәйкес, жауапты жазбаша түрде белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне жолдауыңызды сұраймыз», - делінген сауалнамада.
 
 
Ажар Лаубаева
Бөлісу: