Аман Тасыған: Фильмдегі үш кейіпкердің тәуекелі – жастар үшін мотивация

10 Қаңтар 2023, 16:05 5977

Үш түрлі кейіпкер үш түрлі әлеуметтік мәселемен айналысады

Елімізге белгілі журналист, халықтың көңілінен орын алған көптеген жобалардың авторы Аман Тасығанның жуырда «El muraty» деген атпен жаңа деректі фильмі El.kz ақпараттық агенттігінің қолдауымен көзіқарақты көрерменге жол тартты.

Бұл деректі фильмде автор Жаңа Қазақстан және оның кейіпкері қандай болу керек деген сұраққа бірнеше кейіпкердің өмір жолы арқылы жауап іздейді. Үш түрлі кейіпкер үш түрлі әлеуметтік мәселемен айналысады. Яғни, кейіпкерлер бұл еңбектері үшін мемлекеттен алақан жайып ештеңе сұрамайды.

«Басты мақсат – өзгеше ойлай алатын, еңбектеріне ақыны қаламайтын және қарапайым ерлік жасай алатын еріктілердің істерін өзгелерге үлгі ретінде көрсету», – дейді фильм авторы.

Журналист фильм бірнеше образ арқылы жастарды білім алуға, еңбекке және қоғам алдында үлкен жауапкершілікке шақырады. Бәсекеге қабілетті, жарқын жүзді, білімге құштар, ар-намысы мен рухы биік, тарихына таныммен таныс кейіпкерді насихаттайтынын айтты.

«Үш кейіпкердің тәуекелі жастар үшін үлгі және мол мотивация. Мәселен Бурахан секілді елімнің болашағы үшін деп Теріскейге көш бастауы тек мықтылардың қолынан келетін іс. Ақмаржан секілді әлеуметтік әнді айту және танымал болудан да ұлы мақсаттардың бар екенін жүрекпен түсіну және Қазірет сынды жігіттердің ғылымды дамытуға жанын салу бас бармақпен баға беретін істер», – дейді журналист.

Фильмдегі Бурахан Дақанов – ерікті. Солтүстікті қазақиландырумен айналысады. Мақсаты еліміздің солтүстік аймағына 250 мың отбасын көшіру. Сол аймақтарда қазақ тілінің мәртебесін арттыруды қалайды. Қазірет Бердіхан – айтыскер ақын, ұстаз, кәсіпкер. ҚазҰУ-де физика пәнінен сабақ береді. Білімді жастардың, оның ішінде нақты ғылыммен айналысатындардың көп болуын қалайды. Ал Ақмаржан Көшербаева БҰҰ ЮНФПА Қазақстандағы қорының құрметті елшісі әрі әнші. Еліміздегі гендерлік теңдік, ана мен бала құқықтары және денсаулығы мәселесін жүйелендіру қажет деп санайтындығын айтты.

Журналистен фильмді не себепті «El muraty» деп атағанын сұрадық.

«Біздің елдің мұраты қандай болу керек? Осы сұрақтың осы уақытта жауабы Жаңа Қазақстанның жағдайында аса маңызды. Кейіпкерлер арқылы әр қазақстандық осы адамдар секілді ойлана алса деген мақсатты жеткізгіміз келді. Кейіпкерлер өмірінен сабақ алса, сана өзгерсе деген түпкі ойымыз болды және көрермен пікірінен түсінгеніміз бойынша әсер ете алдық. Деректі фильм жанға жақын жанр. Артықшылығы өмірдің өзін көрсету», – дейді белгілі журналист Аман Тасыған.

Журналистің бұған дейін де көптеген жобалары барын білеміз. Бұл деректі фильм алғашқы емес және соңғы да емес екендігін тілге тиек етті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: