«Алжирде» азапталған қазақ зиялыларының әйелдері мен балалары

31 Мамыр, 15:00 2283

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1930 жылдары 103 мыңнан астам қазақстандық қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. «Халық жауы» деген жаламен мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлері, алашордалықтар тұтқындалып, азап шекті. Тіпті, зиялылардың әйелдерін лагерлерге қамап, ауыр жұмыс істеткен. Ал балаларын балалар үйіне жіберген. Қазақстан аумағында орналасқан Алжир лагеріне 20 мыңға жуық 68 ұлттың әйелі отырды. El.kz  ақпарат агенттігі Алжир лагерінде отырған қазақ зиялыларының әйелдері жайлы шолу жасады.  

Лагерлерге бірінші кезекте тұтқындалған белгілі ақындардың, жазушылардың әйелдері түсті. Соның ішінде Алжир лагерінде 87 қазақ әйелі отырған.

Күнжамал (Гүлжамал) Майлина – «халық жауы» деп айыпталып, атылған белгілі жазушы Бейімбет Майлиннің жұбайы. Ол Алжир лагеріне 5 жылға жіберілген. Күнжамал лагерде қой бағумен, мал шаруашылығымен айналысты. Сол кезде Бейімбет пен Күнжамалдың  5 баласы болған.

Суретте: сол жағындағы Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал Майлина / оң жағындағы Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова 

Бейбімбет Майлиннің жиені Дәметер Сейітжанова естелік әңгімесінде: «Бейімбеттің үйі тінтіліп, кітаптары мен жазбалары тәркіленді. Ол тұтқындалғаннан кейін Күлжамал Майлина бес баламен тұрып жатқан пәтерлерінен далаға қуылды. Кейін балаларын алып, Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатимамен екі бөлмелі ескі баспананы бірге паналаған. Ішерге ас, киерге киім таппай қос отбасы қатты қиналады», - дейді. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа Бейімбеттің екі ұлы бірдей аттанады. Тұңғыш ұлдары Әукен Майлин соғыс даласында қаза тапты. Ал Мереке Майлин 1943 жылы майданға аттанып, қайтып оралды. Балаларының қан майданға аттануының бірден бір себебі әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеу болды. Ата-анасы лагерге тоғытылған соң, олардың қыздарын интернатқа, балалар үйіне жіберген.  Қыздарының бірі Ғалия Осакаров балалар үйіне жіберілді. Сол кездері балалар үйінде өлім-жітім көп болған. 

Суретте: Бейімбет Майлиннің балалары 

Қыстың күні осы балалар үйінің дәлізінде үлкен бөшке тұратын, оған мерт болған балалардың мәйіттерін жинайтын да, көктем шыққанда оларды жерлейтін. Ғалияны мерт болды деп есептеп, осы бөшкеге салған. Бақытына орай, тәрбиеші Валя тәте Ғалияның қолдары жыбырлағанын байқап, бөшкеден шығарып алып, өз үйінде тәрбиелеп өсірді. Кейіннен Күнжамал Майлинаның  қызы екенін білді. Түрмеден босағаннан кейін анасы қызымен кездесіп, Қарағандыға, одан кейін Алматыға көшті, - дейді «Алжир» мемориалды-мұражайының маманы Гүлнұр Мейірханқызы. 

Суретте: бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым, екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім.

Ғалия Майлинқызы Алматы қаласында медициналық институтты тәмамдап, дәрігер атанады. Қазіргі таңда Ғалияның балалары мен немерелері Алматыда тұрады.

Суретте: Гүлсім Майлина отбасымен

 

Әзиза Рысқұлова – «халық жауы» деген айыппен тұтқындалған Тұрар Рысқұловтың жұбайы. «Отанын сатқандардың» отбасы мүшесі ретінде Әзиза Рысқұлованы Алжир лагеріне жіберіп, 8 жылға бас бостандығынан айырады. Ол лагерге 8 айлық Рида есімді қызымен бірге келеді. Кейіннен оны Осакаров балалар үйіне жөнелтеді. Ал үлкен қызын Украинадағы балалар үйіне орналастырады. Осылайша Әзиза Рысқұлова Алжирде 10 жылын өткізді, оның ішінде 8 жылын отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде, қалған 2 жылын өз еркімен жалданған маман ретінде өткізді. Бұл жылдары мал фермасында ветеринарлық дәрігер болып жұмыс істеді.

Суретте: Әзиза Рысқұлова мен Тұрар Рысқұлов (архив)

Әзиза Рысқұлованың анасы Ғарифа Есенғұлова да «отанын сатқандардың» отбасы мүшесі ретінде 8 жылға сотталып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберілген. Арифа Алжир лагеріне 1938 жылы Мәскеу қаласынан әкелінді. 50 жасында лагерге тоғытылып, 58 жасында жазасының өтілуіне 2-3 ай қалғанда миына қан құйылып қайтыс болған.  

 

Дәмеш Жүргенова – мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың әйелі. Темірбек «халық жауы» деген айыппен ұсталып, ату жазасына кесілгенде оның әйелі Дәмешті Алжир лагеріне жібереді. Лагерде дәрігер болып қызмет етіп, өз мерзімін өтеп шығады. 1946 жылдың наурыз айында өз еркімен жалданған маман ретінде Севурлагта жұмыс істейді.

Дәмеш Жүргенова лагерде әйелдерге көп көмектеседі. Ол дәрігерлік қызметін пайдаланып, әйелдерді дала жұмысына жарамсыз деген қағаз жазып беретін болған. Сондағы мақсаты әйелдер 1-2 сағат немесе 1-2 күн болса да балаларының жанында болуын қалаған, - дейді «Алжир» музейінің маманы.

 

Элизавета Сәдуақасова – мемлекет қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың әйелі. Жанайдар Сәдуақасов «халық жауы» деген жалған жаланын құрбаны болып, атылды. Ал әйелі Элизавета Сәдуақасованы 8 жылға Алжир лагеріне, кейін КарлаГ-қа жібереді. Жандайдар Сәдуақасовқа «халық жауы» деп жала жабылған кезде Элизавета жалғыз ұлы Рүстемді аман алып қалу үшін өзінің әпкесінің жолдасының атына жазып, тегін ауыстырған. Сөйтіп, Рүстем Мангелдин атанып кеткен.

Суретте: сол жағындағы Жанайдар Сәдуақасовтың әйелі Елизавета Сәдуақасова / оң жағындағы Сейітқали Меңдешевтің әйелі Рәзия Меңдешева 

Лагерде 8 жыл отырып, мерзімін өтеп шыққан соң Ташкент қаласында баласымен қауышады. Қазіргі таңда отбасымен бірге Өзбекстанда тұрып жатыр.

 

Жанбике Шанина – Жұмат Шаниннің жұбайы. Жұмат Шанин – қазақтың тұңғыш драматургы, қазақ театрының негізін қалаған. Ал оның жары Жанбике Шанина қазақтың алғашқы актрисаларының бірі.

Жұмат Шанинге «Сталинге қастандық жасамақ болған» деген айып тағылған. 1936-шы жылы Мәскеудегі онкүндікте сахна шымылдығы 12 минутқа кешігіп ашылады. Осы 12 минут оны ату жазасына кесуге жеткілікті факті болған. Ал Жанбике Шанинге «халық жауының жары» деп 8 жылға бас бостандығынан айырып, лагерге жібереді. Алжир лагерінде мерзімінен өтеп шыққан соң, денсаулығы сыр беріп қайтыс болады.

Олардың жалғыз баласы Мәскеуге қазақ концертін беруге бара жатқан жолда шетінеп кетеді. Артында ұрпағы қалмаған. 

 

Гүләндам Қожанова – Сұлтанбек Қожановтың әйелі. Қожанов елдің әлеуметтік-саяси жұмысына белсенді араласты. Елде болған ашаршылық кезінде халыққа көмектесті. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылдары Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы органдар ашуды ұйымдастырды. 

Суретте: ортасындағы Гүләндам Қожанова

Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы «халық жауы» деп тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болады. Ал әйелі Гүләндамды еңбек лагеріне жібереді. Ол лагерде дала жұмыстарымен айналысады, кейін тігін фабрикада жұмыс істейді.

11 жыл лагерде отырып шыққан соң, Сұлтанбек Қожановты ақтау үшін барынша күш салады. 1957 жылы Қожанов ақталады. Бірақ оның жазған еңбектері еш жерде жарияланбайды. Тек 1994 жылы ғана шығармалары жарыққа шығады. Дегенмен бұл жаңалықты Гүләндә Қожанова естіместен, 87 жасында өмірден өтеді.

Гүлбаһрам Сейфуллина – Сәкен Сейфуллиннің әйелі. 1908 жылы дүниеге келген. Сәкен екеуі 1926 жылы отау құрады. Сәкен мен Гүлбаһрамның Лаура және Мұхтар Әуезов атын қойған Аян есімді баласы дүниеге келеді, бірақ екеуі де жастайы шетінейді.

Сәкен 1937 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, атылды. Ал әйелі Гүлбаһрамды «халық жауының жұбайы» ретінде Ақмолаға жер аударып жібереді.

Суретте: Елизавета Сәдуақасова ұлы Рүстеммен 

Соғыс басталар қарсаңында Қаскелеңдегі «Қайрат» артелінде тігінші болып жүргенде ауруға шалдығып, 2-дәрежелі мүгедектікке шығады. Бауыры Бозтайдан қалған үш қызды және немере інісі Ерікті өсіріп, ел қатарына қосады. Гүлбаһрамның Сәкен үшін күресі таңқаларлықтай. 1938 жылы қоярда-қоймай жүріп Сәкенмен кездескенде үміт оты сөнбеген Гүлбаһрамнын 1940 жылы 24 желтоқсанда КСРО бас прокуратурасынан «күйеуіңіздің ісін қайта қарауға ешбір негіз жоқ» деген мейірімсіз жауап алуына қарағанда, Сәкенді ақтау жолында талай мекемелерге арыз бергенін көреміз. Сталин дүниеден өткен соң, өтініш-арыздарды жоғары жаққа толассыз жаза бергенге ұқсайды. 1956 жылы 25 мамырда заң подполковнигі Сидакиннен алған жауабы үміт отын жағуға себепші болып, хат үстіне өтініш, арыз үстіне шағым жазуды үдете түсіп, 1957 жылы 30 наурызда Сәкенді ақтап алады. Бұл Қазақстанға жеткен ең алғашқы қуанышты хабар еді.

Біздің арыстарымыз осыдан кейін ғана ақтала бастады. Гүлбаһрам Сәкен мұрасын жариялауда да үлкен азаматтық танытты. Сәкеннен қалған қолжазбалар мен бұйымдарды, киім-кешектерді республика мұражайларына таратып берді. Сәкеннің естелігін Қарағандылық жазушы Ж. Бектұров жазып алып «Сәкеннің соңғы сәті» деген атпен жариялады.  

Суреттер: Арман Мұқатов 

Миражан Махан
Бөлісу: