Әнші Алтыншаш Мұқатаева Сочиде өткен «Icon Music Fest» фестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz.
«Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әртісі Алтыншаш Мұқатаева Сочи қаласында (Ресей) өткен халықаралық «Icon Music Fest» фестиваліне қатысты. Бес күн бойы әр елден шақырылған өнерпаздар танымал орындаушылардан шеберлік сабақтары мен концерттік бағдарламаға қатысқан еді. Әлемнің түкпір-түкпірінен 100 әртіс қатысқан ән фестивалін 25 000 тыңдарман тамашалады. «Icon Music Fest» фестивалінде Алтыншаш Мұқатаева Гран-при жүлдесіне ие болды», - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Алтыншаш қазақ жұртшылығына танымал әнші. Арбаға таңылса да мүмкін емес ештеңенің жоқтығын, арманның кез келген шыңға жетелей алатынын тағдырымен дәлелдеп жүр. Халықаралық байқауда топ жарған әнші бүгін елімізге оралады.