07.05.2025
14:31
1109
Алты тіл меңгерген сарбаз арманы туралы айтты

Алты тіл меңгерген сарбаз арманы туралы айтты

Түркістан қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Шахбоз Сатыбалдиев 6 тілді меңгеріп, армандағы болашаққа сенімді қадам басып келе жатқан жас сарбаз. Ұлты тәжік болса да, қазақ тілін еркін меңгерген, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жатқан жауынгердің арманы – болашақта дипломат болу. El.kz тілшісі сарбазбен тілдесіп, әңгімеге тартты.

Әскер қатарында жүріп, бұл қабілетімді одан әрі дамытуға мүмкіндік алдым. Себебі Түркістан қаласына әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып келеді. Ал мен қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде шетелдіктерге жиі көмектесіп тұрамын. Бірнеше тіл білгеннің арқасында оларға заң мен ережені түсіндіруде еш қиналмаймын, – дейді қатардағы Шахбоз Сатыбалдиев.

Ұлты тәжік болса да, қазақ тілінде еркін сөйлейтін сарбаз бүгінде алты тілді меңгеріп, тіл үйренуге деген ерекше ынтасы мен қызығушылығының арқасында көптің үлгісіне айналып отыр. Шахбоз Сатыбалдиев өзгелерден ерекше қабілетімен көзге түсіп келеді.

жеке мұрағат

Жауынгердің ерекше қабілеті мен әскери тәртіпке деген жауапкершілігі ұжым ішінде жоғары бағалануда. Шахбоз қазақ, өзбек, тәжік, орыс, түрік және кәріс тілдерінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, тіл меңгеруге деген құштарлығы бала кезінен басталған. Әрбір тілді меңгеру арқылы сол халықтың болмысы мен мәдениетін тануға тырысатын Шахбоз бұл бағыттағы алғашқы жетістіктеріне әскерге дейін-ақ қол жеткізген. Әсіресе, кәріс тілін меңгеруге Кореяда маусымдық жұмыста болған кезі үлкен серпін берген екен.

Әр тіл – жаңа әлем. Тіл үйрену үшін ең бастысы – табандылық. Түркістанға түрлі елдерден туристер көп келеді, бұл мен үшін үлкен тәжірибе алаңы. Кәріс тілін алғаш рет Кореяға маусымдық жұмысқа барған кезде үйрене бастадым. Ол жақта жүргенде ауызекі тілді меңгеріп алдым, кейін әскерге келген соң да жетілдіре түстім. Ынта болса, кез келген адам жаңа тілді меңгере алады, – дейді қатардағы Сатыбалдиев.

Қазір Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп жүрген сарбаз үшін көп тіл білу – үлкен артықшылық. Себебі тарихи әрі туризм орталығына айналған Түркістанға жыл сайын шетелден туристер көп келеді.

Шахбоз қызмет барысында сол туристермен еркін сөйлесіп, бағыт-бағдар көрсетіп, тіпті қажет болған жағдайда заң мен тәртіп туралы түсініктеме беріп те үлгереді. Бұл – оның әскери міндетін де абыроймен атқаруына, әрі тілді практика жүзінде дамытуына үлкен мүмкіндік.

Тіл меңгеруге құштар сарбаз болашақта дипломат болуды армандайды. Өзінің айтуынша, әр тілді меңгерген сайын сол халықтың болмысын терең түсінуге мүмкіндік туады. Бұл – дипломатия жолында өте маңызды қасиет. Сонымен қатар, Шахбоз әскердегі қызметін де абыроймен атқарып, тәртіп пен тәрбиеге аса мән беруде.

жеке мұрағат 

Тіл білу – тек сөз жаттау емес, сол халықтың дүниетанымын, мәдениетін, салт-дәстүрін түсіну. Мен әр тілді үйренген сайын адамзаттың қаншалықты түрлі, бірақ бір-біріне ұқсас екенін ұғынып келемін. Қазір әскерде жүрсем де, француз тілін меңгеруді бастадым. Бос уақыттарда сөздік жаттап, шетелдік туристермен сөйлесу арқылы тілімді дамытудамын. Болашақта дипломат болсам деген арманым бар. Әскерде жүргеніме қарамастан бос уақытты тиімді пайдаланып, жаңа білім алуға тырысамын, – дейді ол.

Сарбаз Шахбоз үйде бауырларының үлкені болғанымен, оларды да бос қоймайды. Бауырларына бірнеше тілді меңгеруге көмектесіп, тіл үйренудің әдістерімен бөлісіп жүргенін айтты. Бұл да оның бойындағы жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерінің бір көрінісі.

Қазір әскери бөлімде барлық жағдай жасалған. Тамақ, тәртіп, жатын орын – бәрі жақсы деңгейде. Сондықтан жастарға кеңесім – әскерден қашпаңдар. Бұл – нағыз тәртіп мектебі. Мұнда ер мінез, жауапкершілік, патриоттық сезім қалыптасады. Әрі өзіңді шыңдайсың. Әскер – ер азаматтың міндеті, парызы, – дейді ол.

Шахбоздың көп тіл білу қабілеті оның командирлері мен қатарластары тарапынан жоғары бағалануда. Ол жиі шетелдік азаматтармен сөйлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда ерекше рөл атқарады. Тіпті кейбір кездерде тіл білудің арқасында күрделі жағдайларды оңай шешуге көмектескен сәттері де аз емес.

Үйде бауырларының үлкені болғанымен, ол оларға да бағыт-бағдар беріп, бірнеше тілді үйренуге көмектесіп жүргенін айтты. Өз үлгісімен туған-туыстары мен достарын ынталандырып жүрген жауынгер жастарға да кеңес беруді ұмытпайды.

Жастарға айтарым – бір тіл меңгерсең, өзіңе бір есік ашылады. Әр тіл – бір мүмкіндік. Көп тіл білген сайын әлемге басқа қырынан қарай бастайсың. Ең бастысы – ниет пен тұрақтылық. Жай сөз жаттау емес, сол тілдің мәдениетіне ену керек. Сонда ғана үйрену жеңіл болады, – дейді Шахбоз.

Айта кетейік, 5574 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл басынан бері Түркістан қаласында 300-ден астам құқық бұзушыны анықтаған. Қатардағы жауынгер Сатыбалдиев осы жұмыста белсенділік танытып, тәртіп сақтаудағы үлесімен көзге түсіп келеді.

Шахбоз Сатыбалдиев – қазіргі жас ұрпаққа үлгі боларлық азамат. Оның бойындағы табандылық, отаншылдық, білімге құштарлық – жастарға арналған нақты жол көрсеткіш. Бүгінгі әскер – ертеңгі елшінің алғашқы мектебі десек, Шахбоздың жолы соның айқын дәлелі. Отан алдындағы борышын өтей жүріп, өзін дамыту жолынан таймай, арманына ұмтылып келе жатқан оның жолы – жас ұрпаққа өнеге болары анық.