OpenAI компаниясының негізін қалаушы Сэм Альтман нейротехнология саласындағы жаңа жобасын – Merge Labs стартабын ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Компания хирургиясыз адамның миын жасанды интеллектпен байланыстыратын нейроинтерфейстерді әзірлеумен айналысады. Жоба алғашқы кезеңнің өзінде-ақ 252 миллион доллар инвестиция тартып, стартаптың нарықтық бағасы 850 миллион долларға жеткен.
Merge Labs-тің ең ірі инвесторы – OpenAI. Сонымен қатар жобаға Bain Capital қоры мен Valve компаниясының негізін қалаушы, гейм-индустриядағы ықпалды тұлға Гейб Ньюэлл де қаржы құйған. Сэм Альтман бұл бастамаға OpenAI басшысы ретінде емес, жеке инвестор ретінде қатысып отыр және стартаптың күнделікті басқаруына араласпайды.
Merge Labs дәстүрлі инвазивті тәсілдерден бас тартып, хирургиялық ота жасамайтын нейроинтерфейске басымдық беріп отыр. Компания электродтарды миға тікелей енгізудің орнына ультрадыбыс пен нейрондық сигналдарды күшейтетін арнайы молекулаларды қолданады. Бұл әдіс адамның бас сүйегін ашпай-ақ ми белсенділігін тіркеуге мүмкіндік береді.
Технологияның негізі Forest Neurotech атты коммерциялық емес зертханада қаланған. Бұған дейін онда бас-ми жарақатын алған науқастарға алғашқы сынақтар жүргізілген. Ғалымдардың мақсаты – ми сигналдарын қауіпсіз, тұрақты әрі ұзақ уақыт бойы оқи алатын жүйе қалыптастыру.
Жобаның негізін қалаушылар қатарында Caltech университетінің профессоры Михаил Шапиро, нейробиологтар Тайсон Афлало мен Самнер Норман бар. Ал Tools for Humanity жобасынан Алекс Блания мен Сандро Хербиг командаға қосылған.
Merge Labs-ті көпшілік Илон Масктің Neuralink жобасымен жиі салыстырады. Алайда екі компанияның философиясы мен бағыты екі түрлі. Neuralink миға чипті хирургиялық жолмен имплантациялауға негізделген және бүгінде 12 еріктіге чип орнатқан. Ал Merge Labs операциядан толықтай бас тартқанымен, технологияны жетілдіру үшін ондаған жыл қажет болуы мүмкін екенін жасырмайды.
Merge Labs – ғылыми эксперимент қана емес, OpenAI өнімдерімен тікелей байланысуы мүмкін болашақ интерфейс ретінде қарастырылып отыр. Егер технология сәтті іске асса, нейроинтерфейс мәтін, дауыс немесе ым-ишарадан да жылдам басқару тәсіліне айналуы ықтимал.
Бұл жерде тұйық, бірақ тиімді жүйе қалыптасады: Merge Labs-тің жетістігі OpenAI экожүйесін күшейтсе, OpenAI-дің ресурстары стартаптың құнын арттыра түседі.
Мұндай көзқарас Сэм Альтманның бұрыннан айтылып келе жатқан идеяларымен үндес. Ол 2017 жылдан бері адам мен машинаның «бірігуі» туралы жиі айтады. Альтман үшін бұл – футуристік қиял емес, ұзақ мерзімді эволюциялық процесс.
Оның пайымынша, аса қуатты жасанды интеллект болашақта адамзаттан бөлек дербес интеллект формасына айналуы мүмкін. Ал онымен «бірігу» – қарсы тұрудың емес, қатар өмір сүрудің жолы. Осы тұрғыдан нейроинтерфейстер медициналық немесе нишалық құрал ғана емес, адам мен ЖИ өзара әрекетінің келесі сатысы ретінде қарастырылады.
Сарапшылардың айтуынша, мәселе адамның ЖИ-мен қалай сөйлесетінінде емес, өзара әрекет логикасының түбегейлі өзгеруінде. Бұл технологиялар «ойды оқу» үшін емес, мидың физиологиялық күйлерін – шаршау, күйзеліс, зейін, қалпына келу деңгейін анықтау үшін қолданылады.
Мағынасы жағынан бұл телепатиядан гөрі фитнес-трекерлердің эволюциясына жақын. Білезіктер физикалық күйдің жалпы көрсеткішін берсе, нейроинтерфейстер когнитивтік жағдайды әлдеқайда дәл көрсетеді. Дұрыс аналогия – кардиостимулятор емес, тәуліктік холтер-монитор: ол жүректі басқармайды, бірақ оның жұмысын үздіксіз бақылап, ауытқуларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
ЖИ нарығында бұл команданы күтіп отыратын жүйелерден пайдаланушының контекстін «сезетін» жүйелерге көшуді білдіреді. ЖИ адам шаршағанда интерфейсті жеңілдетеді, күрделі шешімдерді кейінге қалдырады, оқу немесе жұмыс үшін қолайлы сәтті өзі анықтайды. Бәсеке «ойды оқу» қабілетінде емес, күйді дұрыс интерпретациялау, қауіпсіздік пен ыңғайлылықта болады.
Сарапшылар бұл екі технологияны тікелей бәсекелес емес, эволюцияның екі түрлі бағыты деп қарастырады. Merge Labs жаппай тұтынушыға арналған: өмір сапасын арттыру, өнімділік, ойын-сауық, жеңіл коммуникация. Оның артықшылығы – қауіпсіздік, қолданудың жеңілдігі және хирургияның қажет еместігі. Бірақ сигнал дәлдігі мен «шу» мәселесі бар.
Ал Neuralink секілді инвазивті шешімдер медициналық және трансгуманистік сценарийлерге бағытталған: сал, соқырлық, Паркинсон ауруы секілді ауыр дерттерді емдеу, ал болашақта – интеллектілердің терең симбиозы. Мұнда сигнал дәл, екіжақты (оқу және стимуляция) болғанымен, хирургиялық, этикалық және қаржылық тәуекелдер жоғары.
Бұл технологиялар фитнес-білезік пен холтер-монитор секілді әртүрлі нишада қатар өмір сүреді. Тіпті неинвазивті жүйелердің жетістігі нейротехнологияға деген сенімді арттырып, қоғамды терең интеграцияға біртіндеп дайындауы мүмкін.
Ең үлкен тәуекел – ой құпиялығының жойылуы. Бұл – адам жеке өмірінің соңғы шебі. Нейродеректердің иесі кім болады? Ой арқылы жіберілген сұраныс кімге тиесілі? ЖИ эмоцияны түзетіп, шешім қабылдауға араласса, адам өзінің ерекшелігін жоғалтуы мүмкін.
Бұдан бөлек, нейровзлом, яғни мінез-құлықты жасырын манипуляциялау қаупі бар. Нейродискриминация – сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілер немесе мемлекет тарапынан когнитивтік профиль жасау ықтималдығы да алаңдатады. Қазір нейродеректерді жинау, сақтау және коммерциялық пайдалану бойынша нақты заңдар жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, басты мәселе – технологияны жасау емес, онымен қатар құқықтық және этикалық негіз қалыптастыру. Заңгерлер, нейроэтиктер, қоғам өкілдері қатысатын ортақ келісім болмаса, технология адам табиғатының өзіне қауіп төндіруі мүмкін.