Алтыншапақ Хаутай: Өзімді әлі де ақын санамаймын...

20 Қыркүйек 2017, 15:49 7603

"Жақсы өлең – жан азығы"

Алтыншапақ Хаутай 1990-жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі. «Жыр маржаны», «Азаттығым – ғажап күнім», «Жаңа ғасыр жырлайды», «Тау мен өзен жырлары» атты жыр антологияларына өлеңдері енген. Республикалық, халықаралық көптеген жыр мүшайраларының жеңімпазы. Жас қаламгерлер фестивалінің Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлықтың лауреаты. «Қаламымнан сағынышым сырғанап…» атты жыр жинағының авторы. 2007 жылы атамекеніне келген. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы № 177 мектепте ұстаздық қызмет атқарады.

О, туған жер!

Аңсағанда жаным толқыр күй қандай?

Менің байтақ жүрегіме бар алабың сыйғандай, – деп жырлайтын туған жеріңіз жайлы білсек...

–  Мен Моңғолияның батысындағы Қобда аймағында дүниеге келдім. Алайда, ата-анамыз бір жасқа толғанымда көршілес Баян-Өлгей аймағына қоныс аударыпты. Ес білгеннен осы өлкенің ауасын жұтып, суын ішіп өскендіктен, әр тасы мен төбесі ерекше ыстық. Осынау шағын қаланың айналасын маңғаз көгілдір таулар қоршаған. Қала ортасын қақ жарып, Қобда өзені ағады. Бұл өзен маған анамдай ыстық көрінетін. Мұңайсам жағасына келетінмін. Жағада, не өзендегі аспалы көпірдің үстінде алға қарай ұмтылған ағыстарға қарап сағаттап тұра беруді ұнататынмын. Жалпы, өзен өткіншілікті ұғындырады, қиялыңды самғатады. Ал, жан-жағындағы жазық даламен өткен кезде шырқатып бір ән салғым келетін. Кең дала құпиясы ашылмаған кітап тәрізді, жұмбағымен баурай береді ғой. Алматыға қоныс аударғаныма он жыл болды. Кей кездері тасбауыр тірліктен қажыған сәттерде Мұқағалидың «Қасқабұлақ басынан неге кеттім?» дейтініндей, ондағы ақ пейілді ауылдастарымды, анамдай ыстық өлкемді сағынамын.   

Баян-Өлгей қазақ тілінде Бай-Бесік деген мағынаны береді, кілең қазақтар шоғырланған өлке. Өзімізді басқа елде емес, өз жерімізде жүргендей еркін сезініп өстік. Қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрді ұстандық, тіпті, моңғол көршілерімізбен де қазақша сөйлесе беретінбіз. Биік таулардың бауырында, әсем өзеннің жағасында, бұла табиғаттың құшағында бой жеттім. Сондықтан да, туған жерімнің бар алабын бауырыма басқым келетіні рас...

– Бала күндеріңізді кәмпитке теңеп, тәтті деп жазасыз. Көп ақындарда базарлы балалық болмайды, ал сіздікі шынымен тәтті өтті ме? «Бала күнгі келбетіңізге» оралайықшы...

– Эрнест Хемингуэйдің «Жазушы болу үшін талантпен қоса, бақытсыз балалық керек» деген сөзін айтасыз ғой. Иә, көптеген ақындардың талайсыз тағдыры туралы, әрі сол күндердің ауыртпалығынан үлкен ақынға айналғаны туралы білеміз. Бірақ, мұны барлық ақынға тән заңдылық деп қабылдауға болмайды. Олай болса, ақын атаулы тек қана бақытсыздықтың символы болып, жұрт мүсіркей қарайтын бейшараға айналар еді. Қолдан тағдыр жасайтын ақындар бар. Немесе өмірінде бір қиын жағдайлар болса, соны желеу етіп, өзін асқан дарындылардың қатарына жатқызатындар да кездесіп жатады. Мен екеуіне де жатпайтын шығармын. Бала күнім барлық балалардың балалығы сияқты өтті. Арманшыл қыз болдым.

Елге сыйлы, беделді отбасында тәрбиелендім. Әкем Хаутай заң қызметкері, анам Сьезд айтыскер ақын болатын. Біздің үйде барлығы кітап оқуды жақсы көретін. Үстел басында түрлі дебаттар, пікірталастар, әдеби шығармаларды талқылаулар жиі қозғалып тұратын.  Сондықтан да, саналы түрде ата-анамның атына кір келтірмеуге тырыстым. Анам мен әкемнің жүзінен мақтаныш сезімін ұдайы көргім келгені шындық.

Бала күнімде өте тұйық болдым. Ешкіммен онша жақын араласпағандықтан болар, достарым аз болды.  Ерте хат таныдым, сол себепті кітап менің жан серігіме айналды. Көп кітап оқитынмын, кітап маған ауа мен су тәрізді қажеттілік сияқтанды. Екінші сыныптан бастап, өзімді ересек адам тәрізді сезіндім. Кейіннен өзімді тым ерте есейткенімді ойлап, қайтадан бала болғым келді. Сол кезде ғана балалық шақтың қандай қымбат, «кәмпиттей тәтті» екенін түйсіндім. Содан шыққан өлеңнен мысал келтіріп тұрсыз ғой...

– Әр ақынның өлеңге әкелген бір оқиғасы болады, сіздің жыр әлеміндегі алғашқы қадамыңыз қалай болды?

– Ең алғаш төрт жасымда ұшып бара жатқан құстарға қарап бір шумақ жазғанымды білемін. Кешқұрым үйдегілер жиналғанда, әлгі жазған шумағыма көздері түсіп, менің жазғаныма сенбей жатты. Бірақ, алғашқы «шимайларымызды» өлең деуге келмес. Негізі, ілгеріде айтқан кітапқа құмарлығым өлең әлеміне жетектеуші болды десем артықтық емес. Адамның жанын тербейтін жырларды оқып, терезеден түнгі айға қиялдап қарап тұратын кездерім есімде. Мұқағалидың, Фаризаның өлеңдерін жастанып жатып оқыдық. Кейіннен өз қиялыма да өлең жолдары орала бастады. Жалпы, өзімді әлі де ақын санамаймын. «Ақын» деген ерекше қастерлі ұғым сияқтанады. Оны кез келген өлеңшінің иеленіп кетуге қақысы жоқ. Оқушы  күнімде ойыма өлеңдерден гөрі, ылғи да ұзын-ұзын сөйлемдер оралатын. Соны қағазға түсіріп алуды құнттамадым. Мүмкін, жазушы болып кетер ме едім?! Бірақ, түбінде прозаға бет бұратын сияқтымын.

– «Онсыз өмір сүре алмайтын» адамыңыз кім?

– «Онсыз өмір сүре алмайтын шығармын» деп ойлаған адамдарымның барлығынан алыстадым, демек, оларсыз да өмір сүре алады екенмін.

– «Даңқ ақынның бірінші бақыты емес» дейді Қадыр Мырза Әлі. Сіздіңше, ақынның бірінші бақыты не?

– Қадыр ағамыз ылғи да дәл айтады ғой. Атақ адамды мастандырады, желіктіреді. Бүгінде бірнеше өлең жазып алып та, елден ықылас күтетіндер көп. Меніңше, ақынның бірінші бақыты – өлеңінің өзге адамның жүрегіне жетуі. Күләш Ахметова апамыздың «Жазылған жырлар – жанымның титтей құстары» деп келетін өлеңінде әрбір жырын кішкентай құсқа теңеп, олардың бақытын тілеп жатады. Мен де сол сияқты, әрбір шумағымның өзге жанның сезім қылын дәл шерткенін қалаймын. Оны мақсатты түрде емес, шынайы жазуға тырысамын. Ал, ол жырларым өзге адамның жүрегіне жетіп жатыр ма, жоқ па оны уақыт көрсетер.

– «Жайдары күннің сабылыстарын сезбей қалатын» кездеріңіз көп пе? Ол неден туады?

– Мынау қайнаған тіршілік пен аласапыран уақытта, әсіре қарбалас кезде өзге түгіл өзіңнен адасып қалатын сәттер де болады емес пе? Қолымызда барды бағалай бермейміз. Бір күндері осы кездерімізді де сағына еске алатын шығармыз.  

– «Сіздің гүлзар арманыңыз» жайлы білгіміз келеді...

– Адамда арман таусыла ма? Бастысы, еліміздің тыныштығы, сәбилердің жыламағаны, жақындарымыздың амандығы. Сонымен қатар, менің де ел қатарлы пенделік армандарым көп. Оны ішімде сақтайын, әйтпесе «арман» болмай қалады...

– Менің әйел ақындарына қоятын бір сұрағым бар еді, тұрмыс құрған соң әйел-ақындар қалам мен қағаздан шеттетіліп қалмай ма?

– Қалам-қағаздан шеттетілуді әйел-ақын шешпейді, оның көкірегіндегі булыққан өлеңі шешеді... Егер ақынға өлең келіп тұрса, ешкім оны әдейі жазбай қоймайды. Тақырып аясы тарылуы мүмкін. Күнделікті қарбалас тірлікке, күйбең дүниеге періште өлеңнің өзі де қонақтағысы келмей кетуі мүмкін. Қандай жағдай болмасын, «Тәңірінің берген өнерін көк бұлттан ашып», жарқыратып ұстауы керек. Өз басыма келетін болсам, шығармашылығыма шектеу қоймайтындығы туралы алдын-ала шарт жасасқанбыз. Өлеңіме ғашық жігітке тұрмысқа шықтым.

– Тағы жалпы сұрақ, ақын болу қиын ба, адам болу ма?

– Екеуі де қиын. Екеуіне де адалдық керек, тазалық керек, кіршіксіз жүрек керек. «Ақын болу шарт емес, азамат болу парызың» дейді Некрасов. Қазір жай ғана адам болып қалудың өзінің де жүгі ауыр. Жүрегіңді өзің үшін де, өлең үшін де кірлетпей жүру қиынның қиыны. Ерлан Жүніс ағамыздың «Жүрегіңді сақта!» деген өлеңі бар еді. Меніңше, ақын болу үшін де, адам болу үшін жүрегіңді сақтауың қажет. Аярлық, сатқындық жасайтын адамды тек қана аяймын. Өзімді олардың деңгейіне түсіргім келмейді.

– «Жүректер ғана сөйлейтін ақындар патшалығының» бүгінгі халі қалай? Қазіргі ақындардың шығармашылығы жайлы не айтасыз?

Барлық ақын баласы бір ананың,

Ақын келсе өмірге қуанамын, - дейді ғой Мұқағали. Тау тұлғалардың шығармашылығынан сусындап өстік, біздің алдымыздағы толқынға қарап, бойымызды түзедік. Менің замандастарым да өз әлінше жазып жатыр. Барлығының шығармашылығымен таныспын, бөле-жарғым келмейді. Жетістігіне қуанамын, кемшілігіне күйінемін. Алайда, қазіргі кейбір ақындардың тақырып аясының тарлығы білінеді. Келер ұрпақ, кімді оқиды, оны уақыт көрсетеді.  

– Қазір «әдеби есірмендер» көп пе?

– Қазіргі әдебиетте «эстрадалық поэзия» деген ұғым бар. Менің ойымша, бүгінде жұлдыз болудың түрлі жолдарын іздеп, ештеңе таппай, өлең арқылы өзін танытқысы келетіндер көбейген тәрізді. Бір өлең жазып, оны оқып, оған видео түсіріп, оны әрлеу қарапайым тілмен айтқанда, өтпей жатқан затын жарнамалаумен пара-пар. «Алтын пышақтың қын түбінде жатпайтыны» сияқты, жақсы өлеңді де жарнамалаудың еш қажеті жоқ. Өлеңнің ең басты ерекшелігі, жаңа айтқанымдай, адам жанын сиқыр күшімен тербете алуында, ол нағыз поэзияның ғана қауқары жететін құбылыс. Ал, сырты жылтыр, іші бос өлеңдер уақыт өте келе өздігінен ұмытылады. Сол қатарға кірмеу үшін өзіңді үздіксіз дамытып отыруың керек.

– «Қиялыңыздағы ертегі әлеміңіз» қаншалықты өзгеріске ұшырап жүр?

– Уақыт өте ақыл-санаң толысып, шынайы өмірдің мағынасын ұға бастайды екенсің. Ертегі әлемім көп өзгеріске ұшырады. Өмір бала күнгі қиялдаған арман-мақсаттан мүлде басқа арнаға бұрып жібереді екен. Жүрегімдегі кішкентай қыздың ой-тілегі басқа да, бүгінгі сүріп жүрген өмірі басқа. "Қиялшыл қыздың ертегі əлемі" күйбең тірлікке алмасты" деп жазғаным сондықтан. Бірақ, аласапыран тірлікте өзімнен адасып қалмау үшін, қиялымдағы арман-мақсатыңнан алшақтап қалмау үшін көп тер төгу қажеттігін түйсіндім. Ара-тұра өткенің мен бүгінгіңді саралап, санаңды сілкілеп алу қажет екен.

– «Таңбаланбай тылсымға сіңіп жоғалған өлеңдеріңіз» көп пе?

– Көп. Қым-қуыт тірлікте қайсыбірін түгендерсің. Кейде сол үшін өзімді кешіре алмайтын сәттерім болады.

– Сізге қуат беріп, қамшылайтын ақындар бар ма?

– Жақсы өлең – жан азығы. Ақындардың шығармашылығынан жалғыз ғана жақсы өлең көрсем де, рухани азық алуға соның өзі жеткілікті.

– Қазіргі жұмысыңыз шығармашылықпен байланысты емес секілді, бұл ақындық жолыңызға кері әсер етпей ме? Немесе керісінше?

– Иә, қазір мен мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Керісінше, мектеп, нағыз – шығармашылық орта. Бала өмірін терең зерттеу үшін, баланың кіршіксіз мөлдір жанын түйсіну үшін мектеп таптырмас жер. Ағылшын философы Джон Локктың «таза тақта» атты концепциясы бар. «Адам өмірге келгенде онда ешқандай туа бітті идеялар болмайды», – дейді ол. Оның барлығы жүре келе, тәжірибе арқылы қалыптасады. Сондықтан, мектеп жасындағы балалардың ақ парақтай санасына сіңірілетін идеяның, беретін тәлім-тәрбиенің маңызы зор. Оқушыларымның  бойына отансүйгіштік рух құйып, қазақ тілін арындай қастерлеп, әдебиетті құнды жәдігердей аялайтын азаматтар тәрбиелеп шығуға барымды салып жатырмын. Балаларды көрген сайын, өзімнің балалық шағым есіме түседі. Балалар өмірінен бір нәрсе жазу үшін де олармен тығыз жұмыс жасау қажет. Болашақта бала өмірі туралы әңгіме-өлеңдер жазып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту әдістемесі туралы докторлық диссертация қорғасам деген жоспарым бар. 

– «Жасын ғасыр» атты поэмаңызды оқығанымыз бар, бұл бағытта да жұмыс жасап жатырсыз ба?

– «Жасын ғасыр» – менің алғашқы поэмам. Ең алғашқы жазған поэмам болғандықтан, өзіме ерекше ыстық. Кемшін тұстары да көп. Жалпы, поэма жазудың жауапкершілігі өте мол. Оған ауқымды оқиға, шұрайлы тіл, шалқар шабыт керек. Тағы бірнеше поэма жазуды жоспарлап жүрмін.

– Ең қызықты оқиғаңызбен бөлісіп кетсеңіз...

– Онша күлкілі емес шығар. Бірақ, арманымды, мақсатымды кішкентай кезімде мынадай оқиға түбегейлі өзгерткен. Бес-алты жасымда сурет салғанды қатты ұнататынмын. Сурет салатын дәптер сатып алып, қай кітапта қызықты сурет болса, соны жалықпай ұзақ салатынмын. Бір күні сурет салатын дәптерім ұшты-күйлі жоғалды. Іздемеген жерім қалмады. Сөйтсем, алдында ғана бір ойынға бола менімен дауласып қалған ағам мен сіңлім бірігіп, дәптерімді ұрлап алып, барлық бетіне «2» деген баға қойып шығыпты. Намысшыл басым, содан бастап, сурет салмай кеттім. Қазір, сол күндерді күліп еске аламын. Мүмкін, менен белгілі суретші шығар ма еді, кім білсін?!...

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: