Алтын Орда дәуіріне жататын көне мазарлар табылды

2 Қазан 2019, 15:51 9905

Солтүстік Қазақстан облысы тарихи ескерткіштерге байи түсті

Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында археологтар тарихи маңызы бар көне мазарлардың орнын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Табылған тарихи ескерткіш жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Instagram желісіндегі парақшасында: «Ғалымдардың айтынша, Алтын Орда дәуірінің мазарлары Жошы хан әулетінің өкілдеріне тиесілі. Алтын әшекей бұйымдары, кірпішті күйдіру пештері мен шеберханалар, арықтар мен керамикалық ыдыстардың қалдықтары да табылды. Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында бұл оқиға рухани және мәдени маңызға ие», - деп жазды.

Ілгерідегі ауданға қарасты Сілеті өзенінің бойында XIV – XV ғасырларға жататын көне мазарлардың орны табылды. Бұл жерде бір ай бойы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің тарихшылары қарқынды қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан еді. Міне, төккен тер зая кетпей, бұрынғы дәуірден мол ақпарат берер мазарлардың орнын тауып отыр.

Еліміздегі атақты археологтардың бірі, Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог, «Margulan centre» орталығының директоры Тимур Смағұлов: «Біз Алтын Орда кезеңіне жататын ескеркіштер мен жәдігерлерді тауып, зерттеу мақсатында экспедицияға шыққан болатынбыз. Дәл осы Сілеті өзенінің жағасында тарихи ескерткіштердің болғаны жайлы көптеген отандық зерттеушілер жазып кеткен. Соладың бірі - Әлихан Бөкейханов. Ол осы аумақта сырлы кірпіштен тұрғызылған нысанның барын айтқан. Әлкей Марғұлан да осы ескерткішке қатысты талай жазба қалдырған», - дейді.

Он бес күннің ішінде 100 шаршы метр аумақ аршылған. Мамандардың болжамынша, жалпы 1000 шаршы метр жерді алып жатыр. Қазірдің өзінде экспедиция мүшелері түрлі жәдігерлерді тапты. Ішінде алтын бұйымдар да бар.

Суреттер - inform.kz

Бөлісу: