Айтыс, күйіз үй, домбыра! Бұл аталғандар қазақ мәдениетін әлемге паш еткен негізгі атрибуттар боп саналады. Халықтың өткені мен бүгінін жалғаған жәдігерлер әлем елдерінің ең көне мұралары ретінде «ЮНЕСКО» есебіне еніп те үлгерді. Ал Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен айтулы даталар тізіміне енген Ұлттық домбыра күні музыкалық аспаптың қадірін арттыра түсті. Әр жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтілетін маңызды шара биыл да елордада сән-салтанатымен өтпек. «El.kz» ақпараттық-танымдық порталы атаулы күні ел астанасында өтетін мәдени шаралар мен ұлттық аспап жайында тың деректерді ұсынады.
Суретте: Қазақтың бренді мен паспорты - домбыра
«Абайдың домбырасы қайда?»
Домбыра неолит дәуірінен бастап қолданыста болуы мүмкін. «Болуы мүмкін» деуміздің жөні бар. Себебі бұл айтыла бермейтін, дәлелденбеген факт. Тек тасқа қашалған деректер ғана осылай дейді. Бұл жөнінде бар ғұмырын халық музыкасына арнаған зерттеуші, профессор Жұмагелді Нәжімеденовтің еңбектерінен кезіктіре аласыз. Ғалым зерттеу жұмыстары кезінде Майтөбе жайлауынан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы-авт.) табылған суреттердің ішінде тасқа қашалған көне домбыраның бейнесі шыққанын, оны танымал этнограф Жағда Бабалықұлы 1986 жылы тапқанын жазады. Ресімде бес адамның билеп тұрған бейнесі, сондай-ақ, аспап салынғаны анық көрінеді. Аспаптың домбыраға ұқсас тұстарының көп екенін де байқау қиын емес. Екі ішекті құлағы бар, ұзын мойны, тіпті шанағына дейін бірдей. Сондай-ақ, аспаптың басына үкі тағылған. Ал киелі аспапқа үкі тағу үрдісі бізде бұрыннан бар. Профессор еңбегін белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев тереңірек зерттеп, бұл суретті кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп болжайды. Бұл ретте біздің заманның екі дәуірін, нақтыласақ екі мың жылын қоса отырып, қара домбыра тарихы алты мың жылдықты қамтиды деген ойға келесің.
Суретте: Тасқа қашалған домбыра
Осы ретте, қазақтың бас ақыны Абайдың тұмар домбырасы Семейдегі өлкетану музейінде 134 жыл бойы сақталып келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Былтыр ғана ұлттық мереке қарсаңында жәдігер Жидебайдағы музей-үйінен арнайы Семейдегі Бас музейге жеткізіліп, көптің көзайымына айналған болатын. Ұлттық аспап ерекше қорғалуы мен оның өзіндік тарихы жайында:
– 1885 жылы Хәкім Абайдың ауылына орыс ұлтынан шыққан досы Нифонт Долгополов келіп, Семейдің өлкетану музейіне 60-тан астам зат әкелді. Бұлардың ішінде ағаш пен теріден жасалған ыдыс-аяқ, асатаяқ, қобыз, сыбызғы, домбыра сияқты музыкалық аспаптар болған. Жәдігерлердің арасында ең бағалысы – Абайдың тұмар домбырасы болған. Қазақтың бас ақыны Абайдың домбырасына қызығушылық танытатындар көп, – дейді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір.
Айта кету керек, құнды жәдігерді абайтанушы Қайым Мұхамедханов 1964 жылы Абайдың өлкетану музейінің қорынан іздеп, ең таңдаулы 17 затты Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорына өткізген.
Суретте: Абайдың тұмар домбырасы
Қазіргі таңда музейден еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа ақ батасын берген ақсақал - Шәкір Әбеновтің, сондай-ақ, танымал әншілер Мәдениет Ешекеев пен Келденбай Өлмесековтердің ұстаған домбыралары және басқа да тұлғалардың аспаптары сақтаулы тұр.
«Домбыраға насихат керек»
Домбыра жайында дерек те, аңыз да көп. Мәселесі де шаш етектен. Әсіресе, өнер жанашылары киелі аспаптың үні мен қалпы өзгергенін жиі айтады. Профессор Қайрат Байбосынов домбыра жайында өз пікірімен бөлісіп, Ұлттық домбыра күні халықтың рухын көтеретін айтулы дата деп санайтын да жеткізді. Алайда ұлттық аспапқа құрмет пен насихат осы күнмен шектелмесе деген ниеті де жоқ емес. Халық артисі қазақты танытатын атрибуттар БАҚ беттері мен телеарналарда жиі жарнамаланса, елдің ұлттық болмысы жоғалмайды дейді.
– Ұлттың қуанышы пен қайғысында, күйініші мен сүйінішінде жанына серік болған асыл қазынасы, ол – домбыра. Бүгінгі ұрпақ оны жете түсінеді, сезінеді деп сеніммен айта аламын. Себебі, ұлттық аспапқа жастардың қызығушылығы жоғары. Жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға тапсыратын талапкердің көбісі домбыраның құлағында ойнайды. Мұны көре отырып жастар ұлттық аспаптың қадірін білмейді деп айту қиын. Керісінше, аға буынның домбыраны насихаттауда осалдық танытқанын байқауға болады. Бұл тұрғыда ұрпақтар сабақтастығының үзіліп қалғанын да айтып өткен жөн. Елбасының Жарлығымен қасиетті аспаптың ұлықталып, арнайы мерекелік датаға айналуы жағымды жаңалық. Бірақ халық аспабы «Ұлттық домбыра күні» ғана әңгіме өзегіне айналмаса деймін. Білесіздер, домбыраның қоңыр үні талай сырқатты жазған. Ал қазір 130-150 гигагерц аппараттың ауқымынан шыққан даңғаза музыка сау адамды ауру етпей қоймайды. Қазір қазақтың тойы у-шу, айқайға құрылады. Халық әндері бірлі-жарым айтылса айтылды, кейде ол да жоқ. Қазір халықты төл музыкамызға еліту үшін жарнама, мықты насихат керек. Қоңыр үнінің диапазоны 90 гц-ті құрайды, ал жилкамен жасалатын домбыралардыкі 190 гц шамасында. Қазір қоңыр үнді домбыралар сирек кездеседі, – дейді Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Халық әндері» кафедрасының меңгерушісі Қайрат Байбосынов.
Аталмыш проблеманың түп-төркіні белгілі. Бұл дәуір дамып, қоғамдық қажеттіліктен туындаған өзгеріс. Кезінде ішек пен теріден жасалған домбыра заманға лайықталып шығарыла бастады. Әрине, бұл қазақтың халық аспабының киесін қашырмаса да, үнін өзгерткені мәселе болып тұр. Дәл осы мәселе жайында домбыра дайындаушы шебердің пікірін білдік.
«Домбыра үніне шебер жауапты»
2007 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен алматылық Еркебұлан Уәлиев бұл мәселенің болуы заңды дейді. Шебердің сөзінше, аспап үнінің тазалығы қақпағының жабылуына байланысты. Қақпақ дұрыс бірікпесе, қалыңдығы сақталмаса дыбыстың тазалығы жоғалады екен. Ал оның көлемі қаншалықты кіші болса, ағаштың тербеліс қасиеті де азаятынға ұқсайды. Қақпақты құрастыру мен күйіне келтірген уақытта барлық параметрлер қатаң ескерілуі тиіс. Бір қызығы, домбырадан шығатын әуенді оны жасап жатқан уақытта қалыптастырып, ретке келтіріп алуға болатын көрінеді.
– Бұл кәсіпке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқып жүріп машықтандым. 12 жылдан бері домбыра жасаумен айналысып келемін. Жалпы, домбыра жасау процесі ұзақ. Ағаш кепкен болуы керек. Одан кейін ағаштың жақсысын көріп, сезе білуге тиіссің. Оның бәрін айтып түсіндіре алмаймын. Барлығын іштей, түйсігіңмен сезесің. Негізі, домбыра бірден сөйлеп кетпейді. Үнін тексересің. Міндетті оның бір жері ұнамауы мүмкін. Оны реттеп, сосын тағы бір ағашпен бетін жауып, тағы да тексересің. Қысқасы, үнемі тексеріп, әр дүниеге мән беріп отыру қажет. Домбыраны дайындау кезінде көңіліңнен шығатын үнді іздеуде кемі 2 қақпақ жабылады. Одан кейін оның тембрін шығару дейтін мәселе тағы бар. Бұл шебердің өзіне байланысты. Негізі, домбыраны үйеңкіден жасаған дұрыс дейді. Өзіміздің қайың да жақсы. Сырттан келетін ағаштар да баршылық. Қызыл ағаш, қара ағаш, жеміс ағаштарында пайдалануға болады. Әрине, домбыраға рең беріп, әдемі ету үшін түрлі ағаш пайдаланамыз.
Суретте: Домбыра шеберханасы
Домбыраны дайындауға кемі 4 күн жұмсалады. Бәрі тапсырысқа байланысты. Кәсіби күйшілерге арнап жасайтын болғандықтан тарсылдатып, сапасыз домбыраны жасауға болмайды. Күйшілерден, әншілерден айына 3-4 тапсырыс кеп жатады. Ол жай домбыра емес, кәсіби, танымал күйшіге арналғандықтан дыбысына көп мән береміз. Олар біраз уақытты алады. Шеберханадағы ең арзан домбыралар 60 мың, ал қымбаттары 150 мың теңге көлемінде. Кейде 1 000 000 теңгелік эксклюзив дүниелер де дайындаймыз. Домбыра жасауға үйренуге ынтасы бар жастардың ешқашан бетінен қаққан емеспіз, керісінше қаншама шебердің кәсіп ашуына жәрдем көрсеттік. Жалпы, біздің өнімдерді мемлекеттік деңгейдегі көрмелерде көп кезіктіруге болады, – деді ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, шебер Еркебұлан Уәлиев.
«Алты күй орындалады»
Биыл Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылатын мәдени шаралар елордадағы «Қазақ Елі» монументінен бастау алады. Салтанатты шарада «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын», «Көреғұлы» күйлерін жатқа білетін өнерпаздардың сайысын тамашалауға мүмкіндік бар. Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, аталған алты күй концертте бір мезетте орындалады. Сондықтан, қатысушылар алты күйді білгені жақсы. Алайда, таңдалған шығармалардың тек біреуін білетіндер де концертке өз үлестерін қоса алады.
Сондай-ақ, «Қазақ Елі» монументі маңында қазақтың киіз үйі, қазақ ауылы орын тебеді. Салтанатты шара барысында келушілер назарына домбыра мен ұлттық аспаптардың сан түрі ұсынылады. Дәл осы күні астаналықтар Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» атты мерекелік кешті тамашалай алады.
Суретте: 2018 жылы өткен Ұлттық домбыра күні
Домбыраның әріден басталатын тарихы туралы ақпар көп. Кей деректер ұлттық аспап қазақтан бұрын болған деген ойға қалдырады. Десе де, домбыра қазақтікі, ал қазақтың бүкіл ғұмырын домбырамен байланыстыруға болады. Себебі байырғы қазақ тіл айта алмағанды күймен жеткізіп, қаралы хабарды күй арқылы естірткені туралы аңыздар жетерлік. Расында. Тарих көшінде қазақ ғана тудыра алатын өнер ол – күй. Ал ұлтымыздың қара домбырасы, оның көмейінен шыққан қоңыр үн атадан балаға мирас болып қала бермек. Қазақпен бірге жасасып, әлемді аузына қаратқан қара домбыраны қазақтың қазіргі қара домалақтары қадірлей алса болғаны. Домбыраның ұлттық күні рухани жаңғыру бағытындағы сүбелі еңбектің бірі. Бұл ұлттық аспабымызды ұлықтаудың таптырмас жолы, тың бастамаларың бастауы болмақ.
Осыған ұқсас қызықты материалдар:
Домбыра туралы 7 қызықты дерек
"Домбыра қазақ руханиятының жанартауы іспетті"
(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)