Алматының медицина ұйымдарына қосымша 7 млрд теңге бөлінді

22 Тамыз 2023, 23:48 672

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына қосымша 7 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қосымша қаржы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді пайдалану көрсеткішінің жоғары болуына байланысты бөлініп отыр.

Жалпы, оңтүстік астанада медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан қор өткен аптада қаладағы медицина мекемелерін қаржыландыруға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бөлінген ақшаның 2,8 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге, 4,1 млрд теңгесі – стационарлық көмекке, 164,5 млн теңгесі жоғары технологиялық қызметтерге жұмсалмақ, - деді Тілеухан Әбілдаев.

Филиал басшысының дерегінше, биыл Алматы қаласы денсаулық сақтау саласы бюджеті 302,4 млрд теңгеге жетті. «Оның 156,7 млрд теңгесі – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 145,7 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Салыстырар болсақ, бұл өткен жылдың бюджетінен 17% артық», - деді ол.

Берік Арманов
Бөлісу: