Алматының 2029 жылға дейінгі Кешенді жоспары бекітілді

31 Қазан 2023, 01:09 746

Алматы агломерациясын 2029 жылға дейінгі дамытудың кешенді жоспарын қаланың мәслихат депутаттары кезектен тыс сессияда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құжат аумақтық, әлеуметтік, жол-көлік, инженерлік, экономикалық, экологиялық және цифрлық дамуды қосқанда 16 стратегиялық бағытты қамтиды.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин атап өткендей, Кешенді жоспар аясында қала және облыс әкімдіктерінің қызметін негізгі бағыттар бойынша үйлестіру көзделген.

Цифрлық даму бағытында деректер базасын интеграциялау және бірыңғай геоақпараттық жүйені жүргізу жоспарлануда. Бұл агломерацияның картографиялық және қала құрылысы деректерін біріктіруге, қала маңы аумақтарының нысаналы мақсатын бекітуге мүмкіндік береді, – деді алғы сөзінде Асқар Әмрин.

Сонымен қатар ол Алматы агломерациясының бірыңғай көлік моделі әзірленетінін жетікізді.

Қаланың және қала маңындағы аймақтың қоғамдық көлігін біріктіру, Үлкен Алматы айналма автожолына дейінгі 4 радиалды және 7 ішкі магистральды көшелерді ұзарту, қала маңындағы темір жол жолаушылар тасымалын дамыту, жаңа білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу, қала маңы аймағында жұмыс орындарын ашу және агломерацияның бірыңғай жасыл дәлізін құру жоспарланған, – деді ол.

Берік Арманов
Бөлісу: