Алматыдағы жер сілкінісі кезінде 3 мыңға жуық тұрғын қабылдау пункттерін паналаған

5 Наурыз, 10:26 593

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыдағы жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Министрдің сөзінше, кеше болған жер сілкінісінде министрлік алғашқы минуттардан бастап қажетті шараларды үйлестірді.

Азаматтардың арасында үрейді болдырмау үшін жер сілкінісі және халықтың одан әрі әрекеттері туралы хабардар етуді бастады. Сөйлеу дабылы, сирена және жергілікті объектілер жүйелері тартылып, телерадио каналдары арқылы жеткізу жүзеге асырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар ашылып, 384 азаматты қабылдау пункті ұйымдастырылды. Тәулік бойы жедел желі жұмыс істеуде, - деді министр.

Жер сілкінісінен кейін Алматыдағы қабылдау пункттеріне 3000-ға жуық адам орналасқан. Оның ішінде 906 бала. Әкімдіктермен қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеру жалғасып жатыр.

Сонымен қатар министрліктің әуе кемесімен сел қаупі бар аумақтарды аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Алгоритмге сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасы ету үшін полиция қызметкерлері тартылды. Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша барлық тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Жер сілкінісін кез келген төтенше жағдай секілді алдын ала болжау мүмкін емес. Бұл жолы халықтың көп бөлігі үрейге ұшыраған жоқ. Қазіргі уақытта ел бойынша сейсмикалық жағдай тұрақты, - деді Әрінов.

Миражан Махан
Бөлісу: