Алматыдағы лай көшкіні: 4 адамның денесі табылды

8 Ақпан, 13:12 1241

Алматыда лай көшкіні болған оқиға орнында үйінділерді бөлшектеу және балшық массасынан тазарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жұмыстар өткір заттар, әйнек, арматура және тағы басқа заттар араласқан саз балшық массасының үлкен көлемімен, сондай-ақ үйге кіру жолының тар болуымен, техниканы барынша пайдалану мүмкін еместігімен қиындай түсті. Құтқарушылар жұмысты негізінен қолмен жүргізуде.

Оқиға орнында құтқарушылар 1984 жылы туған ер адамның, 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылы туған екі жас жігіттің денелерін тауып алып шықты.

ТЖМ психологтары туыстары мен көршілеріне шұғыл психологиялық көмек көрсетуде.

Айта кетейік, 8 ақпанда түнгі сағат 2-20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүргені хабарланды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: