Алматыдағы БҰҰ ғимаратына «UN Plaza» атауы берілді

24 Ақпан 2023, 18:44 1152

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мәлім етті

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және Алматы қаласының Әкімі Ерболат Досаев БҰҰ агенттіктерінің басшыларымен және оңтүстік астанада аккредиттелген дипломатиялық корпуспен бірлескен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алматыдағы халықаралық ұйымдарының кеңсесіне бару барысында ғимаратқа «UN Plaza» атауын беру рәсімі өтті. Бұл ғимараттың ресми инаугурациясы 2019 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы БҰҰ ғимаратында штаттық саны 120 адамнан асатын 18 агенттік орналасқан.

БҰҰ өкілдерімен кездесу барысында М. Тілеуберді БҰҰ-ның Қазақстанда болғанына 30 жыл толуымен құттықтап, осы кезеңдегі еліміз бен жаһандық Ұйым арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. «Мультилатерализмге берік сенім мен міндеттеме, болжамды және сындарлы сыртқы саясат Қазақстан үшін басымдық болып табылады. Өңірлік орталықтың қызметі БҰҰ өңірлік даму жүйесін іске асыру шеңберінде тиімді құрал болады», – деді ҚР СІМ басшысы.

Сонымен қатар, Министр кездесуге қатысушыларды Президент Қ. Тоқаев бастамашылық еткен елдегі саяси реформалардың іске асырылу барысы және 2023 жылғы 19 наурызда жоспарланған алдағы парламенттік сайлауға дайындық туралы хабардар етті.

Өз кезегінде Алматыдағы БҰҰ мен дипломатиялық корпус өкілдері ел басшылығының «Жаңа және Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады және Алматыда қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуде көрсеткен қолдауы үшін Үкімет пен Әкімдікке алғысын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: