Алматыда Иран кәсіпкерлерінің көрмесі өтіп жатыр

2 Шілде 2022, 21:35 1767

Алматыда Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы арнайы «Иранда жасалған» көрмесі басталды, деп хабарлайды EL.KZ.

Көрме қазақстандық кәсіпкерлерге арналған.

Көрменің ашылу салтанатына, Иранның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Самадзаде Сабер, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов, Иранның Өнеркәсіп, шахта және сауда Вице-министрі Мохташами Пур, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Мохсен Фагани, Иран мен Қазақстан бірлескен сауда палатасының директоры Абеди Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға жасаған сапарынан кейінгі алғашқы көрме. Бұл көрме Иранның барлық мүмкіндігі емес, шағын бөлігі, шұғыл түрде ұйымдастырылған шара. Сондықтан біз келешекте бұдан да ауқымды көрмелерді ұйымдастыратын боламыз. Бүгін компаниялар арасында келісімшарттар жасалады деп үміттенемін, – деді Иранның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Самадзаде Сабер.

Мемлекет басшысының Иранға сапары барысында, қолда бар мүмкіндіктер іске асырылса, алдағы үш жыл ішінде өзара сауда 3 млрд долларға дейін өсуі мүмкін екені айтылды. Қазіргі кезде Қазақстан Иран кәсіпкерлері мен туристері үшін  14 күнге визасыз режимді іске қосты.

Көрмені ұйымдастыруда үлкен жұмыс атқарылды. Иранның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Самадзаде Сабердің қолдауы болмаса, жергілікті әкімдіктің қолдауы болмаса, бұл көрме ұйымдастырылмас еді. Көрме аясында көптеген келісім, іскерлік байланыстан басқа бізге – Қазақстанның сыртқы сауда палатасы үшін Иран сауда палатасымен ынтымақтастық туралы келісім жасау маңызды, – деп атап өтті Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов.

Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына жекелей алғыс білдірді. Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Алматы қаласының эконономикалық әлеуеті туралы айтты.

Еліміздің Президенті Иран мемлекетіне сапары бүгінгі әлемдегі қиын жағдайға байланысты екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін қолға алынды. Бүгінгі көрме де осы ынтымақтастықтың жемісі. Көрменің Алматы қаласында өтуінің себебі Алматы – Қазақстанның ең үлкен қаласы. Алматы Қазақстан ЖІӨ-нің 20%-ын қамтамасыз етеді. Бүкіл салық төлемдердің 25%-ын құрайды. Сауда саласының 36%-ы осында орналасқан, 60-қа жуық трансұлттық корпорация Алматыда жұмыс істейді. Осы бағытта Алматы кәсіпкерлер палатасы қала аумағында орналасқан шетелдік компаниялардың өкілдіктері мен филиалдарына көмек көрсетуге қашанда дайын, – деді Айтуар Қошмамбетов.

Көрмеде тау-кен машиналарын жасау, өнеркәсіптік машина жасау, көлік және логистика, электр энергетикасы, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, медициналық жабдықтар, текстиль, тамақ өнімдері және т. б. салалардың өнімдері ұсынылған.

Көрмеде Иранда жасалған тауарлардың кең ауқымы таныстырылады.

Арнайы көрме 4 шілдеге дейін жалғасады.


EL.KZ
Бөлісу: