Алматыда жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтеді

14 Қараша 2023, 00:25 574

17 қарашада Алматы қаласында маңызды ғылыми шара – «Молекулалық биология, биохимия, биотехнология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Конференция М. А. Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының 40 жылдығына арналған.

Алматыда Қазақстан, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Әзербайжан және Беларусь ғалымдары бас қосып, соңғы ғылыми жетістіктерді талқылап, тәжірибе және идеялармен алмасып, алдағы уақытта бірлескен жұмыс үшін байланыс орнатпақ. Бұл шара қатысушыларға молекулалық биология және биохимия әлеміндегі озық зерттеулермен танысуға және осы саланың дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Молекулалық биология және биохимия тіршіліктің негізгі процестерін молекулалық және жасушалық деңгейде түсінуде маңызды рөл атқарады. Молекулалық биология және биохимия саласындағы ғалымдар келесі салаларда жұмыс істейді және зерттеулер жүргізеді: Медицина (дәрілік заттарды жасау, диагностикалық әдістер, қатерлі ісіктерді, жұқпалы ауруларды, генетикалық бұзылуларды және басқа да медициналық проблемаларды емдеу); Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі (өсімдіктердің төзімді сорттарын, өнімділікті арттыру үшін генетикалық түрлендірілген өсімдіктерді жасау, аурулар мен зиянкестермен күресу әдістерін әзірлеу); Энергетика (биологиялық процестер негізінде биоотын мен таза энергия көздерін дамыту); Қоршаған орта (биоремедиация әдістерін әзірлеу, су мен топырақты ластаушы заттардан тазарту); Тамақтану ғылымы (ас қорытуды, тағамды өңдеуді және жаңа өнімдерді жасауды зерттеу); Биотехнология және гендік инженерия (дәрілік заттарды, биоматериалдарды және генетикалық түрлендірілген организмдерді өндірудің жаңа әдістерін жасау); Ғылыми зерттеулер (өмір мен оның процестерін жалпы түсінуге ықпал ететін іргелі ғылыми білімдерді дамыту) т.б.

Конференцияны ұйымдастыру комитеті БАҚ өкілдерін қазіргі жаңалықтармен көпшілікпен бөлісу және зерттеушілердің жаңа ұрпақтарын шабыттандыру үшін осы маңызды ғылыми шараға қатысуға шақырады.

Перизат Саденова
Бөлісу: