08.08.2024
13:35
707
Алматыда жаңа автобус бағыты іске қосылды

Алматыда жаңа автобус бағыты іске қосылды

Наурызбай ауданы тұрғындарының көптеген өтініштері негізінде қалалық мобилділік басқармасы жаңа тұрақты бағыт ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық әкімдік мәліметінше, №76 бағыты «Алма Сити-5»ТК» – Алатау даңғылы – Төле би көшесі – Әшімов көшесі – Райымбек даңғылы – Кудерин көшесі – Солтүстік айналым– «Сәлем» базарына қатынайды. «Әділет Авто» ЖШС қызмет көрсетеді.

Бағытта 2023 жылы шыққан ISUZU маркалы 14 автобус жүреді. Мұндағы жоспарлы қозғалыс аралығы 8 минутты құрайды, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар әкімдік биыл қосымша 600 автобус, 112 троллейбус және 100 электробус сатып алуды жоспарлап отырғанын алға тартты. Ал жеке тасымалдаушылар 400-ге жуық жаңа автобус пен 15 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Қабылданған шаралар 2024 жылы экологиялық таза көліктің үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл ретте автобустардың орташа жасы үш жылды құрайды.