Алматыда Заманбек Нұрқаділов тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

24 Мамыр, 09:45 764

Алматыда саясат және мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов қаланы басқарған кезде тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ашылу салтанатына оның бірінші жары Нұрбике Нұрқаділова мен ұлы Қайрат Нұрқаділов қатысты.

Біз қатты қуаныштымыз. Қандайда бір өзгеріс болып жатқанына разымыз. Анам мен ағам дизайнын жасап, жақсы суретін таңдап қойдық. Бұл отбасымыз үшін маңызды дүние. Шындық біртіндеп ашылады деп ойлаймын, – деді Құралай Нұрқаділова.

Заманбек Нұрқаділов еліміздің сол кездегі бас қаласы – Алматының бірінші әкімі болды. Алып шаһардың дамып, гүлденуі үшін аянбай еңбек етті. Кейін Мәжіліс депутаты, Алматы облысының әкімі, Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы болды.

Біртуар тұлға, тұтас ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайтуға, аумалы-төкпелі қиын кезеңде, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосты.

Президент тапсырмасымен Заманбек Нұрқаділовтің құрметіне орай оның туған жері Алматы облысының Кеген ауылында ескерткіш ашылмақ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: