Алматыда веложолдар саны артады

16 Қаңтар, 23:35 766

Биыл Алматы қаласында 20 км көшеге арналған веложол жобаларын әзірлеу жоспарланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазір жоба кеңсесі аясында қала әкімі Алматы кешенді көлік схемасы бойынша велоинфрақұрылымды орналастыру схемасын жаңартып жатыр.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, веложолақтың ұзындығы және жобаларды жүзеге асыру шарттары техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындағаннан кейін және Қазақстан заңнамасы бойынша нақты жобаны сараптаудың оң қорытындысын алған соң нақтыланады

2023 жылы Алматыда 3 км велоинфрақұрылым ұйымдастырылды: Манас көшесінің бойымен Сәтбаев көшесінің батыс жағынан Шевченко көшесіне дейін, сол арқылы Сәтбаев көшесін қаланың қалған велосипед желісімен және Бұқтырма мен Майлин көшесіне қосылатын Құлжа күре жолы мен Бұқтырма көшесінің қиылысындағы жолайырыққа дейін жалғайды, - делінген мәліметте.

Алматыда шағын мобильді көлік (велосипед, электрлі самокат) пайдаланушылардың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін веложолақ желісін ұлғайту Алматы қаласының Бас жоспарында қарастырылған. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен велоинфрақұрылым велосипедпен жүруде сұранысқа ие дәліздермен және орташа жөндеу, қайта құру немесе абаттандыру бағдарламалары аясында жүзеге асырылады.

Мегаполисте барлығы 92 км вело инфрақұрылым жабдықталған. Веложолақтың ұзындығы - 25 км, ал веложол - 67 км.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: