Алматыда үлескерлер 290 млн теңгеге алданған

24 Шілде, 11:50 517

Алматы қаласы Наурызбай ауданының прокуратурасы үлескерлердің қаражатын тарту жөнінде заңсыз қызметке байланысты алаяқтықтың жолын кесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалалық прокуратура мәліметінше, 2022 жылы «Flora City Stroy» ЖШС директоры «К» азаматы instagram, krisha.kz әлеуметтік желілерінде құрылыс салуға рұқсат қағазынсыз «Lantana» және «Flora» ТК құрылысының басталуы туралы жарнама берген.

Одан кейін «К» есімді азамат сатып алушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасап, 290 млн теңге мөлшеріндегі 34 үлескердің ақшасын иеленген.

Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Бостандық ауданының полиция басқармасына жолданды. Бостандық аудандық сотының 21.06.2024 жылғы үкімімен «К» азаматы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алынған учаскелер жәбірленушілердің залалын өтеу үшін сатылатын болады, - делінген мәліметте.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: