Алматыда Түркиядағыдай зілзала болуы мүмкін бе?

20 Ақпан 2023, 11:20 3859

6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігінде магнитудасы 7,5 болатын алапат жер сілкінісі болды. Зілзаладан Түркияның 10 провинциясы қирап қалды. Бұл аймақтарда шамамен 13,5 миллион адам тұрған. Зілзала Түркияда ғана емес, көршілес Сирия мемлекетінде де болды. 17 ақпан күнгі ақпарат бойынша Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 36,1 мыңнан асса, Сирияда көз жұмғандар төрт мыңға жуықтады, жалпы алғанда қаза тапқандар саны 40 мыңнан асты. Әлі қанша адам шығыны болатыны белгісіз. Себебі құтқару жұмыстар жалғасып жатыр.

Олардың арасында үш Қазақстан азаматы бар. 9 ақпанда күні Әділ Қадырбековтың, 10 ақпанда Мирболат Құрмашев пен Жанар Жақсыбекованың денесі табылып, Қазақстанға жеткізілді. Түркиядағы апаттан зардап шеккендердің жалпы саны 105 505 адам, Сирияда 2357 азамат жарақат алды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тараған апаттың  видеолары Түркия халқын ғана емес әлем халқын үрейге бөлеп отыр.  

Түрік шенеунігі Мурат Курумның айтуынша, жүргізілген зерттеулер ғимараттың қирауына топыраққа қатысты проблемалар, топырақтың үгітіліп кетуі,  инженерлік коммуникациялардың болмауы себеп болғанын анықтаған. Құлап қалған ғимараттардың 98 пайызы 1999 жылға дейін салынған. Тарихқа көз жүгіртсек, 1999 жылы тамызда Түркияның Измит қаласында алапат зілзала болып, Түркия билігі сейсмикалық қауіпті аймақтағы құрылыс жұмысына қатысты талапты күшейткен.

Түркия билігі жер сілкінісіне байланысты 113 адамды қамауға алу туралы ордер берілгенін мәлімдеді. Бұл азаматтар "Құрылыс жұмыстары ережеге сәйкес жүргізілді" деп  тұрғын үйлер пен ғимараттарды қабылдап алғаны үшін ұсталып отыр.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бұл апат елде 1939 жылдан бергі ең үлкен зілзала болғанын айтты. 

Осыған байланысты Түркия президенті елде жеті күндік аза тұту жариялап, зілзала болған 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимін енгізді.

Тохоку университетінің Халықаралық апаттар туралы ғылыми-зерттеу институтының профессоры Синдзи Тода 10 аймақты қамтыған 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісі күтпеген жерден болғанын айтады.

Белгілі сейсмолог-ғалым, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанда сейсмология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Әлқуат Нұрмағамбетовтің айтуынша, апаттың зардабының осыншалықты көп болуы мамандардың жіберген қателігінен болған.

«Кешегі Түркия елінде болған жойқын жер сілкінісі – жан түршігерлік оқиға. Оны теледидардан, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп жатырмыз. Бұл күн – тек Түркия елінің ғана емес, бүкіл адамзаттың есінде қалатын қайғылы күн, азалы күн. Бауырлас Түркия елінде болған қайғыға көңіл айтқым келеді. Бұл жер сілкінісінің қатты болуы, апаттың зардабының осыншалықты көп болуы неге байланысты? Әлде ғалымдардың есептеулері дұрыс болмады ма? Немесе жобалаушы-құрылысшылардан қате кетті ме? деген ой-пікірлер көп туындайды. Ерте ме, кеш пе бұған Түркия елінің азаматтары жауап береді. Дегенмен екеуіміздің арамыздағы сұхбатта көп мәселелердің бетін ашсақ па деген ойым бар. Ең алдымен апатты жер сілкінісінің зардабы көптеген мәселелермен байланысты. Алдымен, жер сілкінісінің жойқын күші. Мұндай жойқын жер сілкіністері магнитудасы 7,7 және 7,5 барлық жерлерде бола бермейді. Белгілі бір сейсмикалық белдеуде болуы мүмкін. Жер шарында осындай екі ірі белдеу бар. Ең апатты белдеуі – Тынық мұхиттық сейсмикалық белдеу. Бұл белдеуде Жапония, Аляска, Американың батыс жағы, Калифорния сияқты мемлекеттер орналасқан. Осы белдеуде жер бетінде әр жыл сайын бөлінетін сейсмикалық қысымның 90%-і болады. Жер шарындағы ең апатты белдеу осы. Екінші белдеу – Жерорта теңізі белдеуі. Бұл белдеу Жерорта теңізінен басталып, Еуропаның оңтүстік жағы, Африканың солтүстік жағы, Иран, Түркия, Қазақстан, Кавказ, Орта Азия, Индонезия арқылы барып, Тынық мұхиттық белдеуге тоғысады. Кешегі болған Түркиядағы екі мәрте апатты жер сілкінісі осы белдеуде орналасқан. Бұл белдеуде де магнитудасы жоғары, өте ірі жер сілкіністері болады. Жер сілкінісінің зардабының ауқымды болуы осы жер сілкінісінің ошағына байланысты, жойқын күші», – дейді Әлқуат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, сейсмикалық аймақтағы құрылыстар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей болуы керек.

«Екінші мәселе – қауіпсіздік шаралары. Бұл жерде оған жауап беретін бірнеше мамандар бар. Бірінші кезеңде – сейсмолог мамандар, олардың жер сілкінісінің күшін анықтап, болжам жасауы. Арнайы сейсмологтардан құралған мекеме көп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сол аймақты белгілі бір зоналарға бөледі. Әрбір бөлінген аймақта болуы мүмкін максималды жер сілкінісінің магнитудасын анықтайды. Карта жасалып, ресми түрде бекітіліп, келесі буынға беріледі. Келесі буын – жобалаушы институт. Тұрғын үй, үлкен ғимарат болсын, жобалаушы институттың тексерісінен өтеді. Сейсмикалық магнитудаға байланысты құрылыс жобасын, іргетас пен негізгі ғимараттың арасындағы байланыстың талапқа сай екендігін тексеріп, қолданылатын құрылыс материалдары цемент пе, метал ма беріктігі тексеріліп, дайындайды. Жобалаушы мекеме жобалап болғаннан кейін құрылыс компаниясы тұрғын үй ғимаратын тұрғызады. Құрылыс жобалаушы мекеменің берген барлық талаптарына сай, сапалы болуы керек. Одан кейін қалай пайдалануға байланысты. Кейінгі кездері бөлмелердің қабырғасын алып тастап, бөлмені кеңейтіп, өзгеріс енгізіп жатады. Осы өзгерісті енгізген кезде де талапқа сай болуы керек. Алматыда салынған құрылыстар 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей болуы керек. Егер осының барлығы ескеріліп салынса, ол үй тоғыз балдық жер сілкінісі кезінде де құламайды. Ішкі өзгеріс болған жағдайда зақымдану болуы мүмкін. Бірақ Түркиядағы апаттан қираған үйлер сияқты қирамауы керек еді. Үйлер үйіндіге айналған. Қауіпті аймақтарда жер сілікінісінен сақтанудың бес буынын қатаң сақталуы керек. Сейсмолог мамандарда мынадай сөз бар: «Адамның өмірін жер сілкіну қимайды, талапқа сай салынбаған құрылыс қияды» деген сөз бар. Егер Түркиядағы апат кезінде бес буын жұмысын дұрыс атқарғанда мұндай зардап болмайтын еді», – дейді сейсмолог-ғалым.

Десек те, кешегі болған жер сілкінісі Орта Азия жерінде болды. Осыған байланысты Орта Азиядағы жер сілкіністерінің статистикасын зерттеп көрдік.

1948 жылы Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласында 7,3 балдық зілзала болды. Совет Одағы кезіндегі цензура зілзаладан қанша адамның көз жұмғаны туралы ақпаратты жариялауға рұқсат бермеген. Алайда кейбір ақпарат көздері он мыңдаған адам қаза болуы ықтимал деген қорытындыға келген.

1966 жылы Ташкентте жер сілкінді. Бірақ онда қаза тапқандар саны ауқымды болған жоқ.

2008 жылы Қырғызстанның Нұра ауылында 6,6 балдық сілкініс болып, 70-тен астам адам көз жұмды.

Түркиядағы жан түршігерлік жер сілкінісінен кейін «мұндай табиғи апаттың Қазақстанда да болуы мүмкін бе?» деген ой қазақстандықтарды да мазалай бастады.

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Алматыдағы дабыл жүйелеріне сенетінін, құрылыс стандарттары қатаң орындалып отырғанын мәлімдеді.

«Түркияда құрылыс стандарттары қаншалықты талапқа сай сақталғанын айта алмаймын. Бұл біз үшін беймәлім. Бірақ ХІХ ғасырдың соңындағыдай ірі жер сілкінісі бола қалса, Құдай өзі кешірсін, өз ресурсымызға сенуден басқа амал қалмайды»,- дейді Өзбеков. 

Сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетовтің айтуынша, кез келген табиғи апат міндетті түрде қайталанды. Бірақ қанша уақыттан кейін қайталанады? Мәселе сонда болып отыр. Нақты анықтау мүмкін емес.

«Ғылымда әртүрлі әдістер бар. Ірі, жойқын жер сілкіністері өте сирек болады. Сейсмология деген жас ғылым, 100-120 жыл ғана болған. Ауыр, зардапты жер сілкіністері өте сирек болатындықтан, зерттеу де аз. Жер сілкінісін нақты, дәл анықтап беретін заңдылық жоқ. Қазір көз бояушылықтар көп. Мамандардың өзі де әртүрлі сөздер айтады. Жер сілкінісі 80-200 жыл арасында қайталануы мүмкін деген болжам бар. Әрбір аймақ үшін толық деректер жоқ. 80 мен 120-ны қосып, екіге бөлсең, 140 жыл болады. Орташа есеппен алғанда, 140 жылда бір қайталануы мүмкін. Бірақ нақты ешкім айта алмайды. 7 балдан жоғары апатты жер сілкінісін болжау саласында екі түрлі сатысы бар: бірінші – ғылыми ізденістер, екінші саты – іс жүзінде болжам айту. Ғылыми ізденістер бірнеше ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Өйткені проблема өте күрделі. Неге күрделі? Күрделілігі екі түрлі мәселеге байланысты. Бірінші мәселе – жер сілкіну ошағы көзге көрінбейтін жерде орналасқан, жердің қойнауында, оның тереңдігі – 50 км-ден 700 км-ге дейін барады. Біз ол жерде не болып жатқанын білмейміз. Сол ошағы орналасқан аумақта қандай физикалық, химимялық процестер жүріп жатыр? Оны біз білмейміз. Біз тек қана жердің бетіне арнайы аспаптар қойып, болуы мүмкін алғышарттарды жазып, соны талдаймыз. Оның ішінде бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. 1970 жылдары сейсмологияны Қазақстанда зерттеп бастағанда, алғышарт деген ұғым шықты. Сол алғышарттарын зерттеумен айналыстық. Станция санын көбейттік. Датчиктер қойдық. Қазір 100-ден астам алғышарт бар. Алғышарт бар, жер сілкінісі жоқ. Жер сілкінісі бар, алғышарт жоқ. Нақты айту мүмкін емес. Алғышарт деген көп: әрбір сейсмикалық өрістер, толқындар, электрлік, гравитациялық өрістері, өрістердің параметрлері. Ол алғышарттар күнде өзгеріп жатыр, ол жердің бетіне жақын процесстерге де байланысты. Ал жойқын жер сілкінісінің алғышартын нақты анықтай алмадық. Ол жердің бетіне жетпеуі мүмкін. Жетсе де өте әлсіз болуы мүмкін. Жердің бетінде әртүрлі бөгеттер бар: жүріп жатқан транспорт, қозғалыс осының бәрі датчикке әсер етеді. Сөйтіп көмескілейді. Міне, осы ғылыми ізденістер. Екінші сатыға біз әлі жеткен жоқпыз. Өйткені бірінші болашақ ошақтың аумағында болып жатқан процестерді толық білуіміз керек. Екінші бір мәселе – жердің ішкі құрылысы. Жердің ішкі құрылысын біз жалпылама ғана білеміз. Нақты білмейміз. Тоғыз балдық жер сілкінісі болады екен, мына күні болады екен деген сөздер халық арасында көп тарайды. Бұған сенудің қажеті жоқ»,- деді ол.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда шамамен 12 мың жер сілкінісі тіркеледі.

Қазақстанның ең қауіпті апат аймағы – Алматы қаласы. 1887 жылы Алматыда 7,3 балдық зілзаладан 332 адам көз жұмған екен. 1910 жылы магнитудасы 8,2 балды құраған жер сілкінісінен 44 адам қаза тауып, 800-дей үй қираған.

«Алматы қаласы – сейсмикалық тұрғыда ерекше қала. Ерекшелігі сол территориясында 10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжанған әлемдегі жалғыз қала – Алматы. Екінші ерекшелігі – Алматы қаласы шұңқырда тұр. Шұңқыр дегенде бұл шөгінді тау жыныстарынан толтырылғанына байланысты айтамыз. Кіші Алматы, Үлкен Алматы деген өзендер бар. Сол өзен ағысымен кіші тастар шұңқырға үйіле берген. Ол шұңқырдың кейбір жеріндегі қалыңдығы 3 км-ге дейін барады. Үшінші, қала аймағында тиктоникалық жарылымдар бар. 1983 жылы біз алғаш рет қаланың микроаудандау картасын жасадық. Сол картаның авторларының бірі мен болдым. Қаланың астында төрт жарылым бар деп көрсеттік. Ол кезде қала қазіргіден кішірек еді. Түнгі 2-ден таңғы 6-ға дейін машинаның қозғалысы жоқ болатын. Қазір олай емес. Түнде шықсаң да кептелісте тұрасың. Сол кезде гидрологиялық, гидрофизикалық жағын зерттеу жүргізіп барып, жобаладық. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Түні бойы қозғалыс тоқтамайды. Осы картаны жасағанда өте абай болуы керек. Сол жарылымдардың үстіне үй салынып тастаған. Алда-жалда жарылыс бола қалса, бұл аса қауіпті. Сол жарылымдарда тұрған үйлердің ең бірінші қирау ықтималдығы жоғары. Мұндай үйлер неге салынады? Екі үйдің арасы тым жақын орналасқан Алматыда. 9 балдық жер сілкінісі бола қалса, олардың арасы алшақ болуы керек. Өйткені жедел жәрдем, құтқарушылар келеді. Олар үйінділердің арасына кіре алуы керек. Жобалаушыларға осыны есептеу соншалықты қиын болғаны ма деп ойлаймын. Арасы 10-15 м-ге дейін жақындатып жіберген. Бір-біріне құшақтасып тұр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Қазақта май шаммен қарау керек деген сөз бар. Дәл осы сөз осы жерге арналған. Түркиядағы алапат апат бізге сабақ болуы керек»,- деді Әлқуат Нұрмағамбетов.

Әлеуметтік желілерде сейсмикалық қауіптілігі жоғары Алматы қаласында 5 қабатты артық үй салуға болмайды деген пікір таралып жатыр. Сейсмологтың айтуынша, мұндай стандарт жоқ.

«5 қабатты үйден артық салынуға болмайды деген стандарт жоқ. Дегенмен аса қауіпті аймақтарда 9 қабаттан артық үй салуға болмайды деп айтып келе жатырмын. Бірақ Алматы қаласында 12 қабаттан артық үй салуға болмайды деген ереже бар. Соған қарамастан 40 қабатты мейрамхана бар екенін білемін. Жапон жерінде Токио тағы басқа қалаларында ондай шектеу жоқ. Өйткені оларда технология жақсы дамыған. Ол жерде апат болса, үйлер қирамайды. Тек қана құлап, жамбасына жата қалады. 9-10 балдық жер сілкінісі кезінде беріктігі, төзімділігі жоғары деңгейде емес құрылыс езіліп кетуі мүмкін»,- деді сейсмолог.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: