Алматыда өткен SHARE халықаралық сәулет форумында «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов қалаға трамвайлар қайта оралатынын айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Трамвай Төле би көшесіндегі «Барлық» базарынан бастап жүреді. Сол бұрынғы дәліздің бойымен. Біз оны әуежайға қарай созып, қаланың батысы мен шығысын байланыстырамыз. Бұл – қаланың негізгі көлік дәліздері. Басты мақсатымыз – тұрғындарға қаладағы полицентрлер арасында 20 минутта еркін қатынауына жағдай жасау. Бұл – әлемдік тәжірибе және ақылға қонымды шешім, – деді ол.
Сәдуовтың айтуынша, трамвайларды қайта іске қосу үшін бес жыл жеткілікті.
Айта кетейік, Алматыда рельсті көлік 2015 жылдан бері жүрмейді. Бұған бірнеше ірі апат себеп болды. 21 қыркүйекте Шевченко мен Масанчи көшелерінің қиылысында бір трамвайдың тежегіші істен шығып, 17 көлікті соққан. Оқиға салдарынан бес адам жарақат алған. Араға үш апта салып, Сейфуллин – Мақатаев қиылысында тағы да трамвай 14 автокөлікті соғып, төрт адам зардап шекті. Қаланың сол кездегі әкімі Бауыржан Байбектің шешімімен трамвайлар толықтай тоқтатылған еді.
Бұл мәселеге қатысты қала тұрғындарының пікірі екіге бөлінді: бір бөлігі жаңа вагон сатып алып, рельстерді жөндесе жеткілікті еді деп есептесе, енді бірі трамвайлар кептеліс тудыратындықтан, тоқтағанына қуанған.