Алматыда сот шешімі бойынша заңсыз салынған көлік жуу нысаны сүрілді

22 Тамыз 2023, 08:28 715

Қала құрылысын бақылау басқармасының дерегінше, Шұғыла шағын ауданындағы Жақсыбаев көшесі, 5 мекенжайындағы ғимарат рұқсат құжаттарынсыз салынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басқарма меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп, көлік жуу қызметін көрсеткен нысан техникалық және авторлық қадағалаусыз, белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпеген жобалау-сметалық құжаттамасыз, шаруашылық тәсілмен салынғанын анықтады. Бұған қоса, нысан пайдалануға беру актісінсіз пайдаланылды.

07.07.2022 ж. меншік иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1, 321, 323-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылданды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, - делінген мәліметте.

17.09.2022 жылы басқарма Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотына заңсыз салынып жатқан нысанды бұзу туралы талап арыз жолдады.

11.01.2023 жылы Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, алайда меншік иесі апелляциялық шағым түсірді.

12.04.2023 жылы қалалық соттың қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жақында сот шешімін орындау үшін заңсыз нысан мәжбүрлі түрде бұзылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: